Accessibility links

Наразы әйелдер еңбек министрімен кездесті


Астанада бір топ жүкті әйел әлеуметтік сақтандыру заңына қатысты наразылықтарын білдірді. Астана, 14 ақпан 2013 жыл. Суретті түсірген Думан Кожахметов.
Астанада бір топ жүкті әйел әлеуметтік сақтандыру заңына қатысты наразылықтарын білдірді. Астана, 14 ақпан 2013 жыл. Суретті түсірген Думан Кожахметов.
Ақпанның 15-і кешке Астанада бала тууға байланысты бір жолғы төлемдердің қысқаруына наразы бір топ әйел Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесті.

Министрдің қабылдауында болғандардың бірі Әлия Делмашеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, әйелдер даулы мәселеге айналған заң өзгерісі тұрғындарға да, жұмыс берушілер үшін де күтпеген жаңалық болғанын айтып, онымен келіспейтіндерін жеткізген. Әйелдердің талабын тыңдаған министр барлық жұмыс берушілермен декреттік төлем мәселесіне байланысты тиісті жұмыс жүргізуге уәде беріп, келесі аптада осы тақырыпқа арнайы баспасөз жиынын өткізетінін айтқан.

Екі сағатқа созылған кездесу нәтижесінде декреттік төлемдердің қысқаруына наразылық білдірген әйелдердің қатысуымен жұмысшы тобын құру туралы ұйғарым жасалған.

Ақпанның 17-сінен бастап Қазақстанда күшіне енетін әлеуметтік сақтандыру заңындағы өзгерістерге сәйкес, айлығы 186 мың теңгеден ($1=150 теңге) асатын әйелдерге жүктілік пен бала тууға байланысты берілетін бір реттік төлем бұрынғы мөлшерінен қысқартылмақшы. Бұған наразылық білдірген жүкті әйелдердің белсенділігі мәселеге қоғамның назарын аударды.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 186 мың теңгеден көп айлық алады.
XS
SM
MD
LG