Accessibility links

Оралман отбасында туған үшемге көмек керек


Үшем - Перизат, Асылзат, Пәкизат. Теміртау, 17 шілде 2012 жыл.
Үшем - Перизат, Асылзат, Пәкизат. Теміртау, 17 шілде 2012 жыл.
Теміртауда сирек кездесетін оқиға болды. Өзбекстаннан келген оралман отбасында үшем дүниеге келді. Жас отбасы арзан пәтерлердің бірін жалдап тұрады. Үйдің іші сыз тартқан және терезедегі әйнек орнына полиэтилен тұтылған.

Дәрігерлердің айтуынша, бір ай бұрын дүние есігін ашқан үш қыздың ата-анасы қазіргі баспанада тұрмауы керек. Бірақ олардың жақсы пәтерге көшіп, нәрестелеріне керекті жөргек пен құнарлы тамақ алуға жағдайлары жоқ.

НАЗАРБАЕВТАН ҮШ КӘМПИТ

Жас ата-ана Қайрат Әзімов пен Збира Шербаева үш нәрестенің арқасында репортаждардың басты қаһарманына айналды. Теміртау қаласы үшін бұл - сирек кездесетін құбылыс.

Үш қызға Перизат, Асылзат және Пәкизат деп ат қойылды. Аналары ерте толғатып, үшем шала туған. Збира өзі босана алмай, балаларды дәрігерлер жарып алыпты. Жас ана бірнеше күн ес-түссіз жатқан, нәрестелер жан сақтау бөлімінде болған. Олар Қарағанды ауруханасында бір айдай жатты. Қазіргі жағдайлары - қанағаттанарлық.
Үшемдердің анасы Збира Шербаева. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.
Үшемдердің анасы Збира Шербаева. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.

Бұл үйелменге журналистердің назар аударуына тағы бір себеп - тарихи отандарына оралып, дүниеге үш нәресте әкелген отбасы, өздерінің айтуынша, адам төзгісіз жағдайда күн кешіп отыр.

Төрт баласы бар Әзімовтердің жалға алып отырған пәтерлері сыз тартып кеткен. Үйде ауа жоқ - тымырсық. Дымқыл қабырғалар жарылып, сылағы құлап жатыр. Терезеге полиэтилен ұстап қойған. Ыстық су атымен жоқ. Жиһаз атаулыдан жалғыз төсек, онда балалар ұйықтайды. Өздері жерге жатады. Бір бұрышта маңдай термен жиналған ақшаға алған ескі телевизор мен тоңазытқыш тұр.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен 28 жасар Збира Шербаеваның пікірінше, ол өзінің жүкті екенін, әсіресе, үшем екенін білгенде аборт жасатуды ойлапты. Бала туғысы келмегеннен емес, жоқшылықтан қорыққан. Тұңғыштары - үш жасар Ақнұр атты қыз. Оны киіндіріп, тамақтандырудың өзі қиынға соққан. Жас отбасы қаражаттан қатты қиналғандарын айтты.

Збираны жасанды түсік жасатпауға үгіттеген туысы - Бақыт Әзімова. «Бұл - Құдайдың сыйы» деп көндірген. Бір айдың ішінде нәрестелер бір килограмм салмақ қосыпты. Үшемнің әпкелері Бақыт:

- Збира перзентханаға барардың алдында, түсінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты көріпті. Ол Збирамен қол алысып амандасып, үш кәмпит ұстатыпты. Бұл – жақсы түс. Міне, үш бірдей қыз дүниеге келді. Бұған дейін туыстарымызда үшем болған емес. Тағы бір сәйкестікті айта кету керек: дәрігерлер сәбилердің туатын күнін президенттің туған күні - шілденің 6-сы деп белгілеген, ал олар
Үшемнің әпкесі Бақыт Әзімова. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.
Үшемнің әпкесі Бақыт Әзімова. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.
маусымның 6-сы күні туылды. Бұл кездейсоқ емес. Билік басындағылар осы отбасына көңіл бөлсе дейміз. Мұндай үшемдер күнде туылып жатқан жоқ қой. Мысалы, Қарағандыда осындай көп бала туылса, пәтер береді деп естіп едік. Алайда билік басындағылар бізді айналып өткендей болды. Келіп құттықтаған да ешкім болған жоқ, - деді.

Жергілікті басылымда үшемдердің тұрмысы туралы жарияланғаннан кейін де атқамінерлер қозғала қоймаған. Олардың уәжі - Әзімовтер жас отбасы. Тек жергілікті тұрғындар ғана бұған бейжай қарай алмады. Қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Үшемнің әкесі Қайрат Әзімов:

- Теміртаулық, қарағандылық мейірімді жандарға алғысымыз шексіз. Бізге көмектесіп, нәрестелердің киімін, сүтін, жөргектерін әкеліп беріп жатыр. Әкімшілікке барғанымызда, «жатақханадан екі бөлмелі пәтер береміз» деп уәде етті. «Баспана алуға кезекке тұрғызамыз» деді. Арада біраз уақыт өткенде әкімшілікке тағы бардық. Хатшы «берілетін бөлме бар, бірақ тым тар» деді. «Сондықтан өздеріңіз пәтер жалдағандарыңыз дұрыс» деп шығарып салды. Тіпті, бес бала тусаңдар да пәтер жоқ деген сыңай танытты. Қыс түссе мына үйде тұра алмаймыз, балаларға суық тиеді. Бөлме ылғалды әрі өте суық болады. Әзірге осы баспананы паналай тұрамыз. Өйткені іші құрғақ, жылы, есік-терезесі бүтін, жақсы пәтерге көшетін ақшамыз жоқ. Қазіргі пәтерімізге 25 мың теңге төлеп отырмыз, ең арзаны - осы, - деді.

Збираның айтуынша, омырау сүті үш қызға бірдей жетпейді. Сондықтан қымбат тұратын балаларға арналған азықпен тамақтандыруға тура келеді. Жергілікті емхана қажетті дәрі-дәрмек пен балалардың азығын тегін беріпті.

Теміртау қалалық әкімдігінің шенеуніктері Әзімовтер отбасындағы жағдайдан хабардар екендерін айтты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сәулеш Тоғамбекова телефон арқылы Азаттық тілшісіне:

- Үшемнің әкесі бізге келген. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін қандай құжат жинау керек екенін түсіндіргенбіз. Олардың үй алу мүмкіндігі бар. Төрт баласы бар, көпбалалы отбасы ретінде есепке тұра алады, - деді.

160 ДОЛЛАР ЖАЛАҚЫ

Әзімовтер отбас Қазақстанға 2011 жылы көшіп келген. Қаржыны үнемдеу үшін үш отбасы бірігіп, үш бөлмелі пәтер жалдаған. Сол жерде жас ата-ана төрт қызымен тұрып жатыр. Қайраттың әпкесі күйеуімен, кәрі анасы да сонда тұрады.
Үшемнің әкесі Қайрат Әзімов үлкен қызы Ақнұрмен отыр. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.
Үшемнің әкесі Қайрат Әзімов үлкен қызы Ақнұрмен отыр. Теміртау, 17 маусым 2012 жыл.

Бөлмелердің бірінде екі жас баласымен бір әйел бар. Олар да Өзбекстаннан көшіп келген.

Әзімовтердің айтуынша, Өзбекстанға қарағанда, Қазақстанда жағдай жақсы, жұмыс бар, тек баспана мәселесі қиын. Үшемнің анасы Збира Шербаева:

- Қазақстанға келгенде квотаға іліге алмай қалдық. Тоқтатып тастапты. Ол туралы келгенде білдік. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болар деп үміттендік. Қалай болғанда да біз өз елімізге келдік қой. Алайда ешқандай көмек болмады. Барлық құжаттарымыз дұрыс болатын. Тек тұруға рұқсат алдық. Ешқандай жеңілдікке қолымыз жетпеді. Жергілікті әлеуметтік қорғау мекемесіндегілер «Тиісті құжаттардың барлығын жинап, өткізу керек, сонда ғана көмек болады» деді. Осы аптада керекті құжаттардың бәрін алып барамыз, - деді.

Жас ата-ананың сөзіне сенсек, өмірлері - өлместің күні. Отбасында тек Қайрат Әзімовтің әпкесі Бақыт Әзімованың күйеуі ғана жұмыс істейді. Жалақысы – 25 мың теңге (шамамен 160 доллар). Зейнеткер аналары да 25 мың теңге зейнетақы алады. Айтуларынша, осы нәпақа бұл әулетті «өлтірмей ұстап тұр». Үшемнің әкелері бұрын түрлі жұмыстармен айналысқан. Қазір жұмыссыз.

Әзімовтер отбасы қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Азаттық үшемнің әкесі Қайрат Әзімовтің рұқсатымен оның телефон нөмірін жариялап отыр: 8 778 398 79 79.
XS
SM
MD
LG