Accessibility links

Ақша жинау туралы айтары бар мұғалім көбейді


Мектептегі «ақша жинау» мәселесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Мектептегі «ақша жинау» мәселесі

Азаттықта жарияланған «мектептердегі ақша жинау үрдісі» туралы мақала оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырып, бұл мәселенің жаңа қырларын ашты.

Мамыр айының 14-і күні Азаттық радиосында жарияланған «Мұғалімдерден ақша жинаудың бірнеше түрі бар» деген мақалада республиканың бірқатар өңірлерінен мысалдар келтіріліп, осыған орай оқырмандардан көптеген пікірлер келіп түскен еді.

Әсіресе өзін «мектеп кітапханашысымын» деп таныстырған «Клара» есімді оқырманның детальдарға толы комментарийі біраз оқырманның Азаттықтың форумында ашылып пікір қалдыруына түрткі болды. Пікір иелері орта мектептерде білім беру тегін бола тұра ата-аналар мен мұғалімдерден түрлі іс-шараларға арнап ақша жинау науқанының барған сайын күшейіп бара жатқанына шағымданады.

Ал Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылынан хабарласқан оқырмандар Азаттық тілшісін осы ауылдағы орта мектепке келіп, ата-аналармен жүзбе-жүз тілдесуге шақырды.

«КАФЕГЕ ҚАРЫЗ БОЛУ»

Алматыдан 45 шақырым жердегі Ұзынағаш ауылының іргесінде жатқан Қайназар ауылы соңғы жылдары оралмандар есебінен күрт көбейген елді мекендер қатарына жатады. 2010 жылы ғана орта мектепке айналған Қайназар мектебінде осыдан төрт жыл бұрын жүзге жетпейтін оқушы болса, қазір бес жүзден аса оқушы үш ауысымда оқиды.

Азаттық тілшісі барған күні ескі мектептің алдында соңғы қоңырау салтанаты өтіп, 11-сынып пен 4-сынып, яғни мектеп бітірушілер мен бастауышты бітіретін оқушылар өнер көрсетіп жатты.

Рәсім аяқталғаннан кейін бір топ ата-ана «бастауышты бітіріп жатқан төрт сыныптан құралатын 4-сынып оқушыларының әрқайсының ата-анасы 5 мың теңгеден жинап бергенін, ол ақшаға жиырма шақты мұғалімнің мамырдың 23-і күні сол ауылдағы «Зәуре» кафесіне барып тойлатып қайтқанын» айтып берді.
Қайназар орта мектебіндегі «соңғы қоңырау». Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.
Қайназар орта мектебіндегі «соңғы қоңырау». Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.

«Жинаған ақшаларың жетпей, кафеге қарыз болып кеттік, соны төлеп келіңдер» деген соң жаңа ғана мектеп алдында кішігірім жанжал туды, мектептің директорына да кіріп-шықтық. Оның үстіне әр емтиханға дастарқан жайып, сыйлық беріңдер деп жатыр» деп реніштерін білдірді ауыл тұрғындары.

Ата-ананың бірі Сетер Ерсайын «Зәуре» кафесіне желтоқсан айында «әліппемен қоштасу» шарасына 3 мың теңгеден берген ата-аналардың қарызы әлі тұрғанын, яғни қарыз үстіне қарыз жамалғанын» айтты.

Тағы бір ата-ана Шолпан Куреева:

- Қыркүйектен бастап ақша жинаймыз, тамақ тасимыз. Жаз шыға құрылыс материалдарынан бастап перде, люстрасына дейін сатып алып, мектепті өзіміз жөндеп береміз. Шілденің 15-інде тағы ремонт бастаймыз. Мектепті жөндеу үшін мемлекет ақша бөлетінін айтқаннан ештеңе шықпады, - деді.

«ӘРТІСТЕР ДАЙЫНДАП ЖАТҚАН СИЯҚТЫМЫЗ»

Ата-аналардан кейін Қайназар орта мектебінде төрт жылдан бері физика пәнінен сабақ беріп келе жатқан мұғалім Фарида Ақбаевамен тілдестік. «Ақша жинау барлық мектепте қалыптасқан, сүйекке сіңген дәстүр екенін жақсы білеміз» деген ол өз мектебінде сабақтан гөрі мерекелік той-думанға көбірек көңіл бөлінетініне тоқталды.

- Мектепте әртістер дайындап жатқан сияқтымыз. Не көп, мерекелік іс-шара көп, соған дайындық кезінде сабақ жайына қалады. Мысалы, бастауышты бітіріп жатқан төрт сынып соңғы айда сабақ оқыған жоқ, тек концертке дайындалды. Ақша ата-аналардан ғана емес, мұғалімдерден де жиналады. Мамырдың 13-і күні өткен мектеп жиналысында биыл күзде ашылатын жаңа мектеп үшін 10-15 мың теңгеден «өз еріктеріңмен» бересіңдер, жалақыларыңнан ұстап қаламыз» дегенді айтты. Оның үстіне жаз бойы мұғалімдер сол жерде жұмыс істеуі керек екен. Биыл қыста келген КРУ-ға (қаржылық бақылау инспекциясы – ред.) деп мұғалімдерден 10 мың теңгеден жинады. Бас-аяғы бес-алты мұғалім ғана бермедік. Қырық сылтаумен ақша жиналады, бірақ оның қайда кетіп жатқаны жөнінде ешқандай есеп берілмейді, - деді ол.
Қайназар орта мектебінің мұғалімі Фарида Ақбаева. Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.
Қайназар орта мектебінің мұғалімі Фарида Ақбаева. Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.
Ата-аналар мен Фарида Ақбаеваның сөзін сол мектептің тағы бір мұғалімі қуаттағанымен, «қысым жасалуы мүмкін екенін» айтып, аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.

- Осы қыста КРУ келгенде 9 сағаты бар мұғалімдер 5 мыңнан, 18 сағаты барлар 10 мыңнан жинап берді. Техникалық қызметкерлер 2 мың, «завхоздар» 10 мың теңгеден жинады. Мен 5 мың теңге бердім. Мектеп қорына айына мың теңгеден жинаймыз. Мысалы, бүгін маусымның 7-сіне Алматыдағы республика сарайында өтетін өнер жұлдыздарының концертіне келген, құны 3500 теңгелік 10 билетке 500 теңгеден жинадық. Бірақ концертке кім баратынын білмеймін, - деді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген мұғалім.

«АТА-АНАЛАР ТЕК АЛҒЫС АЙТЫП КЕТЕДІ»

Азаттық тілшісі Қайназар орта мектебінің директоры Тұйғынай Көшеновамен осы айтылған шағымдарға байланысты тілдесті. Оның сөзіне қарағанда «ата-аналардан ақша жиналған емес».

- Ата-аналар өз бастамаларымен мереке кезінде дастарқан жасауы мүмкін. Керісінше, мұғалімдер «Мектепке жол» акциясына қосылып, отбасылық жағдайы нашар балалардың киім-кешегін сатып әперіп жүр. Сондықтан ата-аналар бізге тек қана алғыс айтып кетеді, - деді ол.
Қайназар орта мектебінің директоры Тұйғынай Көшенова. Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.
Қайназар орта мектебінің директоры Тұйғынай Көшенова. Алматы облысы Жамбыл ауданы, 25 мамыр 2013 жыл.

Тұйғынай Көшенова мектеп мұғалімдерінен ақша жиналатынын да жоққа шығарды.

- Жаңа мектептің ашылуына ақша да жиналмайды, арнайы дастарқан да жайылмайды. Бірақ кабинетті әрлеуге мұғалімдер өз мүмкіндігіне қарап көмектеседі. Ал облыстан да, ауданнан да комиссия келіп жатады, бірақ өз басым ешбірін ақша беріп шығарып салған емеспін, - деді мектеп директоры.

Алматы облысы Жамбыл аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Гүлдана Омарованың сөзіне қарағанда «аудандық білім бөлімі биыл көктемде мектеп директорларымен өткізген алқа мәжілісінде «жөндеу жұмыстарына, соңғы қоңырауға, басқа да іс-шараларға ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатыны жөнінде» ескертіп, барлық мектепке хат жолдаған және бұл ақпаратты ата-аналарға хабарлау жөнінде тапсырма берілген.
Жөндеу жұмыстарына, соңғы қоңырауға, басқа да іс-шараларға ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынатыны жөнінде ескертілген.

- Егер ақша жиналып жатқаны жөнінде білім бөліміне хабарласса, бізде сенім телефоны да бар. Ондай мектепке барып, мұғалімдермен де, ата-аналармен де сөйлесеміз. Тіпті шағым иесінің аты-жөні аталмаса да тексереміз. Бірақ осы уақытқа дейін мұндай жағдайлар дәлелденген емес, - дейді Гүлдана Омарова.

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын орта мектептердің шығындарына байланысты әкімшілік істер жиі қозғалады. Мысалы, биыл сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ғана 18 мектеп директоры әкімшілік жауапқа тартылған болатын.
XS
SM
MD
LG