Accessibility links

50 жылқыдан 1000 метр қазы шығады


Шыңжаңның Фуюн ауданындағы қазақтар. Қытай, 23 қыркүйек 2010 жыл.
Шыңжаңның Фуюн ауданындағы қазақтар. Қытай, 23 қыркүйек 2010 жыл.
Осы аптада Шыңжаң қазақтарының xalhar.net, senkazakh.com және azamattar.com сайттарының форум алаңдарына шолу жасалды.

ҰЗЫНДЫҒЫ БІР ШАҚЫРЫМ ҚАЗЫ

xalhar.net сайты 1000 метрлік қазы жасаған Дөрбілжін ауданының азаматтары Гиннестің рекордтар кітабына өзгеріс енгізгенін жазыпты. Осы жазбаға орай келіп түскен пікірлердің бірінде қазы жасау үшін 50-ге жуық жылқының сойылғаны айтылған.

azamattar.com сайты өз пікір алаңында оқырмандарға мал шаруашылығының пайдасы туралы тақырып ұсынған екен.

– Қазір осы мал шаруашылығының арқасында қазақтар дамып кетті. Еттің қымбаттауының арқасында қазақтардың күнкөрісі жақсарып келеді, – деп жазады пікір білдірушілердің бірі. Ол мал бордақылаумен тек қазақтар ғана емес, қытайлар мен ұйғырлардың да айналысып жатқанын айтыпты.

– Ақша қазір малшылардың қолында. Бес қой сатсаң 10 мың юань. Ортаңқол малшылардың бір жылдық кірісі 100 мың юань айналасында, – деп өзінше есеп жасаған оқырман «ұзақты күн сауда жасаған адамның күндік табысы 100 юань ғана» деп салыстырыпты.

«Мал шаруашылығының пайда көзіне айналғанын сезген өзге ұлт өкілдері бізге ағылып жатыр. Соңғы төрт жылда Үрімжідегі адам саны 4 есеге өсті» деп жазады тағы бір оқырман. «Екі жылқы сатсаң бір «Santana» алуға болады» деп түйін жасаған оның ойын өзге оқырмандар «дұрыс пікір екен» деп бағалаған.


ТАҒЫ ДА ҚҰЖАТ ЖАЙЛЫ

senkazakh.com сайты оқырмандарының бірі өзінің «Қазақстанға жете алмай жүргенін» айтып сайт оқырмандарына сұрақ жолдапты.

– Мен өзім Іленің Күнес ауданынамын, мен Қазақстаннан шақырту алдырып едім, біздің аудан таңба баспай қойды. Себебі партия мүшесі, басшы кадр, кадр, оқытушы, оқушы шетелге шығуына болмайды, құжат бар дейді. Не ол құжатын көрсетпейді. Білейін дегенім, сіздер жақта да осындай ма? – деп сауал қойған.

Оған жауап бергендердің барлығы ондай заңның жоқ екенін айтыпты. Ал екінші бір оқырман «Ықтияр хат» жасатып беретін адам іздеп, сайт оқырмандарынан жәрдем сұраған.

– Құрметты бауырлар, сіздердің көмектеріңізге мұқтаж болып тұрмын. Өскеменде ықтияр хат жасататын едім, соған көмектесетін адам қатты қажет болып тұр, сіздер танитын делдал немесе таныстарыңыз болса, ақысын беріп жұмысымды бітіруге көмектессе, сыйын жақсылап беремін. Маған телефон нөмерлеріңізді қалдырыңыздаршы! – деп өтінген жазба авторы.

Оған кейбір оқырмандар: "Ең жақсысы өзің кіріп бітір, анау-мынау деп кердеңдесе бірдеме тілеп тұрған болады" деп ақыл айтса, енді біреулері «көмек қолын созуы мүмкін» деген адамдардың телефон номерлерін сайтқа тіркепті.
XS
SM
MD
LG