Қазақстандықтар наурыз мерекесін осы айдың 22-сі күтсе, Батыс аймақтарда бұл мереке бір апта бұрын келеді.
ЖАҢАӨЗЕНДІК 20 АДАМ АБАҚТЫДАҒЫ ТУЫСТАРЫМЕН «КӨРІСТІ»
Күйеуі қамауда отырған Тамара Ерғазева наурыздың 14-і күні 20 шақты жаңаөзендік тұрғынға түрмедегі туғандарымен қауышуға рұқсат бергенін хабарлады.
- Бұл рұқсатты бізге сот беріп отыр. Бірақ оның бүгінгі басталған Ұлыстың күніне қатысы бар ма, жоқ па білмедім. Рұқсат алғандардың жартысы таңертең кірсе, қалғандары түстен кейін түрме төңірегінде топтасып тұрмыз,-деді ол.
Тамара Ерғазева 52 адам қол қойған, соттың Жаңаөзенде өтуін талап еткен арыздарына соттың Ақтауда өтетіні айтылған жауап алғандарын айтады. Олар кеше, наурыздың 13-і бұл арыздың бір данасын бас прокуратура өкілі Оразалы Әбдірамановқа, бір данасын Жаңаөзен қалалық сотына тапсырған болатын.
- Сот 27 наурызда Ақтау қалалық сотында таңертеңгі сағат 10-да басталады. Қамаудағылардың бәріне тағылғаны - «жаппай тәртіпсіздік жасады» деген бір айып,- деді Тамара Ерғазева.
Мұнайшының жұбайы жаңөзендіктердің наурыздың 24-і Жаңаөзен оқиғасына 100 күн толуына орай шеруге шықпайтындарын да ескерте кетті.
- Шынымызды айтсам, ешқандай өтініш беруге талпынған жоқпыз. Жаңаөзен әкімімен кездескенімізде маған «апа қайтесің, адамы өлгендер де ондай арыз жазып отырған жоқ қой. Егер олар жазса, жиылып дұға оқыту үшін рұқсат берер едім. Текке сотталып кетесіз ғой» деген ескерту айтты, - деді Тамара Ерғазева.
Оның айтуынша, Жаңаөзенде билікке талап қойғандарға қатысты қуғын-сүргін тоқтамай отыр. «Арыз жазғандар да қамалады» деген соң белсенділік танытқандар өзара бас қосып, «қоялық» деген тоқтамға келдік деді ол.
- Әрі өзіміз қазір үлкен күйзелісте жүрміз. Енді тағы алаңға шығып, тағы талап қоюға әліміз де қалмады,- деді Тамара Ерғазева Азаттық тілшісіне.
«САЛТЫ МЕН КӨРКІНЕН АЙРЫЛҒАН МЕРЕКЕ»
Азаттық тілшісіне сұхбат берген жаңаөзендік тұрғындардың бірі Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігі қарсаңына келген наурыз әдепкі «салты мен мерекелік көркінен айырылғандай» деп, Жаңаөзендегі биылғы Амалға дайындық жылдағыдай емес дегенді айтты. Ал Тамара Ерғазева:
- Мәселен, менің көрісуге мүмкіндігім де жоқ. Тек енем матасын әзірлеп, нанын ашытып жатыр. Ал мен тұтқындағы күйеуімнің сотын күтіп жүрмін,- деді.
Оның «мата алмасу» деп отырғаны - тек осы аймақта сақталып қалған қазақы ырымдардың бірі.
- Көрісуге келгендер бір-біріне жаңа мата сыйлайды. Онысы «жаңа жылға жаңа көйлек киіп, жаңа көңілмен аяқ басайық» дегені,- деп түсіндірді бұл жоралғыны мұнайшы Күнсұлу Әйтімова.
Күнсұлудың айтуынша наурыздың 14-і Жаңаөзендегі автобекетте наурыз көже таратылған.
- Жалпы қаладағы Наурыз лебі жылдағыдан бәсең. Тек көшелерді сыпырған тазалау жұмыстарынан өңге әлем-жәлем бейнелеу, арқа-жарқа қуаныш жоқ, - деді ол.
Наурыздың 14-інен бастап Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал облысында тұратын қазақтар бір-бірінің үйін аралап, «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жастан жасқа жете берейік!» десіп қол алысып, төс қағысып жатады. Бұл күні дастархан жайылып, наурыз көже дайындалады. Ренжісіп қалған адамдар болса, бір-бірінен кешірім сұрасады.
Маңғыстаулықтар бұл күнді «Амал» деп те атайды. Әсіресе жасы кішілер үлкендерге барып көрісіп, батасын алып қайтады. Жасы үлкендері күні кеше көрсе де, бұл күні көріспегендерге «менімен көріспедің ғой келіп» деп өкпе-наз да білдіріп жатады.