Accessibility links

Қырғыз премьері инвесторды оппозициядан қорғауға кірісті


Қырғызстан премьер-министрі Жантөре Сатыпалдиев Құмтөр алтын кенішіне келді. 1 қазан 2012 жыл.
Қырғызстан премьер-министрі Жантөре Сатыпалдиев Құмтөр алтын кенішіне келді. 1 қазан 2012 жыл.

Reuters Орталық Азиядағы ең үлкен алтын кеніші жайында мақала басты. Қырғызстанның үкімет басшысы «Инвесторлар елден кетпейді. Біз оларды қорғаймыз» деп мәлімдеді.

Қазанның 2-сі күні шыққан мақаласында Reuters («Рейтерс») «Қырғызстанның жаңа премьер-министрі Канаданың Centerra Gold Inc компаниясы игеріп жатқан ең үлкен алтын кенішін мемлекет меншігіне айналдыруға рұқсат беруден бас тартты» деп жазады.

Қырғызстанның үкімет басшысы Жантөре Сатыпалдиев дүйсенбі күні «Қырғызстандағы шетел инвесторларын қорғаймын» деп мәлімдеді.

Сатыпалдиев қыркүйектің 5-і күні парламентте көпшілік дауыспен сайланды. Жаңа премьер жемқорлықпен күресуге және ел экономикасын жақсартуға уәде берді.

Автордың ойынша, «Қырғыз экономикасын дамыту үшін 56 жасар технократ шетелдік инвесторларды қызықтыра білуі тиіс. Себебі осыған дейін бұл елде екі президент төңкеріспен тақтан тайып, 2010 жылғы этносаралық қақтығыс кезінде 500-ге жуық адам қаза болған».

«ИНВЕСТОРДЫ ҚОРҒАЙМЫЗ»

Автордың зерттеуінше, Қырғызстан парламенті шілде айында Тянь-Шань тауларындағы Құмтөр алтын кенішін игеріп жатқан Centerra компаниясымен келісім-шартты қайта жасау мәселесін дауысқа салған. Себебі «шетелдік компания қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр» деген дау көтерілген.
Жантөре Сатыпалдиевтің Қырғызстан премьер-министрі ретінде ант беріп тұрған сәті. Бішкек, 12 қыркүйек 2012 жыл.
Жантөре Сатыпалдиевтің Қырғызстан премьер-министрі ретінде ант беріп тұрған сәті. Бішкек, 12 қыркүйек 2012 жыл.

Оның үстіне кейбір басшылардың ірі алтын кенішін шетелдік компания меншігінен мемлекет қарауына алу жайлы ұсыныстары Құмтөр мәселесін шиеленістіріп жіберген.

Reuters-тің жазуынша кеніштегі зауытқа барып, канадалық компанияның жұмысын көріп келген Сатыпалдиев тілшілерге «Құмтөр мемлекет меншігіне өтпейді. Барлық проблема шешіледі. Мен олардан алтын өндіруді тоқтатпауды сұрадым. Құмтөрде жиналыс өткіздім. Ертең басқа да инвесторлармен кездесемін. Қырғызстанның мүддесі үшін инвесторларды қолдай береміз» деген.

«ҰЛТШЫЛДАР ҚОЛДАН ҚОЗДЫРЫП ОТЫР»

Басылым «Үкімет алтынға бай болса да халқы кедей тұратын бұл аймаққа бұған дейін де инвесторлар тартуға әрекеттенген» деп жазады. Бірақ оппозиция мүшелері «Ел байлығын үкімет шетелдіктерге сатып жатыр» деп қарсы шыққан.

Үкімет тамыз айының 28-і күні телеарналар арқылы кенішті игеруге берілетін жаңа лицензияларды аукционға салған. Ұлтшылдар қарсы шыққан соң бұл аукцион тоқтап қалды.
Алтын құймалары. (Көрнекі сурет)
Алтын құймалары. (Көрнекі сурет)

Өткен айда ауыл тұрғындары кенішке апаратын асфальт жолдарды жөндеп жатқан компания көліктерін қоршап алып, ол жұмысты да тоқтатып тастады.

Бұдан соң үкімет басшысы Сатыпалдиев «Егер олар (ұлтшылдар) тағы да заң бұзса, жазалаймыз» деген ескерту жасады.

Премьер «Құмтөрдегі қоршаған орта проблемасын компаниямен бірлесіп шешіміз», ал ұлтшылдардың Құмтөрге қатысты қимылдарының «саяси астары басым» деп мәлімдеді.

«АЛТЫН ШЫҚҚАН ЖЕРДІ БЕЛДЕН ҚАЗ»

Reuters Құмтөр кенішінің орналасқан жері мен тапқан табысы жайлы біраз деректер келтірген. Қазіргі келісім-шарт бойынша, Centerra компаниясы кеніш пен одан шыққан өнімнің толық қожасы болғанымен, Қырғызстан үкіметі Торонтодағы (Канада) алтын кенішінен 33 пайыз үлес алады.

Басылымның сипаттауынша, Құмтөр кеніші Қытаймен шекарада жатыр, теңіз деңгейінен 4 мың метр биік орналасқан. Компания штатында тұрақты түрде 2710 жұмысшы істейді. Былтыр Құмтөрдің тапқан пайдасы Қырғызстанның жиынтық өнімінің 12 пайызы болған. Бұл - ел экспортының жартысы. Өткен айда шетелдік компания жеті аптаға созылған үзілістен соң жұмысын қайта жалғастырды. Ерте көктемдегі қар көшкіні де алтын қазу ісіне кедергі келтірген.
Қырғызстанның Құмтөр кенішінен алтын қазып жатқан инвестор техникасы.
Қырғызстанның Құмтөр кенішінен алтын қазып жатқан инвестор техникасы.

Centerra компаниясының мәліметі бойынша, осы жайттардың кесірінен Құмтөрдегі алтын өндірісі былтырғы 583,156 унциядан биыл 390,000 - 410,000 унцияға төмендеп кеткен.

Ал Қырғызстан экономикасының өсімі Құмтөрдегі осы үзілістердің кесірінен 4,6 пайызға төмендеген.

Таудағы кеніш орнына барып, канадалық мамандардың алтынды қалай өндіретінін көріп қайтқан Қырғызстан премьері «Олардың алтын алу тәсілдері - ғажап, нағыз өнер. Ақиқатын айтқанда, мен олардың шеберлігіне қарап қызығып кеттім» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG