«Хакерлік шабуылдарға» көбінесе оппозициялық саясаткерлер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің интернеттегі «парақтары» ұшырады.
ШЕРУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШАБУЫЛ
Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи белгісіз біреулердің Facebook әлеуметтік желісінде оның атынан жалған аккаунт ашып, сенбі күнгі шерудің өтетін жері туралы елді адастыратын ақпараттар таратқанын айтады.
- Халықты шеру өтетін орынға емес, басқа жерге бағыттап жіберу үшін «митинг ескі алаңда сағат төртте өтеді» деп оқырмандарға жалған ақпарат таратқан, - дейді Ермұрат Бапи.
«Қарсылық күні» қарсаңында қоғамдық белсенді Зәуреш Батталова мен блогшы Әділ Нұрмақовтың да Facebook-тағы аккаунттары бұзылып, белгісіз біреулер олардың атынан шеру туралы жалған ақпараттар таратқан. Бұған қоса, аталған әлеуметтік желіде «қарсылық күні» тобының жалған нұсқасы да пайда болып, топ мүшелері оқырмандарды сақ болуға шақырды.
Өткен аптада журналист, белсенді интернет-қолданушы Ирина Медникова әлеуметтік желідегі парақшасына «Сақ болыңыздар! Facebook-ті ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) жайлап барады. Олар бұл топқа шамамен 500 адамды шақырып, Әділ мен Ермұрат Бапидің атынан ақпараттар мен үнпарақтар мәтінін тарата бастаған. Бақытжан Төреғожина хабарлағандай Ермұрат Facebook-та көп отырмайды. Ал Әділ мұндай топ құрмағанын айтып отыр. Мен осыны сол топтың ішіне жазып едім – жоқ болып кетті» деп жазды.
Бұл ақпаратты блогшы Әділ Нұрмақов та растап, туындаған «қолайсыздықтар үшін» көпшіліктен Facebook арқылы кешірім сұрады.
Бұған дейін «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина да аталған әлеуметтік желідегі парақшасының хакерлік шабуылға ұрығананына шағымданып, өзі құрған виртуалды қауымдастықтың жойылып кеткенін хабарлап еді.
Оппозиция өкілдері «мұндай «хакерлік әркеттер» - биліктің қитұрқы амалдары және бұл - жаңа тәсіл емес» дейді. Ермұрат Бәпидің айтуынша, «Кезінде, шамамен 2002-2003 жылдары «Республика», «Эпоха» газеттерінің жасанды нұсқасы, яғни, «дубликаттары» болған. Оларда ДВК-ны қаралайтын мақалалар жарияланған. «Дат» газетін де басқа бірлеулердің шығарған жағдайлары болған».
Ермұрат Бапи оппозиция өкілдеріне қарсы хакерлік шабуылдар "ҰҚК тарапынан шығып жатыр" деп ойлайды.
- Оның бәрі, мынау ішкі саясат технологиясының бәрі - қазір ҰҚК-нің ішіндегі арнаулы бір бөлім немесе арнайы басқарма ашылған ба - жаңа технологияларды пайдалану арқылы халықтың арасына іріткі салу, ақпаратпен алдау, жалған ақпарат тарату, - дейді ол.
«БИЛІК САЙТТАРЫНА ДА ШАБУЫЛ КҮШЕЙДІ»
Ал мәжіліс депутаты, белсенді интернет-қолданушы Мұрат Әбенов оппозиция өкілдерінің ойымен келіспейді.
Ол Азаттық тілшісіне оппозиция өкілдерінің атынан «фейк-аккаунттар» таратқан «жалған ақпараттарды» көрмегенін, одан гөрі соған шағымданған оппозициялық саясаткерлердің «айғай-шуы» басым болғанын айтты.
Мұрат Әбенов мұндай «хакерлік амалдардың» артында қандай да бір саяси күштер тұрғанына күмән келтіреді. Оның ойынша, «бұл оппозицияны арандату үшін жасалуы мүмкін немесе қарапайым бұзақылық болуы ықтимал».
Ол кезектен тыс өткен парламент сайлауының қарсаңында өзінің де Facebook-тағы аккаунтына кіре алмай, паролін әрең қалпына келтіргенін айтады.
- Қазір мемлекеттік органдардың сайттарына қарсы әрекеттер жасалып жатыр. Өткенде «Нұр Отан» партиясының сайтына «сайтты бұзамыз» деген ақпарат келді. Сонан кейін мемлекеттік зияткерлік меншік комитетінің сайтын хакерлердің бұзып кіргені белгілі. Оны да енді оппозицияның әрекеті деп айта алмаймыз ғой. Біреу арандату мақсатында жасайды. Біреу бұзық оймен жасайды деп ойлаймын, - дейді Мұрат Әбенов.
Оның пікірінше, мемлекет мұндай «ұсақ түйек» әрекеттерге бармайды. Қазақстанда wordpress.com, Livejournal-дың т.б блог-тұғырлардың сот шешімімен жабылғанын айтқан саясаткер «егер мемлекет жасаса, оны ашық жасайды. Оған заң да, мүмкіншіліктер де бар» деп қосып қойды.
«АЗ КҮШ ЖҰМСАЛМАҒАН»
Ал интернет саласы мамандарының айтуынша, mail.ru, odnoklassniki.ru сияқты ресейлік желілерден гөрі Facebook аккаунттары жақсы қорғалады. Сондықтан кім де болса бұл аккаунттарды бұзу үшін аз күш жұмсамаған.
- Негізі хакерлік қызметтің құны жұмыстың қиындығына байланысты. Өз басым ондай нәрселерді істеп көрген жоқпын. Бірақ бір ретте mail.ru-дағы жәшігімді өзім бұзып көрдім. Аса қиын емес. Тіпті интернетте «жәшіктерді» қалай бұзуды үйрететін арнайы бағдарламалар бар. Егер нысанаға алған адамың туралы көп ақпарат білетін болсаң, оның жәшігін бұзу қиын емес, - дейді программист Рымбек Ізғали.
БИЛІКТІҢ НАЗАРЫ ИНТЕРНЕТКЕ АУДЫ
Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев «қоғамдағы интернеттің рөлі мен ықпалын билік түсініп отыр» дейді. Оның ойынша, «билік бұл сегментті тұтас бақылай алмайтынын білгеннен кейін осындай амал-тәсілдерді қолданып отыр».
- Бұл - кең тараған шабуыл. Бұл - біртіндеп интернетке көшіп бара жатқан ақпарат соғысының бір бөлігі. Бұл соғысқа Қазақстанның күштік құрылымдарының өкілдері де белсене қатысады. Қазір билік виртуалды әлемге назар аударды, - дейді Досым Сәтбаев.
Азаттық тілшісі саясаттанушыдан «егер бұның барлығын биліктің жасап отырғаны рас болса, бұл әдісті қаншалықты әділ деп атауға келеді? Сонда биліктің оппозициямен шынайы бәсекелесуге шамасы келмегені ме?» деп сұрады. Досым Сәтбаевтың ойынша, «әдетте тактика саласына қатысты барлық нәрселердің моральдық-этикалық нормаларға тікелей қатысы жоқ».
- Ал біздегі көптеген элита өкілдерінің қандай амал болмасын мақсатқа қарай қолдана беретінін ескерсек, интернетте оппозицияның ықпалын жою үшін олар кез-келген айлаға баруға дайын. Сыпайылап айтанда, «әділ емес» тәсілдерді қолданудан бас тартпайды, - дейді Досым Сәтбаев.
Саясаттанушының ойынша, қазір билік ақпарат соғысында оппозициядан жеңіліп жатыр.
- Мұны олар жақсы түсіне бастады деп ойлаймын. Ал балансты сақтау үшін қоғамдық пікірдің «көшбасшысы» деп саналатын азаматтардың атынан жалған ақпарат таратып, оларға көптің сенімін азайтуға тырысып отыр. Бұған қоса, ресми саясатқа қайшы кез-келген пікір немесе мәлімдеменің күшін бір сәтте жоятын трольдер, жалған оппозиционерлер мен жалған сарапшылардан, тағы басқалардан жасақталған «кішігірім армия» құрылатынын да жоққа шығармаймын, - деді Досым Сәтбаев.
Сәтбаевтың пікірінше, ақпарат соғысында оппозицияның салмағы «артық». Өйткені, интернет-аудитория оларды көп «тыңдайды».
- Әзірге, интернетте анонимділіктің сақталуы мен әр түрлі оқырманның болуы - онда жақтастар тауып, азды-кем еркін ойлап, пікір айтуға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда интернет – оппозициялық идеялардың таралуына қолайлы құрал. Яғни, онда революционерлер немесе сөз бостандығын жақтайтын адамдар саны дәстүрлі медиаға қарағанда әлдеқайда көп. Сондықтан телеарна, радио, газеттегі ақпараттарға көңілі толмаған адамдар интернетке баяғыдан-ақ «келіп алған», - дейді Досым Сәтбаев.