Accessibility links

Гүлжан Ерғалиева «DDOS-шабуыл тапсырыспен жасалды» деп ойлайды


Guljan.org сайтының бас редакторы және құрылтайшысы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.
Guljan.org сайтының бас редакторы және құрылтайшысы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.

Ол мұны интернет-ресурста шыққан мақалалармен байланыстырады. Қазақстан мамандары «қолдан келер дәрмен жоқ» деп дағдарып отыр.


Ашылғанына екі айға да толмаған Guljan.org сайты DDOS-шабуылға ұшырады. Сайттың негізін қалаушы журналист Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, виртуальды шабуыл өткен аптаның сенбі күнінен басталған.

«DDOS-шабуыл деген – басты компьютердің өзіне түскен салмақты көтере алмай, істемей қалуы үшін сайтқа бір мезгілде әртүрлі және күрделі сұраныстардың сансыз көп жіберілуі. Дәл осындай жағдайда сайт әлі күнге дейін істемей тұр» деп жазады Гүлжан Ерғалиева осы аптаның аяғында таратқан мәлімдемесінде.

«ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІҢ ҚАЛТАСЫ ҚАЛЫҢ»

Оппозициялық журналист бұл шабуылды сайтта жарық көрген мақалалармен байланыстырып отыр.

Оның айтуынша, сайт ашылғаннан бері онда Қазақстан билігінің түрлі эшелонындағы шенеуніктер мен мемлекеттік органдарды сынайтын мақалалар («Нұрбанк ісі», қаржы полициясының жемқорлық әрекеттері, т.б) үздіксіз жарық көріп келеді.

«Сондықтан бұл кез-келген адам немесе ұйым болуы мүмкін» деген Гүлжан Ерғалиева олардың аттарын атап, түстерін түстей алмайды. Бірақ ол тапсырыс берушінің «қалтасы қалың» екендігіне сенімді.

– Мұндай қызметтің (DDOS-шабуылдың – Азаттық) құны сағатына кемінде 500 доллар тұрады деседі. Айталық, сайтқа бірнеше сағаттың ішінде 10 мың сұранысты 10 хакер жібере алады және оны күнделікті толықтырып отырады. Демек, тапсырыс беруші – ауқатты адам не ұйымдар, – деп жазады Гүлжан Ерғалиева мәлімдемесінде.

Жұма күні Азаттық тілшісімен тілдескен Гүлжан Ерғалиева елдегі басты провайдер «Қазақтелекомға» жазбаша сауал жолдағанын, әзірше еш жауап жоқ екенін айтты. Ол алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін шетелден сенімді әріптес іздеп отырғанын да қоса кетті.

Бұл туралы жұма күні Қазақстанның байланыс және ақпарат министрлігіне хабарласқан кезде жазбаша сауал жіберуімізді өтінді. «Қазақтелеком» компаниясынан да еш жауап ала алмадық.

ВИРТУАЛЬДЫ «ТЕРРОРИЗМ»

«DDOS-шабуылға терроризмге төтеп бергендей күресу керек» дейді Zona.kz интернет-басылымының бас редакторы Юрий Мизинов. Оның
Zona.kz интернет-басылымының бас редакторы Юрий Мизинов. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.

пікірінше, Қазақстанда тұрып, шабуылға тапсырыс берушіні табу мүмкін емес – тек халықаралық деңгейдегі тергеу ғана шабуылдың себептерін анықтай алады.

– DDOS-шабуылдың қайдан шыққанын білу үшін халықаралық деңгейдегі негізгі провайдерлерді іске тарту керек. Ірі провайдерлер торабын қолданып, тергеу жүргізу арқылы ғана анықтауға болады. Ал тапсырыс берушіні анықтау – одан да қиын. Мұнда отырып анықтау мүмкін емес, – дейді Юрий Мизинов.

«Свобода слова» газетінің бұрынғы бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның Guljan.org сайты маусымның 6-сынан бастап ақпарат тарата бастаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG