Accessibility links

Қарсыласы Головкиннен ақ орамалмен құтылды


Нью-Иорк қаласындағы Madison Square Garden алаңында өтетін жекпе-жектің алдында Геннадий Головкин (оң жақта) мен америкалық боксшы Габриэля Росадо суретке түсті. Фото facebook әлеуметтік желісінен алдынды. 17 қаңтар 2013 жыл.
Нью-Иорк қаласындағы Madison Square Garden алаңында өтетін жекпе-жектің алдында Геннадий Головкин (оң жақта) мен америкалық боксшы Габриэля Росадо суретке түсті. Фото facebook әлеуметтік желісінен алдынды. 17 қаңтар 2013 жыл.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин америкалық Габриэль Росадомен кездесіп, әлем чемпионы (WBA) атағын қорғап қалды. Шетелдік журналист боксшыдан сұхбат алды.

Associated Press (Ассошиэйтед-пресс) агенттігі осы жекпе-жектің қарсаңында, 2013 жылы қаңтардың 17-сі күні «Жаңа туған жұлдыз: қазақстандық Геннадий Головкин әр нокаут сайын үлкен шайқасқа жақындап келеді» деген мақала жариялады.

Грег Бичем мақаласын «Геннадий Головкин дәстүрлі грек мейрамханасына келіп, салат пен кесек етке тапсырыс берді» деп бастайды.

«MADISON SQUARE GARDEN-ДЕ НҰРЛАНҒАН ГЕННАДИЙ»

Автор боксшыны былай суреттейді: «Сыртқы түріне, қалың жейдесіне қарағанда ол тауда тұратын адамға ұқсайды, Ларчмонт бульварындағы кафеге жол-жөнекей соққан тәрізді. Головкин расында да Лос-Анджелестен алыстау орналасқан, боксшылар жаттығатын Биг Беар қалашығында жүрді. Орта салмақта өнер көрсететін бұл боксшыға оңы, солы бірдей, екі қолымен де қарсыласын нокаутқа жібере алады».
Геннадий Головкин мен Габриэль Росадоның жекпе-жегіне арнап фанаттың салған суреті. Сурет twitter желісінен алынды. 17 қаңтар 2013 жыл.
Геннадий Головкин мен Габриэль Росадоның жекпе-жегіне арнап фанаттың салған суреті. Сурет twitter желісінен алынды. 17 қаңтар 2013 жыл.

Автор мәліметі бойынша, Головкин бұл «үлкен шайқасқа» туыстары мен бала-шағасынан аулақта дайындалған. Грег Бичем қазақстандық спортшының ағылшын тілін жетік меңгеріп үлгергенін де атап өтіпті. Оған сұхбат берген Головкин жекпе-жек алдында «Бұл аса маңызды жыл болайын деп тұр. Мен үшін Madison Square Garden - әлемдегі ең озық алаң. Келген көрерменнің делебесін қоздырамын деп үміттенемін» деген.

Автор Madison Square Garden кешенін Головкин бала күнінде теледидардан ғана көргенін жаза келіп, «осы атағы әлемге тараған аренада сайысқа шығамын деген ойдан оның жүзі нұрланып кетеді» дейді.

ТАЙСОН СТИЛІМЕН ШАЙҚАСАТЫН ЖІГІТ

Автордың ойынша, «11 рет кездесу өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен WBA чемпионының аты осыған дейін басқа боксшылардың көлеңкесінде қалып келген. 154-168 фунт салмақтағы (шамамен 69-76 килограмның арасы) чемпиондар оны елемейтін».

Головкиннің өзі автордың бұл ойын құптап, «Тағы бірнеше нокаут жасасам, маған мұрнын шүйіретін жан қалмайды» дейді.

Автор Головкиннің жанкүйерлерінің де көбейіп келе жатқанын жазған. «Головкиннің рингтегі ерекше дарыны мен қабілеті жанкүйерлерінің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюіне ықпал етті» дейді Грег Бичем.
Жұрт Тайсонды сағынып қалды. Нокауттар керек. Сондықтан қарсыласын шыққан бетте нокаутқа түсіретін жігітті іздеген едім.

Автордың жазуынша, «Ол әлемдік жұлдыз атанғанға дейін аргентиналық Серхио Мартинес пен америкалық Пол Уильямс сияқты ұзақ жылдар еңбектенді. Головкиннің командасы оның осы жылы Серхио Мартинеспен, Андре Уордпен және Канело Альвареспен кездескенін қалайды. Бапкерлерінің ойынша, Геннадий осы боксшылармен кездескен кезде жанкүйерлерінің үмітін ақтайды».

Головкинның жаттықтырушысы Абель Санчес «Бокс жанкүйерлері Тайсон стилін сағынып қалды. Жұртқа нокауттар керек. Сондықтан қарсыластарын шыққан сайын нокаутқа түсіретін жігітті іздеген едім. Геннадий - ерекше боксшы, оның ойынын үзбей көретіндер мені құптайды» дейді.

«ОРТА САЛМАҚТА БӘРІН ЖЕҢЕДІ»

Басылымның жазуынша «Геннадий Головкин Рождество, Жаңа жыл сияқты мерекелердің бәрін дайындық залында, өз тобымен бірге өткізген. Оның отбасы Германияның Штутгарт қаласында тұрады. Әйелі колледжде экономикадан сабақ береді, ал ұлы балабақшаға барады».

Афина олимпиадасында (2004 жыл) күміс медаль алған соң Головкин Еуропада елеусіз кездесулер өткізіп, промоутерлерінің кеңесін тыңдады.

K2 Promotions («К2 Промоушн») компаниясымен келісім-шартқа отырып, кейіннен жақсы нәтиже көрсете бастады. Компанияның атқарушы директоры Том Леффлер «Геннадий - орта салмақтағы ең мықты боксшы, бұл Серхионы (Мартинесті айтады - ред.) кеміту емес. Геннадий олардың бәрін ұтады. Осы жолғы жеңісінен соң, оның атағы дүркірейтін болады» дейді.
Геннадий - орта салмақтағы ең мықты боксшы, бұл Серхионы кеміту емес. Геннадий олардың бәрін ұтады. Оның атағы дүркірейтін болады.

Автордың жазуынша, Головкин америкалық бокс жанкүйерлерінің аузынан түспеу үшін аянбайды. Бапкері Санчес «Шайқас кезінде оның бойына ерен күш құйылады. Әдеттегі Геннадийді танымай қаласыз. Осы жолғы шайқас тез өтеді деп ойлаймын. Олай болмаса да адамдар Геннадийдің қаншалықты күшті екенін көреді» деген.

Абель Санчес «Головкинның еуропалық стилін өзгертіп, сырт келбетіне америкалықтарға тән айбат беру үшін үш жыл еңбектенгенін» айтқан.

Бичемнің жазуынша, «Головкиннің күнделікті салмағы рингке шығатын салмағынан сәл артық, сондықтан ол грек салаты мен сиыр етін ғана жейді. Геннадийдің шайқасқа құмарлығы алаңдағы әрекеті мен еңбекқорлығынан байқалады».

Головкин авторға «Жаттығу ауыр болған сайын шайқас жеңілдейді» деп еңбекқорлығының себебін де айтқан. Геннадий «Мен үнемі шайқасуға әзірмін. Алаңға шығуды сабырсыздана күтіп жүремін» деген.

P.S. 2013 жылы қаңтардың 19-ы күні кешке (Астана уақыты бойынша қаңтардың 20-сы күнгі таң) Головкин мен америкалық боксшы Росадо Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden спорт кешенінде кездесті. Жекпе-жекте Головкин өзінің WBA версиясы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
Геннадий Головкиннің 350 мың доллар ұтқаны туралы twitter-дегі хабарлар. Cкриншот. 19 қаңтар 2013 жыл.
Геннадий Головкиннің 350 мың доллар ұтқаны туралы twitter-дегі хабарлар. Cкриншот. 19 қаңтар 2013 жыл.

Әр раунд сайын Головкиннің ауыр соққысы оған ұпай әкеліп отырған. Алтыншы раунда қарсыласын нокдаунға жіберген Головкин жетінші раундта Росадоны техникалық нокаутқа түсірген. Әлсіреп қалған Росадоның бапкерлері алаңға ақ орамал лақтырып, төрешіден кездесуді тоқтатуды сұраған. WBA чемпионы Головкинның жеңісі 350 мың АҚШ долларына бағаланды. Қарсыласы 150 мың доллар гонорарды қанағат тұтқан.

2013 жылы қаңтардың 19-ы күні Madison Square Garden кешеніндегі тартысты жекпе-жектің бірі WBО нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақтағы әлем чемпионы мексикалық Орландо Салидо мен америкалық Мигель Гарсияның кездесуі болды. Мигель Анхель Гарсия Орландо Салидоны ұтып, WBО нұсқасы бойынша жаңа чемпион атанды.

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды.
XS
SM
MD
LG