Accessibility links

«Диктатор» фильмі қазақстандық көрермен арасында түрлі пікір тудырды


Британдық актер Саша Барон Коэн Кельн қаласындағы "Диктатор" фильмінің көрсетілімінде жұрт алдына шығып өз кейіпкері Алладин сияқты сөйледі. Германия, 14 мамыр 2012 жыл.
Британдық актер Саша Барон Коэн Кельн қаласындағы "Диктатор" фильмінің көрсетілімінде жұрт алдына шығып өз кейіпкері Алладин сияқты сөйледі. Германия, 14 мамыр 2012 жыл.

Boxoffice агенттігінің хабарлауынша, Саша Барон Коэннің «Диктатор» фильмі бір аптаның ішінде Солтүстік Америка аймағында 17 миллион 400 мың АҚШ долларын жинаған. Ал бұл картина қазір Қазақстан кинотеатрларында күніне 3-4 сеанстан көрсетіліп жатыр. Прокатка шыққалы «Диктатор» «сұранысқа ие фильмдердің» бестігіне енген.


Қазақстандықтар Саша Барон Коэнді «Борат» деген атпен жақсы біледі. Оның жаңа комедиясындағы мемлекетті авторитарлық тәсілдермен билейтін генерал Алладин - диктаторлардың жиынтық бейнесі.

Фильмнен әлемге белгілі автократ билеушілер - Ливияның бұрынғы көсемі - Муаммар Каддафи, Ирактың бұрынғы басшысы Саддам Хусейн, «Түркіменбашы» - Сапармұрад Ниязов образын аңдауға болады.

«ДИКТАТОРҒА» ЖАСТАР МЕН СТУДЕНТТЕР КЕЛЕДІ»

Алматыдағы «Арман» кинотеатрының әкімшілік қызметкері Жанат Бектемірова:

- Прокат басталғалы бұл фильмді көруге келген бірде-бір егде адамды көрмедік. Картина сұраныс жағынан «Мстители», «Жаужүрек мың бала» сияқты фильмдерден кейінгі бесінші орында тұр, - дейді.
Саша Барон Коэн "Диктатор" фильмінің Канн фестиваліндегі көрсетілімінде. Франция, 16 мамыр 2012 жыл.
Саша Барон Коэн "Диктатор" фильмінің Канн фестиваліндегі көрсетілімінде. Франция, 16 мамыр 2012 жыл.

Ал «Silk Way Sity» кинотеатрының бас кассирі Ольга Капринаның ойынша, «Диктатор» фильмі Қазақстандағы прокатынан көп қаржы таба алмайды.

- Басталғанына 20 күннен асса да «Жаужүрек мың балаға» келетін көрермен саны азайған жоқ. Ал Коэннің «Диктаторы» сол бесінші орыннан көтеріле қоймас, - дейді ол.

«Silk Way Sity» кинотеатрының өкілі де «Диктаторға» тек жастардың келіп жатқанын айтып, «Бұл фильмге келушілердің көбі - 25-26 жасқа дейінгі көрермендер. Сондықтан, бұл картина белгілі топқа ғана қызық» деді.

«ДИКТАТОРДЫ» ПРОКАТТАН АЛЫП ТАСТАСАҚ»

Ал фильмді көрген жастардың бірі «Диктатордың» кей компоненттерінің сәтті шыққанын айтады. Айбек Әскерұлы есімді студент:

- Фильм желісі қызық. Саяси сарказмды жақсы қолданған. Алайда кинода араб, еврей, қытай ұлттарының болмысын орынсыз жерге таптау бар. Осы қынжылтты. Бұл фильм арқылы Саша өзіне жарнама жасап алды. Оның фильмдерін алдағы уақытта көрермен асыға күтері анық. Мен де күтем. Саша Коэн енді кімді мазақ етер екен деген ой жұртты қызықтырады, - дейді.
Дүйім жұртты дүрліктірген «Диктатор» бізге жат. Бізде Тәжікстан мен Түркіменстаннан үлгі алып, прокаттан алып тастасақ.

Ал Асқарбек Қазанғап есімді студент бұл фильмнің Қазақстанда көрсетілуіне қарсы.

- Дүйім жұртты дүрліктірген «Диктатор» бізге жат. Бізде Тәжікстан мен Түркіменстан үлгісімен прокаттан алып тастасақ, - дейді ол.

Өнер академиясының студенті, болашақ режиссер Айман Жоламанова «Фильмнің алғашқы жарты сағатын тамашаладым. Әрі қалай көруге дәтім жетпеді. Ортасынан шығып кеттім» дейді.

ДЕПУТАТТЫҢ «БОЙКОТЫ»

Қазақстан парламентінің депутаты Мұрат Әбенов бұл фильмге «бармағанын және бармайтынын» айтты.

- Жарнамасын оқыған саналы азамат бұл фильмге бармайды. Әріптестерімнің көбі бармаймыз деп отыр, - дейді ол.
Қазақстан парламентінің депутаты Мұрат Әбенов. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.
Қазақстан парламентінің депутаты Мұрат Әбенов. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.

Мұрат Әбеновтың айтуынша, мәжілісте «Диктатордың» прокатына шектеу қою жайлы сөз болмаған.

Ал кинорежиссер Ермек Тұрсынов «Диктатор» - нағыз саяси сатира» дейді.

- Мұндай фильм саяси тұрғыдан әлемге керек. Диктаторлар образын бір фильмге сыйдыру - ерлік. Идеясы да қызықты. Фильм прокатқа шыққанда әлем елдерінің көбі шектеу қояр деп ойлағанмын. Бірақ олай болмай шықты. Алайда «Диктатор» көп қаржы жинап, рекорд жасайды дегенге сенбеймін. Бұл картина - биыл шыққан орташа фильмдердің бірі, - дейді ол.

«Диктатор» фильміне Тәжікстан мен Түркіменстан тыйым салды. Ақпараттар бойынша, Беларусь те шектеу қоймақ. Алайда, Минскіден шығатын «Нашай Нiвы» басылымы «Диктаторды» кинотеатрлардан алып тастағаннан пайда жоқ. Қазір халық көрем десе, интернеттен-ақ тауып алады» деп жазады.
XS
SM
MD
LG