Accessibility links

Теміртау мен Астана қалаларында мерт болған баланың отбасын қолдау мақсатында митинг өтті


Теміртау қаласының тұрғындары бала құлап кеткен құдық басына жиналды. 26 мамыр 2012 жыл.
Теміртау қаласының тұрғындары бала құлап кеткен құдық басына жиналды. 26 мамыр 2012 жыл.

Екі жасар Егор Хмильдің құдыққа құлап мерт болуы жұртшылыққа әсер етіп, мамырдың 26-ы Теміртауда, 27-сі Астанада митинг өтті. Жұрт қала ішіндегі барлық құдықтардың бетін жабуды талап етті. Бүгін баланы жерлеу рәсімі өтті. Онымен қоштасу үшін қаралы жиынға мыңдаған адам жиналды. Прокуратура қылмыстық іс қозғап, айыпты адамдар анықталып жатыр.


Қайғылы оқиға мамырдың 24-і болды. Екі жасар Егор Хмиль кешкісін серуендеп жүріп, құдыққа құлап кеткен.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ТУҒЫЗДЫ

Баланың анасы оны құдықтан шығарып алмақ болып тырысқанымен, шамасы келмеген. Баланы кәріздің суы ағызып әкеткен. Баланың денесі үш күннен соң табылды.

Теміртауда құдыққа құлаған баланы алып шығатын арнайы техника жоқ болып шықты. Сүңгуірлерді сонау Өскеменнен шақыртуға тура келген. Олар арнайы құралдың көмегімен лас судың түбін сүзіп шықты. Екі жасар баланың денесі сорғы бекетіндегі резервуар түбінен табылды.

Егор құлаған құдық маңына теміртаулық тұрғындар ойыншықтар, гүл шоқтары мен тәттілер әкеліп қойып жатыр. Жексенбі күні ол жерде баланың портреті пайда болды.

ТЕМІРТАУДАҒЫ АКЦИЯ

Мамырдың 26-сы Теміртау жұрты қаза тапқан сәбидің отбасын қолдау мақсатында «Сары лента» акциясын ұйымдастырды. Жиналған халық арасында Теміртау қаласы әкімінің орнынан кетуін талап еткендер де болды.
Акцияға келгендер көшедегі адамдарға сары лента таратып жатыр. Теміртау, 26 мамыр 2012 жыл.
Акцияға келгендер көшедегі адамдарға сары лента таратып жатыр. Теміртау, 26 мамыр 2012 жыл.

Теміртаудағы акцияға тұрғындарды ешкім арнайы шақырмаған. Өздігінен басталған акцияға бас-көз болып жүргендер бұл жиынның митинг емес, қайғылы оқиғаға көңіл білдірген тұрғындардың жиыны екенін айтады. Бала құлаған құдық жанындағы «Әлем» сауда үйінің маңына мыңға жуық адам келді. Жұртқа қайғының белгісі ретінде сары лента таратылып, адамдардың көбі түрлі ойыншықтар, гүлдер мен кәмпиттер әкеліп, қойып жатты. Акция белсенділерінің бірі Елена:

- Полиция мен билік «рұқсат берілмеген акция өткізіп жатырсыңдар, алдымен рұқсат алыңдар» деген желеумен бізді қуып таратқысы келді. Бірақ біз шенеуніктерге бұл жиынды опат болған баланың отбасын қолдау мақсатында өткізіп жатқанымызды айттық. Оның орнында кез келген басқа бала болуы да мүмкін ғой. Өз пікіріңді білдіріп, қазаға тап болған отбасыға көңіл айту үшін әкім-қаралардың рұқсаты керек пе енді? Бұл - барып тұрған бассыздық қой. Билік бұл жағдайға назар аударуы тиіс, - дейді.

«Сары лента» акциясын қолдауға келген тағы бір әйел:

- Кәріз құдығына адам құлап кеткен жағдай бір бұл ғана емес. Бірақ бұл жолы бала мерт болып отыр. Егер мына сияқты құдықтардың қақпақтарын ұрлап әкетіп, сатып жатқан адамдар жазаланса, оларды қабылдап жатқан орындарды жапса, мұндай қайғылы жағдай болмас еді. Шұғыл шара қолдану қажет. Осы акция арқылы қоғам мен биліктің назарын осы проблемаға аудармақпыз, - дейді.

Баланың денесі табылғаны белгілі болып, жиын аяқталған соң тұрғындар қалалық әкімдікке кездесуге шақырылды. Биліктегілер тұрғындардың үрейленбеуін, оларға қарсы ешқандай шара қолданбайтындарын айтты. Шенділер көшеге шыққан балаларды ата-аналардың да қарауы тиіс екенін, олардың да болған жайтқа жауапты екенін жеткізді.

Теміртау қаласының әкімі Нұркен Сұлтанов осы жағдай болар алдында ғана баспасөз конференциясын өткізген еді. Тұрғындар оған ашық-шашық жататын құдықтар жайлы туралы сұрақ қойған. Олардың бұл сауалына қала басшысы қақпақтарды тұрғындардың өздері ұрлайтынын, биліктегілер оларды ауыстырып шаршағаны туралы айтқан. Оның үстіне, Сұлтанов мырза бұл мәселенің шешімін ойлап табуды журналистердің өздеріне ұсынды. Сол мәжілістен бері ештеңе өзгере қойған жоқ, ал қайғылы оқиға қасірет әкелді.
Жерлеу рәсіміне келген халық. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.
Жерлеу рәсіміне келген халық. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.

Теміртау тұрғындарының бастамасымен «Лайф» супермаркетінің оң жақтағы кіреберісінде Хмильдер әулетін қолдауға арналған қайырымдылық жәшігі қойылды. Қала тұрғындары интернеттен баланы еске алу блогын ашты.

- Маусымның 1-і - балаларды қорғау күні біз «Әлем» сауда үйінен басталып, Дмитров көшесі бойымен жүріп өтіп, қала әкімдігіне баратын «Бала өмірін бейбіт уақытта қорғайық» атты шеру өткізбекпіз. Шеруге қатысушылар «Әлем» сауда үйінің қарсы бетіндегі Мир даңғылында сағат 13.30-да жиналады. Шеруге қатыса алмайтындарды шырақ жағып, тілектес болуға шақырамыз, - дейді ата-аналардан құрылған бастама тобының мүшелері.

АСТАНА ДА АКЦИЯҒА ҚОСЫЛДЫ

Теміртауда өткен акциядан кейін, Интернетті осы тұрғыдағы шараны Астана қаласында да өткізуге шақырған үндеу шарлап кетті. Ұйымдастырушылар оны «Балаларды бейбіт уақытта қорғайық» деп атапты. Мамырдың 26-сы кешкі сағат жетіде Астанада ұйымдастырушылар жүргіншілерге күн нұрын, өмір нышаны мен қамсыз балалық шақты бейнелейтін сары лента таратты.

Келгендер тілектерін асфальт бетіне сурет, жазу түрінде қалдырды. Суретшілер балалардың боди-арт сайысын ұйымдастырды. Жиынға келгендер бейбіт уақытта балалардың опат болуына наразылығын осылай білдірді.

ҚАРАЛЫ ЖИЫНҒА МЫҢДАҒАН АДАМ ЖИНАЛДЫ

Дүйсенбі күні мыңдаған теміртаулық тұрғындар екі жасар Егор Хмильмен қоштасуға келді. «Феникс» жерлеу агенттігінде өткен қоштасу рәсіміне қала әкімдігі өкілдері де қатысты. Трагедия қоғамдық пікір туғызды.

Жерлеу агенттігіндегі қоштасу сағат 13-тен 14-ке дейін созылды. Адам қарасы барған сайын молайып, мерт болған баланың жақын туыстарынан басқа, қаралы жиынға сәби өмірін қиған қайғылы оқиға жүрегіне әсер еткендер келді. Балаларын алып келгендер де көп болды. Егордың анасының жүрегі қысылып, дәрігер шақыруға тура келді. Айтпақшы, ғимараттың жанында полиция мен жедел жәрдем кезекшілік етті.

«Жас Отан» жастар қанатының өкілдері баланы шығару рәсімі өтіп жатқан ғимараттың жанында Теміртау қаласы ішкі істер басқармасы бастығына арналған хатқа тұрғындардың қолын жинады. Тұрғындар полициядан «металл қабылдайтын барлық орындарда кәріз құдықтары қақпақтарыының бар-жоғын тексеруді» талап етті. Бір сағаттай уақыт ішінде хатқа жүздеген адам қол қойды.
Егорымыздың өліміне қала билігі кінәлі деп есептейміз. Олардың құдық қақпақтарын қабылдайтын орындарды жаба алмай келе жатқанына қанша жылдың жүзі болды.

Қоштасу рәсімі біткен соң қала тұрғындары зират басына беттеді.

Азаттық радиосының тілшісі опат болған баланың ата-анасымен әңгімелесті.

- Егорымыздың өліміне қала билігі кінәлі деп есептейміз. Олардың кәріз құдықтарының қақпақтарын қабылдап жатқан орындарды жаба алмай келе жатқанына қанша жылдың жүзі болды. Қаладағы құдықтар мен жауын суы жиналатын тоғандарға жауапты «Оқжетпес» коммуналды кәсіпорны да кінәлі, - дейді олар.

Қала жұрты да осы пікірді қолдайды. Теміртаулықтар әкім-қаралардың жауапсыздығы мен салғырттығы осындай жағдайға әкеп соқтырғанына сенімді.

ПРОКУРАТУРА ІС ҚОЗҒАДЫ

Дүйсенбі, мамырдың 28-і күні екі жасар Егор Хмильдің қазасына байланысты Теміртау қаласы прокуратурасы Қазақстан қылмыстық кодексінің 232-бабы - «Коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару қызметтерiн атқарушы адамның қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыздығы салдарынан өз мiндеттерiн атқармауы немесе тиiстi дәрежеде атқармауының адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Теміртау қаласы прокурорының орынбасары Нұржан Сұриғалиев:

- Әзірше қылмыстық іс қазаға байланысты қозғалды. Ал алдын ала тексеру барысында қаладағы кәріз құдықтарының жұмысына жауапты тұлғалар анықталады. Яғни, жауапқа қатардағы қызметкерлердің бірі емес, «Оқжетпес» ЖШС-нің басшылығындағы тұлғалар тартылмақ, - дейді.

Қазақстанның қылмыстық кодексінде бұл қылмыс үшін «бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып сол мерзiмге бас бостандығынан айыру» жазасы қарастырылған.
XS
SM
MD
LG