БҰҰ Сирия президенті Башар әл-Асадқа қарсы шыққан азаматтарды басу кезінде «адамзатқа қарсы зұлымдық жасады» деп айыпталған адамдардың тізімін дайындады деп жазады Reuters агенттігі.
«ҚАРА ТІЗІМ»
БҰҰ-ның Сириядағы бүлікке қатысты баяндамасында үкімет күштерінің кең көлемде және жүйелі түрде жазалау шараларын қолданғаны айтылған. Сонымен қатар оппозиция мүшелерінің адамдарды қорлағаны жайлы фактілер де тіркелген.
Сирия ісі бойынша құрылған комиссия айыптыларды келешекте халықаралық сотқа немесе Сирияның өз сотына тарту үшін «адам өлтіру», «қылмысқа тапсырыс беру», «адамды қинау» сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген Сирияның лауазымды басшыларының құпия тізімін БҰҰ-ға тапсырды.
Бірақ мақала авторы Халықаралық қылмыстық соттың Сирияға байланысты үкім шығаруы неғайбыл деген күдігін де айтады. Себебі Сирия Халықаралық қылмыстық соттың «Рим статуты» деп аталатын келісіміне қол қоймаған.
– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шешім шығарып берсе, біз Сирияны тексеруге тиіспіз және солай істейміз. Біздің оған күшіміз жетеді, – дейді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Льюс Морено-Окампо.
Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл мәселеге келгенде тұйыққа тіреліп тұр.
Мақала авторы «Сирияны сотқа тартуға Мәскеу мен Бейжің кедергі жасап отыр» деп, ол пікіріне дәлел ретінде Льюс Морено-Окампоның:
– Қытай мен Ресей келіспей отырғандықтан кінәлі адамдарды сотқа тарту қиын. Зардап шеккендер бізге шағымданатын болса, айыптылардың үстінен іс қозғауға мүмкіндік туады, – деген сөзін келтірген.
Мәскеу мен Бейжің БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің әуелгі қарарына вето қойып, сырттан әскер кіргізбей, Башар әл-Асад режимін қорғап қалған еді.
Бірақ 21 наурызда бұл екі ел де Сириядағы қантөгісті тоқтату туралы БҰҰ мен Араб елдері лигасының арнайы өкілі Кофи Аннанның талабын қолдаған Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін жақтады.
Басылымның жазуынша, «Халықаралық қылмыстық соттың қолында Сириядағы қылмыстарға қатысты айғақ құжаттар жеткілікті». Бірақ комиссия мүшелері «оның бәрі тергеу істері басталып, жылжитын болса ғана жарияланады» деп, артық ақпарат бермей отыр.
«ТҮСІНІКСІЗ СОТ»
Мақала авторы Гаагада орналасқан Халықаралық қылмыстық соттың соңғы 10 жылда жүргізген, соғыс кезіндегі қылмыстарға қатысты тергеу-тексерулеріне шолу жасай келе, «осы ұйымның да түсініксіз істері бар» деп жазады.
«Адамзатқа қарсы геноцид ұйымдастырды» деп айыпталған Судан президенті Омар Хасан әл-Башир әлі күнге емін-еркін саяхаттап жүр.
Халықаралық қылмыстық сот Конго демократиялық республикасының әскери диктаторы Томас Лубанганы әскери қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартты. Бірақ «адамзатқа қарсы геноцид ұйымдастырды» деп айыпталған Судан президенті Омар Хасан әл-Башир әлі күнге дейін емін-еркін саяхаттап жүр.
«Ливиядағы төңкерістен соң да қан төккені үшін қай тараптың қылмыскер ретінде Гаагадағы сотқа тартылатыны да әлі анық емес» дейді мақала авторы.
«ӨЗДЕРІ ШАҒЫМДАНСЫН»
Reuters агенттігі Сириядағы қылмыстық істі қалай тексеріп, қалай қозғау керегі жайлы бірнеше пікір білдірген.
Заңгерлердің айтуынша, Сирия ісі бойынша тергеу жүргізуге сәл ғана мүмкіндік бар. Зардап шеккен адамдар жауапты тұоғалардың қарапайым азаматтарға қарсы шабуыл ұйымдастырғанына, оларды қинағанына дәлел келтіріп, халықаралық сотқа өздері шағымдануы керек.
Автордың ойынша, жергілікті халық әлемдік ұйымдарға өздері арызданбаса, сырттан араласып, іс қозғау мүмкін емес.
Сирия ісі бойынша құрылған комиссия қылмысқа күмәнді деп тапқан адамдардың арасында Башар әл-Асадтың жақын әріптестері, «Баас» партиясының лауазымды басшылары, армия мен қорғаныс күштерінің үлкен қызметкерлері бар.
Халықаралық қылмыстық сот «Сириядағы үкіметтік күштерге қатысты айғақтардың қолда тұрғанын» айтып, «болашақта оларға қатысты Рим статутына сәйкес қандай да бір іс қозғалып, тергеу ісі басталса, ол айғақтардың түгелдей пайдаға асатынын» мәлімдеді.
«ЖАЗАЛАУШЫ ЭЛИТА»
Reuters агенттігінің жазуынша, Сириядағы әскери қылмыстарды үкімет адамдары мемлекеттік деңгейде ұйымдастырып, жоспарлы түрде жасаған.
Әскери операцияларға билікке тікелей бағынышты қауіпсіздік құрылымының барлық саласы белсенді араласқан. Қақтығыс қызған шақта билікке ең жақын, армияның элитасы – Арнайы жасақ, Республика сақшылары және Төртінші дивизия әскері ұрысқа жаппай қатысқан.
Олар әсіресе Дамаскіде, осы қаланың маңында болған шайқаста ерекше белсенділік танытқан.
Халықаралық қылмыстық сот мамандары «ол күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған жағдайда заңдық нормаларға сәйкес барлық айғақ әбден тексеріп, дәлелдер толық болуын» талап етеді.
ӘМБЕБАП ЗАҢ
БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы өкілінің заңдылықты қадағалау жөніндегі қызметкері Мона Ришмавидің пікірінше, соғыстағы қылмысқа кінәлі басшылардың тізімін жасау – Сириядағы соғысты тоқтатуға ықпал етудің бір тетігі.
Алда-жалда тергеу ісі басталып жатса, Сирияның бірталай басшылары (бұл ел Рим статутына мүше болмаса да) сот алдында жауап береді. Себебі Ұлыбритания, Бельгия, Канада және АҚШ сияқты бірнеше ел «адамды қинау» сияқты қылмыстың бірнеше түріне қатысты іс қозғайтын әмбебап заң жобаларын бекітіп қойған дейді Reuters.