Accessibility links

Атырауда "террорист" деп айыпталған 47 адамға үкім шықты


Сотталған 47 адамның туғандары сот ғимараты маңында жылап тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.
Сотталған 47 адамның туғандары сот ғимараты маңында жылап тұр. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған соты 2011 жылғы 31 қазанда Атырау қаласында болған екі жарылысқа қатысы бар деп айыпталған 5 адамға қатысты үкім шығарды. Оларға 6 жыл мен 15 жыл арасында бас бостандығынан айыру жазалары кесілді. Бұл бес адам жазаларын жалпы режимде өтейді. Олар террористік топтың қызметіне қатысты, заңсыз түрде жарылғыш құралдарды қолдан жасады және тасымалдады, Атырау облысының әкімдігі мен Сарыарқа ауданындағы тұрғын үйдің қасында теракт жасады деген айыптар бойынша айыпты деп танылды. Бұл бес адамға қатысты үкімнің 2 сәуірде шыққаны бүгін ғана жарияланды.

18 сәуір күні өткен арнайы брифингте Атырау облыстық прокуратурасының тергеу ісін қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Ғалымжан Құлмановтың айтуынша, сотталғандар сот үстінде кінәларын толық мойындап, жасаған қылмыстары үшін өкінген.

Бүгін Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған соты тағы бір қылмыстық іс бойынша террористік әрекет жасады деген айып тағылған басқа 42 адамға қатысты да үкім шығарды. Оларға 5 пен 15 жыл арасында бас бостандығынан айыру жазаларын кесті. Сот үкімі бойынша бұлар террористік топты құрды, оны қаржыландырды; террористік актілерді ұйымдастырып, насихаттады; атыс құралдары мен жарылғыш заттарды сатып алды және жасады деген айыптар бойынша айыпты деп танылды.

Кейбір сотталғандардың туыстары Азаттық тілшісіне аппеляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Олар бірқатар адвокаттардың бүгінгі сот отырысына келмей қалғанына наразы екендерін айтты. Бас бостандығынан айырылған азаматтардың туыстары сотталғандардың өздеріне тағылған бір де бір айыпты мойындамағандарын айтады.
XS
SM
MD
LG