Accessibility links

Бард әнші концерттен түскен қаржыны Жаңаөзенге аудармақ


Бард ақын Жанат Есентаев Жаңаөзен оқиғасы туралы ән айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.
Бард ақын Жанат Есентаев Жаңаөзен оқиғасы туралы ән айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы туралы әндерімен танылған оралдық бард әнші Жанат Есентаевтың зардап шеккен жаңаөзендіктерге арналған қайырымдылық концерті Оралдағы жергілікті газет редакциясының шағын залында ақпанның 24-і күні өтті. Ал концертке аз уақыт қалғанда оны өткізуден бас тартқан мәдениет сарайы жергілікті биліктің рұқсат бермегенін айтса, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мұны жоққа шығарды.


Өткен аптада Жанат Есентаевтың қайырымдылық концертіне түрлі әкімшілік кедергілер жасалып, бұл шараға өтпей қалу қаупі төнген болатын. Бард ақынға Оралдағы «Уральская неделя» газеті көмектесіп, оның концерті осы газеттің тар редакциясында өтті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, редакцияның шағын залында жалпы саны 40-тай орындық болған. Алайда жиналған халықтың саны одан екі еседей көп болып, орын жетпеген көрермендер екі сағатқа созылған концерттік бағдарламаны тұрып тамашалаған. Концертке егде адамдар да, студенттер де, жұмысшы жастар да келген.

Азаттық тілшісі концертте Жанат Есентаев бастан-аяқ өз шығармаларын орындады деп хабарлады. Әнші сәл тыныстау үшін сахна сыртына кеткен кезде жергілікті оппозиция өкілдері, қарапайым көрермендер жұрт алдына шығып, қазіргі билік саясатына, Жаңаөзендегі оқиғаға қатысты сөз сөйлеген.

Концерт алдын ала хабарланғандай тегін өтті. Ұйымдастырушылар концерт соңында Жаңаөзен жұртына қайырымдылық көрсету үшін арнайы қойылған жәшікке барлығы 41250 теңге түскенін жариялады.

Концерт өтіп жатқан кезде редакция ғимаратының айналасын полиция қызметкерлері торуылдап жүргенімен, ешкім кедергі келтірген жоқ. Концерт аяқталып, көрермендер тарап жатқан тұста редакцияға өзін «Орал қалалық прокуратура қызметкерімін» деп таныстырған азамат кірген. Ол ақпанның 25-сі Орал қаласында өткен «Қарсылық күні» акциясының заңға қайшы әрекет екендігін айтып, "Ертеңгі шеруге бармаңыздар" деп, ескерту парақтарын тапсырмақ болған. Бірақ редакция қызметкері Лұқпан Ахмедияров «бұл жекеменшік территория, шығып тұрыңыз» деп, шығарып жіберген.

800-ДЕН 80-ГЕ ДЕЙІН

Азаттық тілшісі хабарласқан газеттің бас редакторы Тамара Еслямова «редакциямыздың залы шағын, бірақ босқа қарап отырған тағы болмайды ғой» деді.
«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова. Алматы, 29 наурыз 2011 жыл.
«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова. Алматы, 29 наурыз 2011 жыл.
Тамара Еслямованың айтуынша, Орал қаласындағы 800 кісі сыятын «Зенит» мәдениет сарайының директоры концертке аз уақыт қалған кезде оны өткізуден аяқ асты бас тартқан.

- Біз мәдениет сарайымен келісімге мөрімізді басып, концерт өткізгеніміз үшін төлейтін қалған ақшамызды алып барған кезде «Зениттің» директоры Ирина Свешникова аяқ астынан өзгеріп «Кешіріңіз, мен концертті өткізе алмаймыз. Облыстық ішкі саясат басқармасы хабарласты, залды тек солардың рұқсатымен ғана бере аламыз» деді, - дейді Тамара Еслямова.

Концерттің қарсаңында "Зенит" мәдениет сарайының концерт өткізу туралы келісімді бұзғанын, олардың сол әрекеттерінің кесірінен концерт өткізуге жұмсалған қаржының бір бөлімі шығынға кеткенін айтқан Еслямова:

- Концерт туралы афишалар шығарылды. Бірақ оларды енді көшеге жапсырмадық. Себебі, редакциямыздың отырған жері тар. Көп болса, 60-80 адам ғана сыяды, - дейді.

Тамара Еслямованың айтуынша, концертке кіру - тегін болған. Залда арнайы жәшік орнатылып, келген адамдар Жаңаөзендегі азаматтарға қаржылай көмек ретінде ақшаларын сонда салған.

«МЕНІҢ ҚАНДАЙ ШАРУАМ БАР»

«Зенит» мәдениет орталығының директоры Ирина Свешникова да бұған дейін талай мәрте бард ақындардың концерттері өткенін, бірақ осы жолы өзіне белгісіз біреулердің (кім екенін айтпады - ред.) концертті өткізбеуге «кеңес» бергенін айтты.

- Сыпайылап айтқанда, маған оның оппозициялық мазмұнда екенін астарлап жеткізді. «Ең дұрысы – қажет емес» деді...Бұған дейін талай мәрте мұндай шаралар өткен. Бұл жолы неге соншалық алаңдап отырғандарын түсінбедім. Демек қандай да бір себебі болған ғой, - деді ол.

Ал Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Серік Бейсембаев «мәдениет орталығына ешқандай нұсқау немесе бұйрық берілмегенін» айтты.

- Бұл - жалған ақпарат. Концерт бола ма, тіпті «пляска» бола берсін - менің қандай шаруам бар. Олардың неге бізден көріп отырғанын білмеймін, - деп жауап берді Азаттық тілшісіне.

Жанат Есентаевтың YouTube-те жарияланған әндерінің бірін мына жерден тыңдаңыз:



Өткен жылы қоғамдық-саяси тақырыпта ән айтатын рэпер Тәкежан да Алматыда Жаңаөзендегі мұнайшыларға арналған қайырымдылық концертін өткізе алмаған болатын.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс болып, полицейлер атқан оқтан 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алған еді.

(Мақаланы жазуға Азаттықтың Оралдағы тілшісі Әбу Нәжімеден көмектесті).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG