Accessibility links

«Назарбаевтан кейінгі Қазақстан не болмақ?»


Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент күні жастар алдына шықты. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент күні жастар алдына шықты. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл.

Шетелдік басылымның жазуынша, «Қазақстанда билікті қолға алуға ұмтылатын ықпалды тұлғалар бар. Бірақ Назарбаевтың кландық бәсекені реттеп отыруы биліктің ауысуын қиындатып жіберген».

Stratfor («Стрэтфор») сараптама орталығы қаңтардың 7-сі күні «Қазақстан: билік құрылымының эволюциясы» атты мақала жариялады.

Кіріспесінде мақала авторы Қазақстанның қазіргі президентінің жасы елдегі ерлердің орташа ғұмыр ұзақтығынан әлдеқайда алға кетіп, 72-ге келсе де, 20 жылдан астам уақыт билік басында отырғанын айтады.

Басылым Қазақстанның стратегиялық маңызды аймақ екеніне, энергетикалық ресурс пен пайдалы қазбаларға бай екеніне тоқталып, көршілерін еске салады.

«Қазақстан сияқты географиялық маңызы бар елді бір орталыққа шоғырландыратын, әміршіл басшы керек екенін тарихтан білеміз. Бірақ ол биліктің өзі сыртқы және ішкі құрылымдардың ықпалына тәуелді. Сол құрылымдар мемлекеттің саяси траекториясын анықтауда маңызды рөл атқарады» деп жазады Stratfor.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Көшпенділер" фильмінің түсірілу барысын көруге келді. 17 ақпан 2004 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Көшпенділер" фильмінің түсірілу барысын көруге келді. 17 ақпан 2004 жыл.

Сараптама орталығы бұдан соң Қазақстан жайлы мәлімет береді. Елдің жер көлемі үлкен екенін (2,7 миллион шаршы шақырым), ал халқының аз екенін (16,6 миллион) баяндай келіп, географиялық және демографиялық ерекшеліктеріне тоқталады.

«Қазақстан – әлемдегі халқы сирек орналасқан елдердің бірі: бір шаршы шақырымға 5,9 адамнан келеді. Халық жекелеген өңірлерде топтанып, шашырай орналасқан. Бұл факторлар Қазақстанды біріктіруді қиындатып, табиғи түрде аймақтарға бөлінуге (регионализм) бейімдейді» деп жазады Stratfor.

ТАРИХИ ЭКСКУРС

Stratfor Қазақстанның дәстүрлі билік жүйесінің тарихын қысқаша баяндап шығады.

«16-ғасырда Қазақ хандығы құрылды. Көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар үш жүзге бөлініп, өз орталарынан хан сайлады. Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің өкілдері географиялық тұрғыда атына заты сай болып, оңтүстік, орталық және солтүстік өлкені жайлады. Олар барлық жүздің үстінен қарайтын ортақ хан сайлауға келісті» дей келе, 18-ғасырда билік біртіндеп патшалық Ресейдің қолына көшкенін айтады.

«Ресейдегі төңкерістен соң қазақтар уақытша болса да өзін-өзі басқару мүмкіндігіне ие болды. Бірақ Совет Одағы Қазақстанды өзіне қосып, «жұтып қойды» деуге болады. Советтік кезеңде орыс билігі шарықтау шегіне жетті. Қазақ қоғамы зор трансформацияны бастан кешті, ұжымдастыру мен индустрияландыру қазақтардың көшпенді табиғатын төңкеріп, республикадағы экономикалық және саяси билікті анықтап берді. Йосиф Сталиннің репрессиясы мен жер аудару саясатынан соң этникалық орыстар көптеп қоныс аударып, елдің этникалық картасын танымастай етіп өзгертті. 1959 жылы елдің 30 пайызы этникалық қазақтар болса, 40 пайызын орыстар құраған» деп жазады орталық.
Қазақстан компартиясы атқару комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев (сол жақтан бірінші), Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (екінші), СССР бас хатшысы Михаил Горбачев (оң жақ шеткі). Целиноград, 1985 жыл.
Қазақстан компартиясы атқару комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев (сол жақтан бірінші), Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (екінші), СССР бас хатшысы Михаил Горбачев (оң жақ шеткі). Целиноград, 1985 жыл.

Stratfor дерегі бойынша, «советтік кезеңнің өзінде қазақстандық билік кландық жүйеге тәуелді болған. Соны пайдаланған советтік басшылар жергілікті билікті уысында ұстаған».

Басылым мысал ретінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын айтады: «Елді 20 жыл басқарған Қонаев кеткен соң этникалық орыс Колбин билікке келді. Этникалық қазақтар оған қарсы шықты, совет билігі сосын оны Назарбаевпен ауыстырды».

НАЗАРБАЕВ ПЕН ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН

Stratfor сараптама орталығы қазіргі Қазақстан басшысының саясатына тоқталады.

Сараптамада «Назарбаев орыс патшалары сияқты ақырындап тұтас билікті өзіне қаратты. Өзіне жақын адамдарды жоғары лауазымды қызметке тағайындады. Соның ішінде әскер, заң және қауіпсіздік қызметі мен әкімшілік билікке өз адамдарын отырғызды. Конституцияны өзгертіп, президенттік мерзімді шектеу мәселесін шешіп алды. Премьер-министрді түгелге жуық өзінің аузына қарап отырған парламенттің келісімімен тағайындайды» деген жолдар бар.

«Батыстық ірі мұнай және газ компанияларының қатысуы арқасында Қазақстандағы энергетика саласының қарқынды дамуы Назарбаевтың ұстанымын бекіте түсті. Бірақ кландық жүйе де оның өсуіне зор ықпал жасады. Аймақтық шенеуніктерді тағайындауда ол кландық жүйеге сүйенеді. Назарбаев өзі құрған мықты топ пен адамдарға сүйеніп, ел басқару жүйесін толық меңгерді, қазір оның жеке басына табыну белең алған» деп жазады Stratfor.

БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ

Орталықтың пікірінше, «Қазіргі кездегі басты сауал: Назарбаев өлсе, я биліктен кетсе, Қазақстанды кім басқармақ? Бірнеше жылдан бері көптеген жорамалдар айтылып келеді, бірақ ресми түрде нақты мұрагерлік жоспары жарияланған жоқ».
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Stratfor болжамдардың бірін мысалға келтіреді.

«Қазақстан парламенттік жүйеге ауысады, ал президентке тән өкілеттің біразы премьер-министрге өтеді дейді. Бірақ елдің географиялық орны мен тарихын ескерсек, ондай басқарудың тиімділігі күмәнді. Оған Қырғызстан мен Грузия мысал бола алады... Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, саяси тұрғыда елдің басын біріктіретін күшті билеуші болмаса, мемлекет аймақтық басқаруға бөлінеді, ел ішінде саяси тұрақсыздық орнап, сыртқы күштердің алдында дәрменсіз күйге ұрынады» деп болжайды орталық.

Орталықтың түйіндеуінше, «Билікті қолға алуға ұмтылатын ықпалды тұлғалар бар. Бірақ Назарбаевтың кландық бәсекені реттеп отыруы биліктің ауысуын қиындатып жібереді. Өйткені ол орнатқан тепе-теңдік бұзылады. Соңғы екі жылда Қазақстан әртүрлі зорлық-зомбылық пен тұрақсыздықты бастан өткерді, соның өзі билікке таластың жүріп жатқанын байқатады».

Stratfor Ресей мен Қытай сияқты көршілерінің де Қазақстанда стратегиялық мүдделері бар екеніне тоқталады.

«Назарбаев орнатқан саяси құрылымның беріктігі ол биліктен кеткен соң сыналады» деп аяқтайды автор мақаласын.
XS
SM
MD
LG