Ақпанның 17-сі күні Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру заңына қатысты өзгерістер күшіне енеді.
Ол өзгерістер айлығы 186 мың теңгеден асатын әйелдердің қалтасына тікелей әсер еткелі тұр. Яғни бұрын жалақысы 10 төменгі айлық есебінен (төменгі айлық – 18 мың 660 теңге) асатын әйелдер жүктілік пен бала тууға байланысты бір реттік төлемді миллион теңгеден артық (6 мың 600 доллардан астам) етіп алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5 мың 200 доллар) ғана төленеді.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 186 мың теңгеден көп айлық алады.
ШЕКТЕУ
Астана тұрғыны Құралай Джугунусованың екінші баласын көтергеніне жеті ай болған.
- Бұл - жоспарланған жүктілік. Біз осы бір реттік әлеуметтік төлемнен үміт күткен едік. Мәселен менің айлығыммен маған 1 миллион 300 мың теңгеге жуық төлем жасалуы керек. Енді маған 700 мыңдай ғана ақша тиетін болып тұр, - деді ол ақпанның 15-і күні Азаттық тілшісіне.
Құралай секілді тағы он шақты жүкті әйел ақпанның 14-і күні Астана көшесіне шығып, жүктілік пен бала тууға байланысты берілетін төлемнің бұлайша қысқаруына наразылық білдірді.
Олар билікті заңға бұл өзгерістерді енгізбеуге шақырды.
- Біз ешқандай митинг, жиын өткізгіміз келген жоқ. Қоғам назарын осы мәселеге аударғымыз келді. Билікпен диалог ұйымдастыруды көздейміз. Не төлем ережесін бұрынғыдай қалдыру керек, не жұмыс берушіні қалған қаржыны төлеуге міндеттеу керек. Себебі жаңа заңда бұл жұмыс берушінің «міндеті» емес, «құқығы» деп қана көрсетілген, - дейді Құралай Джугунусова.
Алайда Құралай Джугунусова «жұмыс берушілерді міндеттесе, әйелдердің жұмысқа тұруы қиындауы мүмкін» деген күдігін де айтты.
- Жұмыс берушінің барлығы бізге қаржы беруге келіспейді. Бұдан әйелдерге қарсы дискриминация шығады. Болашақта әйелдерді жұмысқа алмайтын болады, - дейді ол.
АЙЛЫҚТЫҢ БЕС ПАЙЫЗЫ
Астаналық Олеся Беруашвили де үш аптадан кейін декреттік демалысқа шығады. PR агенттігінде менеджер болып істейтін оның жалақысы 186 мыңнан асады. Ол да өзіне төленуі тиіс жәрдемақының қысқарғанына наразы.
- Жұмысты істейміз, жұмыс берушіміз ай сайын қажетті салық төлейді. Ел жүктілік пен бала тууға байланысты төлемді мемлекет береді деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Жұмыс беруші әр қызметкердің айлығының бес пайызын мемлекет қорына аударады. Осы ақшадан әйелдерге жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер беріледі. (Ер адамдар оны заңда бекітілген басқа жағдайларда ала алады - ред.) Бірақ қазір барлығымызды теңестіріп қойды. Мен декретке төленетін ақшам аз болмауы үшін талмай еңбек еттім, өзімнің кәсіби деңгейімді көтеріп отырдым - содан кейін жоғары жалақы алдым емес пе? - дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі заманда бала туу да, оны тәрбиелеп, өсіру де оңай емес. Олесяның тоғыз жасар үлкен ұлы бар.
- Қазір жақсы балабақша керек пе - төле, білім керек пе - төле, медицина ма - бәріне де ақша төлеу керек. Ал мына өзгерістен соң жалақыңнан әлеуметтік қорға ақша аударғың келмей қалады. Декреттік төлемді қысқартты, зейнетақы реформасы тұйыққа тірелді. Мүмкін, бізге жалақыны аз қылып көрсетіп, әлеуметтік сақтандыру қорына да аз төлеу керек шығар? - дейді Олеся Беруашвили.
ҚАРСЫ УӘЖ
Өзгерістерге наразы жүкті әйелдер Facebook желісінде арнайы парақша ашып, алдағы аптада наразылық шарасын өткізуге уәделесіп жатыр. Алайда оларға қарсы пікір білдіргендер де аз емес.
Жоғары табысты әйелдердің наразылығын қолдамайтындардың бірі - журналист Жанар Тулиндинова.
«Мен табысы жоғары адам мемлекетке үміт артпай, тек өзіне ғана сенуі керек деп есептеймін. Жоғары табысы бар адамның ақшаны оңды-солды шашып, өмірінің жауапты кезеңіне (босанар шаққа - ред.) құрқол келуі – кешірілмейтін жауапсыздық. Әлеуметтік жеңілдіктер тұрмысы төмен тұрғындарға ғана берілуі керек. Әйел жолдастар, елде ішерге ас таппай отырған адамдар, оның ішінде балалар да бар. Олар сіздің балаларыңыздың "Дольче Габбананың" жөргегін кие алмай қалғанына мүлде қайғырмайды» деп жазады Жанар.
Билік органдары «Бұл өзгерістерді енгізгендегі басты себеп - жалақысын көбейтіп көрсетіп, жәрдемақыны артық алу секілді алаяқтық әрекеттер» деген уәж айтқан. «Нақты жалақыны дұрыс көрсету үшін қосымша жәрдемақы төлеуді жұмыс берушінің мүддесі ретінде белгіледік» деген.
Ал республикалық арналардың біріне сұхбат берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітованың пікірінше, «әйелдер дұрыс түсінбегенге ұқсайды».
- Заң жаңадан енгізіліп жатыр ғой. Бүгінгі күнге дейін қосымша ақыны төлеуден бас тартқан ешқандай жұмыс беруші жоқ. Әйелдер мүмкін кейбір мәселелерді түсінбей қалған шығар, - дейді ол.
2008 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікке және бала тууға, ана денсаулығына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры құрылды. Осы қорға айлық жалақының бес пайызы аударылып тұрады. Әйелдерге декреттік демалыс пен бала тууға байланысты бір реттік төлем осы қорға жинаған ақшасынан бөлінеді. Жұмыс істемейтін әйелдерге бұл төлем заңда көрсетілген ретте беріледі.
Қазақстанда бала күтімі үшін де әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған.