Өкіл Жаңаөзен ісі бойынша 37 адамға қылмыстық айып тағылып отырғанын, олардан өзге, сотқа 100-ден астам жәбірленуші, 45 куә, алты мемлекеттік айыптаушы мен 12 қорғаушы қатысатынын айтты.
Жоғарғы сот өкілі Оксана Петерс сот отырысының Ақтаудағы "Арман" орталығында өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, бұл орталықтың залы үлкен, ашық өтетін сот процесіне көп адамның қатысуына ыңғайлы.
- Соттың ашық, жария әрі шынайы түрде өтуін қамтамасыз ету үшін қосымша жағдайлар жасалды. Бұған қоса сот процесіне айыпталушылар мен жәбірленушілердің туыстары, құқық қорғаушылар мен басқа да ұйым өкілдері қатысып, бақылау жасауы үшін қосымша орындар дайындалды, - деді жоғарғы соттың өкілі.
Оксана Петерстің айтуынша, Ақтаудан журналистерге арналған баспасөз орталығы ашылады. Ал сот отырыстары аяқталған кезде Маңғыстау облыстық сотының өкілі сот қорытындысына қатысты түсінік беріп отырады.
- Айыпталушыларға зорлық-зомбылықтар жасады, мүліктерді, нысандарды қиратып, өртеді, билік өкілдеріне күш қолдануға әкеп соқтырған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылып отыр, - деді Оксана Петерс.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің ақпары бойынша, айыпталған 30 адам қамауда отыр. Қалған жетеуінен ешқайда шықпау туралы қолхат алынған. Жәбірленушілердің қатарында Жаңаөзен қаласының жекелеген тұрғындары, дүние-мүлкі, көлігі, мейрамханасы, дүкендері мен кеңселері қираған бірқатар кәсіпкерлер бар.
Жоғарғы сот өкілі брифингте Азаттық тілшісі қойған "Айыпталушылардың арасында Жаңаөзен тұрғындарына оқ атқан полицейлер бар ма?" деген жалғыз сұраққа жауап бермей кетті.
Жоғарғы сот өкілі Оксана Петерстің брифингтегі сөзін мына жерден тыңдай аласыздар: