Accessibility links

«Қазақалтын» кеншілері жалақыны өсіруді талап етті


Алтын құймалары. (Көрнекі сурет)
Алтын құймалары. (Көрнекі сурет)

Мамырдың 29-ында Ақмола облысына қарасты Бестөбе ауылында «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концернінің «Батыс» және «Орталық» шахталарының кеншілері жалақыны өсіруді талап етіп, жұмысқа шықпай қойған.


Кейбір ақпараттар бойынша наразылық танытып жұмысқа шықпаған кеншілер саны 100-ден астам. Азаттық тілшісімен сөйлескен «Қазақалтын» концернінің баспасөз хатшысы Зүлфия Белекбаева наразылық шарасына нақты қанша жұмысшының шыққанын айтпады.

Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін жұмысшылар жалақы мәселесін көтеріп, аты-жөндерін көрсетпей, басшылыққа хат жолдаған. «Мұнан кейін компанияның барлық цехтарында жиналыс өткізіп, мәселе шешілген сияқты еді...» дейді хатшы.

- Жиналыстарда (бұған дейінгі жиналыстар - ред.) жұмысшылар өздерінің шағымдарын, талаптарын айтты. Әрбір цех бойынша хаттама түзілді. Осылайша компания басшылығы мен жұмысшылар ортақ шешімге келді. Жұмысшылардың талаптары орындалуы тиіс мерзімдер де бекітілді. Бәрі жақсы болған еді, - дейді Зүлфия Белекбаева.

Баспасөз хатшысы мамырдың 29-ы күні «Қазақалтын» концерніндегі жұмыс қалыпты түрде жүріп жатқанын айтты.

Ал компанияның кәсіподақ төрағасы Веньямин Степанов Азаттық тілшісіне Степногор қаласында басшылық пен жұмысшылар арасындағы келіссөз жиыны өткенін хабарлады. Степанов «жиынға кеншілер көп келді» дегенмен, нақты санын айта алмады. Ол «Негізгі мәселе – жалақы» деді.
Бізде жалақы 50 мыңнан 300 мың теңге аралығында. Жұмысшылардың негізгі құрамы көп жалақы алады. Ал тариф бойынша уақытпен істейтіндер сол тарифпен белгіленген жалақыны алады.
Веньямин Степанов, "Қазақалтын" компаниясы кәсіподағының төрағасы

Веньямин Степановтың айтуынша, бүгінгі жиында «Кейбір жұмысшылар жеке мәселелерін айтып кеткендіктен, ештеңе шешіле қоймады. Сол себепті әрбір шахтадан өкіл анықталып, осы өкілдерден құралған бастамашыл топ ертең сағат 10-да басшылықпен қайта кездеседі».

- Бізде жалақы 50 мыңнан 300 мың теңге аралығында. Жұмысшылардың негізгі құрамы көп жалақы алады. Ал тариф бойынша уақытпен істейтіндер сол тарифпен белгіленген жалақыны алады. Тарифті жаңа жылдан бастап 15,8 пайызға көтерді, - дейді Степанов.

Степногор қалалық мәдениет үйінде өткен жиынға кеншілер, компанияның өндіріс жөніндегі директорының орынбасары, қала әкімі Андрей Никишов қатысқан. Әкім жиналыста жұмысшылардың мамандықтарына байланысты жалақылары 30-35 пайызға көбейтілетінін айтқан. Никишовтың айтуынша, кеншілер түсткен кейін жұмыстарына шыққан.

Ал Бестөбе учаскесі «Батыс» шахтасының басшысы Дулат Сұлтанов түске дейін жиын болып, жұмыстың тоқтап қалғанын айтты. Ол жалақының өсетіні туралы әкім айтқан ақпаратты растағанымен, "нақты шешім әлі шыққан жоқ" дейді. Шахта басшысы:

- Компания басшыларының жұмысшылармен кездесуінде кейбіріміздің жалақыларымыз - 30- 35 пайызға, енді біреулеріміздікі 20 пайызға көтерілетіні айтылды. Бірақ бұл шешім әлі нақты емес. Ендігі жерде бастамашыл топ осы проблемамен айналысатын болады. Қазір жұмыскерлердің бәрі жұмыста - деп хабарлады.

"Қазақалтын" кәсіпорнының жұмысшылары бір апта бұрын, мамырдың 17-сінде наразылық шарасын бастаған еді.
Кейбіріміздің жалақыларымыз - 30- 35 пайызға, енді біреулеріміздікі 20 пайызға көтерілетіні айтылды. Бірақ бұл шешім әлі нақты емес.

Ол жолы да ондаған адам ереуілге жиналып, басшылықтан жалақыны көтеруді талап еткен. Қазақстан телеарналарының хабарлауынша, шахтерлер он жыл бойы айлықтарының өспегенін, айына 40 мың теңге алып келе жатқандарын айтқан.

Басшылық жұмысшылардың жалақы туралы бұл мәліметтерін теріске шығарып, "Кәсіпорында жалақысы төмен адам жоқ, жоспарды орындамағандарға ғана айлық аз шығады" деген уәж айтқан еді.

"Бөстөбе" кенішінің директоры Руслан Доев сол жолы "Жоспар орындамағандарға 52 мың теңге төленеді, орындағандар 130 мыңнан 190 мың теңгеге дейін алады" деген.

Ал жұмысшылар журналистерге бухгалтерияның түбіртегін көрсетті. Онда 35 мың теңге алғандары жазылып тұрған. Мамырдың 17-сі күні жұмысшылар талаптары орындалғанша наразылық шарасын жалғастыра беретіндерін айтқан. Басшылық та ойлануға бір апта мұрсат алған еді.
XS
SM
MD
LG