Accessibility links

Құлаған зымыранның улы отыны жайылғаны хабарланды


"Протон-М" зымыранының құлаған сәті. "Россия 24" телеарнасының видеосынан алынған скриншот.
"Протон-М" зымыранының құлаған сәті. "Россия 24" телеарнасының видеосынан алынған скриншот.

Шілденің 2-сі күні таңғы сағат 8:39-да Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон-М" зымыран-тасығышы бірнеше секундтан кейін жерге құлап, жарылды.

Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон-М" зымыран-тасығышы әуеге көтерілген соң бірнеше секундтан кейін жерге құлап, жарылып кетті.

«Протон-М»

«Протон-М»

«Протон-М» - «Протон-К» зымыран-тасығышының жетілдірілген түрі. Ғарышқа 2001 жылы 7 сәуір күні ұшырылған.

«Протон-М» мақсаты – ғарышқа жөнелтетін жүкті екі есеге көбейту. Зымыран-тасығыш жүкті орбитаға шығаратын үш бөліктен тұрады. Оның бірінші бөлігі Қазақстанға құлайды. "Роскосмос" сайтында "Бұл Қазақстаннан ұшыру құнын азайтады" деп жазылған.

Бұл зымыран-тасығыштың отыны - азотты тетраксид және симметриялық емес диметилгидразин. Екеуі де улы. Ауаға бу күйінде тарайды. Көзді, тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Жүйке, ас қорыту жүйесіне зияны бар. Адам естен тануы мүмкін. Қатты уланған жағдайда арнайы ем қабылдау керек.

Ақпараттарға қарағанда, Байқоңыр ғарыш айлағынан мамандар шұғыл түрде көшіріліп жатыр. Алғашқы уақытта Байқоңыр қаласының және оның маңындағы Төретам, Ақай ауылдарының тұрғындарына терезелерді жауып, үйден шықпай отыру туралы нұсқау берілген. Қазір Қызылорда облысы тұрғындарына да осындай ескерту айтылғаны мәлім болды.

"Қазғарыш" ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон" зымыранының апатқа ұшырауын Ресейдің "Роскосмос" агенттігінің ішкі шаруасы деп атады. Бұл туралы ол бүгін үкімет отырысында мәлімдеді.

"Құқықтық жағынан келсек, зымыранның құлауы апат деп саналмайды. Себебі зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлады. Зымыран бөлшектері Байқоңырдағы 81 және 200 алаңдардың арасына құлаған. Бұл - "Роскосмостың" ішкі шаруасы", - деді Талғат Мұсабаев.

Байқоңыр маңындағы Төретам ауылының тұрғыны Ролан Мерғалиев Азаттыққа:

- Таңертең жарылысты естідік. Гүрілдеді де, жарылыс болды. Гептил дегенді өзіңіз білетін шығарсыз, оның улы газы болады ғой. Сол қазір енді бұлт сияқты сап-сары болып, осы Қызылордаға қарай кетіп бара жатыр. Жосалы, Қармақшы ауданына қарай. Бізге сап-сары боп көрініп тұр. Жергілікті ресейлік телеарнадан терезелерді жауып, далаға шықпай отырыңдар деген хабарландыру айтылды, - деді.

Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі зымыран-тасығыштың "Байқоңыр" космодромы аймағына құлағанын, қоршаған ортаға зымыран отынының жайылғанын хабарлады. Апат орнына арнайы топ жіберілген. Ресей жағының мәліметі бойынша адам шығыны болмаған.

"Роскосмос" ресми сайты арқылы шағын мәлімдеме таратты: "2 шілдеде Байқоңыр космодромында «Протон-М» зымыран-тасығышы апатқа ұшырады. Зымыран-тасығыш құлап, космодром аумағында жарылды"

Кейбір ақпараттарға қарағанда, жайылған улы отынның көлемі 600 тоннадан асады.
Зымыран Ресейдің Қазақстаннан жалға алған территориясына құлады. Бұл - "Роскосмостың" ішкі шаруасы"
Талғат Мұсабаев

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі улы түтіннің таралуын бақылауға кіріскенін хабарлады. Мәлімдемеде "әзірге мамандар зымыран отынының тұрғындар ағзасына әсерін болжай алмай отырғаны" да айтылған. Улы отынның адамдар денсаулығына тигізер зиянын зерттеу үшін үкімет арнайы комиссия құрды.

Зымыран тасығышқа үш "Глонасс" спутнигі тиелген. «Протон-М» бүгін, Астана уақытымен таңертеңгі сағат 8:39 шамасында ұшқан. "Россия 24" телеарнасы бұл оқиғаны тікелей эфирден көрсетті.

Youtube желісіне шыққан видеоны мына жерден көре аласыз:


"Протон" зымыран-тасығышы бұған дейін 2010 жылы желтоқсан айында Тынық мұхитына құлаған еді. Ол жолы да зымыран үш "Глонасс" спутнигін ғарышқа апаруы тиіс болған. Кейін мамандар "апаттың себебі - зымыран-тасығышқа жарты тонна қышқыл артық құйылған" деп мәлімдеді. Содан кейін ғарыш құрылғысына жүк алып ұшу қуатын көбейту үшін ДМ-03 блогы орнатылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG