Accessibility links

Қазақ тілі Google Translate-те қашан пайда болады?


Google қызметкері ноутбукпен жұмыс жасап жатыр. АҚШ, Сан Франциско, 06 маусым, 2012 жыл. AFP алынған.
Google қызметкері ноутбукпен жұмыс жасап жатыр. АҚШ, Сан Франциско, 06 маусым, 2012 жыл. AFP алынған.
Google компаниясының тегін аударма қызметі Google Translate қазір 60-тан аса тілде жазылған мәтіндерді автоматты түрде аударып береді.

Түркі тілдер арасында әзірге, онда тек әзербайжан және түрік тілі ғана бар.

Wikibilim қоры өкілдерінің дерегінше, қазір интернеттегі мәліметтер қоры бойынша қазақ тілі түркі тілдері арасында алдыңғы орында тұр. «Бірақ қазақ тілінің Google Translate-ке енуі үшін одан да көбірек мәліметтер қоры керек» дейді қор өкілдері.

– Қазақша-ағылшынша, сол сияқты ағылшын-қазақша үлкен көлемдегі текстер керек. Бір-бірінің айна-қатесіз көшірмесі мол текстер неғұрлым көп болса, соғұрлым Google-дың машинасы қазақ тілін «үйреніп алады». Егер ол қазақ тілін тез әрі терең зерттесе, неғұрлым жақсырақ меңгерсе, соғұрлым аударманың сапасы жақсы болады. Салынған материалдар жеткілікті ме деген сұраққа нақты ешкім жауап бере алмайды. Оны машинаның өзі шешеді. Статистикалық негізде жұмыс жасайтын бағдарлама ғой. Сол программа өзі дайын болған кезде қосылады, - деді қор басшысы Рауан Кенжеханұлы Азаттық тілшісіне.

Ол бұл жобаны шамамен 2013 жылдың соңына таман аяқтауды жоспарлап отырғанын айтып өтті.

GOOGLE-ДЫҢ АУДАРУ МАШИНАСЫ

Wikibilim қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы. Сурет Facebook-тан алынған
Wikibilim қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы. Сурет Facebook-тан алынған
Егер қазақ тілі Google Translate-те пайда болса, онда интернет оқырмандары әлемнің көптеген тілдеріндегі мәтіндерді қазақша оқып, сәйкесінше қазақ тіліндегі мәтіндерді де көптеген тілдерге аударуға мүмкіндік алады.

Google компаниясы өкілдерінің айтуынша, әдетте сервиске жаңа тілді енгізу барысында туындайтын басты қиындық - «алгоритмдерді жаттықтыру үшін» қажет ақпарат көлемінің жетіспеуі.

Google өзінің аударма қызметінде «статистикалық аударма машинасын» пайдаланады. Бұл машинаның бір ерекшелігі – оның жұмысы екі тілдегі (Google Translate бар тіл мен енгізілмек болып отырған жаңа тіл) ірі көлемдегі мәтіндерден сөздік жұптарды салыстыра отырып аударуға негізделген. Тілдік жұптар көбейген сайын аударма сапасы да жақсара түседі.

Қазақ тілі жағдайында Google машинасы үшін қажетті шарт – қазақ және ағылшын немесе қазақ және орыс тілдеріндегі сөз жұптары мен сөйлемдердің мейлінше көп болуы.

Google Translate әлем бойынша краудсорсинг негізінде жұмыс жасайтын, қарапайым қолданушылар бірлесе отырып жүзеге асыратын қоғамдық жобалардың бірі.

Мамандар қазақ тілінің Google Translate сервисіне енуіне кез-келген интернет қолданушы әр түрлі жолмен үлес қоса алатынын айтады.
  1. Ағылшын немесе орыс тіліндегі Уикипедиядағы мақалаларды қазақ тіліне аударып, интернетке енгізудің де септігі көп. Google-дың аударма машинасы үшін бұл – ең қолайлы әдіс. Себебі екі тілді салыстыра отырып, неғұрлым дұрыс шешім қабылдайды.
  2. Екі тілді сайттар қатарын көбейту (қазақша-орысша немесе қазақша ағылшынша) де аударма ісін алға бастырады.
  3. Деректер қорын Google Translator Toolkit-ке жүктеу, яғни қай сөз қай сөздің аудармасы екенін көрсете отырып, ерекшелей аудару - қажетті шарттардың бірі. Сол кезде Google қазақ тіліндегі сөздердің өзге тілдердегі сөздерімен байланысын анықтап, өз алгоритмін жылдам құра алады.
  4. Мемлекеттік мекемелердегі екі тілде жазылған қарапайым құжаттардың өзі бұл кезде пайдалы болып шығады.
  5. Қазақ тілінде сайт ашып, болмаса блог жазу немесе интернетке ақпарат енгізудің өзге де жолдары Google Translator-ға көмек бола алады.
  6. Twitter, Google+, Facebook, т.б. сервистерді қазақшалау да тәржіме ісін жетілдіруге леп береді.
ИНТЕРНЕТ ПЕН БІЛІМ

«24/7 Languages» жобасының үйлестірушісі Бақытгүл Салықованың ойынша, қазақ тілінің Google Translatе-ке енгізілуі «қазақ тілінің дамуына, қолданылуына, кең тарауына» ықпал жасайды. Сонымен қатар кез-келген қолданушының танымының кеңеюіне, ой-өрістің өзгеруінде маңызы басым.

– Әрине, бізде біліммен бөлісу, қандай да бір жобаның дамуына өз еркімен үлес қосу сияқты идеялар кең тарап отырған жоқ. Бірақ осындай идеяларды қолдап, оның тарауы мен насихатталуына септігін тигізіп жатқандар да жоқ емес. Мұндай идеялардың көш басында білім саласының мамандары мен журналистер болатыны сөзсіз. Сондықтан түсіндіру, насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Интернет тек қана ойын-сауық, көңіл көтеру, уақыт өткізу үшін ғана қолданылмайтынын, ең бастысы білім алу, кәсіби біліктілігін көтеру, кәсіби, іскер байланыстар орнатуға мүмкіндік туғызатын құрал ретінде көрсету маңызды, - дейді Бақытгүл Салықова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG