Accessibility links

Игорь Винявскийдің ісі


«Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.
«Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.

«Взгляд» оппозициялық газетінің бас редакторы Игорь Винявский Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі оппозиция жетекшілеріне қарсы қуғындау науқаны кезінде тұтқындалды. Оның өмір жолына қарасаңыз, қарапайым тілшіден бастап, бас редактор қызметіне дейін істеген, қаладан қалаға көшкен, бірақ баспасөз саласындағы қызметінде оппозициялық бағытынан айнымаған журналисті көресіз.


Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев тұтқындалған «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявскийге тезірек босап шығуды тіледі. Винявскийдің абақтыға алғаш рет түскенін, оған адамгершілікпен және кешіріммен қарауға болатынын айтты.

Ертісбаев «Винявский үшін тұтқындалып, қамауда біраз отыруының өзі үлкен жаза» деп, «бұдан соң ол мақалаларын әділ әрі шынайы жазуы тиіс» деген кеңес айтты. Ақпанның аяғында «Литер» газетіне берген сұқбатында Ертісбаев Винявскийді «қазақстандық сот қана емес, ресейлік, тіпті қазір британдық сот ізіне түскен мемлекеттік қылмыскер Мұхтар Әблязовтың жалдамалы қызметшісі» деп атаған болатын.

Кейбір адамдардың пікірі бойынша, «Взгляд» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жауласып кеткен саяси эмигрант-бизнесмен Мұхтар Әблязовтың ақшасына шығады.

ИГОРЬ ВИНЯВСКИЙДІ ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ

Әзірше Игорь Винявский Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеу абақтысында отыр. Алматыда Игорь Винявскийді қорғау жөніндегі комитет бастаған наразылық акциялары тұрақты түрде өтіп келе жатыр. Комитет мүшелерінің айтуынша, қоғам белсенділерінің «Взгляд» редакторын босату үшін бірігіп күресулері керек, бұл тек оны ғана емес, билікпен күрескен кез келген белсендіні қорғау үшін де керек.
Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.

Винявскийді қорғау әрекеттері халықаралық дәрежеде де қолға алынды. Киевте украиналық журналистер «Игорь Винявскийдің азаттығы үшін» деген комитет құрылғаны туралы мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен шығармашылық адамдар Игорь Винявскийдің босатылуын күн сайын талап етіп келеді. Украиналық журналистер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Винявский ісіне назар аударуын сұрап, өтініш жолдады. Олар Винявскийдің тұтқындалуы биліктің саяси имиджіне кері әсер етеді деп есептейді.

Журналистер құқын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдар да Винявскийді қолдап пікір білдірді.

ИНЖЕНЕРДЕН ЖУРНАЛИСТКЕ АЙНАЛҒАН ВИНЯВСКИЙ

Игорь Винявскийдің негізгі мамандығы - «автоматтандырылған басқару жүйелерінің инженері». Алайда 1998 жылы ол журналистикаға бет бұрды. Семейдегі «ТВК-6» телеарнасына жұмысқа тұрды. Осы жылы Павлодар университетінің журналистика мамандығына оқуға түсіп, бес жылдан соң қолына диплом алды.

Игорь Винявский 1999 жылы «Иртыш Times» газетінің редакторы болды. Жергілікті бизнесмендер белшесінен борышқа батқан коммунистік «Иртыш» облыстық газетіне қайта жан бітіруге талпынған еді. Бірақ, олардың бұл әрекеттері сәтсіз болды. Кейін Винявский Павлодардағы «Ирбис» телерадиокомпаниясының бас менеджері қызметіне шақырылды. Көп ұзамай бұл жұмысты да тастап кетуге тура келді. Өйткені, бұл телеарнаның қызметі сот шешімімен тоқтатылды. Себебі - Винявский жұмысқа келмей тұрып, телеарна басшылығы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын қолдап шыққан болатын.

Сот телеарна көрсеткен фильмдерде «порнографиялық элементтер бар» деген сараптама жасап, 2002 жылы бұл телеарна хабар таратпайтын болды. Бұдан бөлек,
Игорь Винявскийді қорғау комитетінің өкілі Жанна Байтелова ҰҚК тергеу абақтысының алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.
Игорь Винявскийді қорғау комитетінің өкілі Жанна Байтелова ҰҚК тергеу абақтысының алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.
телерадиокомпанияға қазақ тілінде хабар таратудың 50 пайыздық нормасын сақтамаған деген де айып тағылды.

2002 жылы «Ирбиске» салық мекемелері, әскери және мемлекеттік органдар тыным бермеді. Телекомпаниямен мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорындар мен мәжіліс депутаттары соттасты. Айтпақшы, депутаттар «абыройлары мен қадір-қасиеттерін қорлағаны үшін» телеарнадан 17 миллион теңге моральдық шығын талап етті.

Осылайша, 2002 жылы тамызда «Ирбис» телеарнасы толық жабылды.

Бірақ Винявскийдің журналистік қызметіндегі соттасулар мұнымен бітпеген екен. «Вести Павлодара» газетінің басшылығына келген ол ҚДТ лидерлерінің бірі - Ғалымжан Жақияновтың сот процестері туралы мақалалар жариялады. Бұл газет те «Ирбис» телеарнасының басынан өткен қиындыққа тап болып, қызметін тоқтататынын, мүлде жабылатынын мәлімдеді.

Бұл істер Павлодар облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов пен кейіннен оның орнына келген Ғалымжан Жақиянов арасындағы есеп айырысу сияқты болды. Жақиянов сотталып, үш жылдан астам түрмеде отырды. Даниал Ахметов осы тұста қала билігіне қайта келіп, «Вести Павлодара» газетін жауып тастады.

2007 жылы Игорь Винявский «Взгляд» оппозициялық газетіне бас редактор болды. Оның жеке өзін қуғындау осы кезден басталды.

ҚЫРСЫҚТЫ ҮНПАРАҚ

Игорь Винявский 2012 жылы қаңтардың 23-інде тұтқындалды. Журналиске билікті күшпен құлатуға шақырды деген айып тағылды. Бар әңгіме бір ғана үнпараққа тіреліп отыр. Ол ұнпарақтан ҰҚК жұртты Назарбаевтың билігін кұшпен құлатуға шақырудың белгілерін тапқан. Винявскийге телінген қылмыстық бапқа сай, оған жеті жылға дейін сотталып кету қаупі төніп тұр. Қазір ол ҰҚК тергеу абақтасында отыр.

ҰҚК қызметкерлері журналисті тұтқындаған күні ол басқаратын «Взгляд» газетінің Алматыдағы кеңсесінде тінту жасап, ноутбук пен принтерді тәркілеген. ҰҚК болжамы бойынша, Назарбаевтың билігін құлатуға шақыратын үнпарақты Винявский сол принтерлерден басып шығарған.

Азаматтық белсенділер Алматыдағы ҰҚК тергеу абақтысының қасында Игорь Винявскийге келіп тұр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
Азаматтық белсенділер Алматыдағы ҰҚК тергеу абақтысының қасында Игорь Винявскийге келіп тұр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
ҰҚК-нің Алматы қалалық департаменті «Игорь Винявский ұйымдасқан топ құрып, өкiметтi күштеп басып алуға, күшпен ұстап тұруға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге жария түрде шақыратын мәтіні бар үнпарақтар таратумен айналысты» деген қаулы шығарды.

Тұспал бойынша осы үнпарақтарды жасаумен айналысқан адам - Винявский. Әңгіме болып отырған үнпарақтар екі жыл бұрын «Мазда» автокөлігінің жүксалғышынан табылған-мыс. Үнпарақтарда мынадай мәтін жазылған: «Қырғызстан баукеспе Бакиевтер әулетінен құтылды. Төзіп жүре бергеніміз жетер, қоқысқа апарып тастайық». Мұндағы соңғы сөйлемнің тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуреті бар.

2012 жылы қаңтардың 30-ы Винявскийдің әріптестері - Оксана Макушина, заңгер Сергей Уткин мен Игорьдің әйелі Лана Винявская баспасөз мәслихатын берді. Олар сол жолы журналистерге үнпарақтың көшірмесін көрсетті.

Ал құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер Игорь Винявскийдің тұтқындалуын Жаңаөзен оқиғасымен байланыстырады. Билік бір топ оппозиция қайраткерлерін 2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысында болған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыптап отыр. Жаңаөзен оқиғасы кезінде кем дегенде 17 адам қаза тауып, жүзден аса ереуілші жараланды. Жалақыны көтеруді талап еткен бірнеше мың мұнайшының 7 айға созылған ереуілінің ақыры осылай қантөгіспен ақталды. Оппозиция билікті халыққа қарсы оқ атты деп кінәлады.

Өткен аптада ғана түрмеден босап, 6 жылдық абақты кесімі 3 жылдық шартты жазаға ауыстырылған «Қаражанбасмұнай» компаниясы кәсіподағының заңгері Наталья Соколоваға тағылған «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып енді оппозиция қайраткерлеріне тағылып отыр.

Жаңаөзендегі оқиғалармен байланысты, соңғы деректер бойынша, кем дегенде 52 адам айыпталып, ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Олардың арасында Алматыда тұратын оппозиция өкілдері - қамауға алынған Владимир Козлов, Айжангүл Әмірова мен Серік Сапарғали, Жаңаөзен мұнайшыларының лидерлері Ақжанат Аминов пен Естай Карашаев бар. Алматыда тұратын оппозиция белсенділері Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдан ешқайда шықпау туралы қолхат алынған. Өткен аптада театр режиссері Болат Атабаевтың банкідегі есепшотына тыйым салынғаны да мәлім болды.

ҮЙ ШАРУАСЫНА БЕРІЛГЕН АДАМ

Игорь Винявский қарапайым да мәдениетті әулеттен шыққан. Оның әке-шешесі Семейде тұрады. Әкесі геолог. Игорьдің үлкен атасы дін қызметшісі болған, бірақ 1930-жылдардың соңында атылып кеткен. Әжесі семейлік гимназияның директоры болып істеген. Игорь кішкентайынан ертегілер мен комикстер шығаруға әуес болыпты. Игорьдің әйелі Лана - «нағыз гуманитарий».
Игорь Винявскийдің әйелі Лана Винявская. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
Игорь Винявскийдің әйелі Лана Винявская. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

Игорь Винявский Ланамен 1994 жылы техникалық университеттің бірінші курсында оқып жүргенде танысқан екен. Игорь ол кезде 18 жаста болыпты. Екеуі үш жылдан соң үйленген. Лананың сөзіне қарағанда, Игорь ұқыпты да жауапты, тек үйдің, бала-шағаның қамын ойлайтын адам: бақша күткенді, жеміс-жидек пен көкөніс өсіруді жақсы көреді. Әке-шешесі оны жастайынан шаруаға тиянақты болуға баулыған: қыста қар тазалайды, монша жаққанды ұнатады, жазда картоп егеді. Лана күйеуін «совет дәуірінің перзенті» деп атайды. Оның жеке топтамасында СССР заманының бірталай фильмдері бар. 9 Мамыр - жеңіс күні Игорь ылғи да соғыс фильмдерін көреді.

Винявскийдің жұбайы Лана екі баламен жалғыз өмір сүріп жатқанына шағынып:

- Екі қызымыз бар, Ольга мен София. Ольга 11 жаста, Соня қыркүйекте беске толады. Игорь журналистік жұмысының қауіпті екенін біліп, 2010 жылдан бастап Ольгаға мектепке жалғыз баруға тыйым салды. 5-сыныптан бастап Ольганы жүргізуші мектепке апарып-әкеліп тұрады. Айтпақшы, Оля жақсы оқиды, өйткені ол әкесіне тартқан. Ал София бала бақшаға барады. Бес жасар балапан қазір әкесін қатты сағынып жүр. «Әкем қайда, қашан келеді?» деп ұдайы сұрап тұрады. Кейде не айтарымды білмей қаламын? - деді.

Тергеу абақтысында жатып Игорь өлең жаза бастады. Өлеңдерін ол түрмедегі кездесулері кезінде Ланаға оқып береді. Лана бұрындары Игорьдің поэзияға деген ынтасын байқамағанын, оның ақындық дарыны қиын-қыстау жағдайда, түрмеде ашылғанын айтады. Игорь Винявскийдің темір тордың ар жағында жатып жазған өлеңдерінде оның басындағы қазіргі жағдайдан сыр беретін жолдар көп:

«В тишине рассвет крадется,
Солнца еще нет.
Наша лампа светит тускло
Десять тысяч лет.

Все смешалось - полдень, полночь...
Где закат? Рассвет?
Наша лампа светит тускло
Десять тысяч лет.

Наш “загон” - два на четыре,
Грязно-серый цвет.
Наша лампа светит тускло
Десять тысяч лет.

Час за часом липко каплет.
Раз, два, три - обед.
В коридоре ходит “Вася”
Десять тысяч лет».
XS
SM
MD
LG