Accessibility links

Депортацияға қатысты сыналған Италия министрі қызметінде қалды


Италияның ішкі істер министрі Анджелино Альфано
Италияның ішкі істер министрі Анджелино Альфано
19 шілде күні Италияның ішкі істер министрі Анджелино Альфано сенатта өткен сенім білдіру бойынша дауыс беру қорытындысына сәйкес қызметінде қалды. Ол қазақстандық оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың туыстарын депортациялау ісіне қатысты сынға ілінген болатын. Бұл жанжал Италияда үкімет құрып тұрған саяси коалицияға қатер төндірген.

Оппозицияның Альфаноны отставкаға кетіруді талап еткен қозғалысы сенаттағы дауыс беру бойынша жеңіліс тапты. Министрді қолдап 226 сенат мүшесі дауыс берген, 55-і қарсы шыққан. Анджелино Альфано - Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони басқарған Халықтық азаттық партиясының хатшысы.

Әблязовтың туыстарын Қазақстанға депортациялау әрекетін адам құқықтарын шектеу бойынша жиі сыналатынына қарамастан мұнай-газ келісімдері үшін осы елдің саяси билігінің ыңғайына жығылу деп сезіктенетіндер бар. Италия сенатындағы дауыс берудің алдында елдің премьер-министрі Энрико Летта ішкі істер министрі Анджелино Альфаноны қолдап сөз сөйлеген. Оның сөзінше, Альфано мамыр айының соңында болған Әблязовтың туыстарын депортациялауға қатыспаған. Летта бұл әрекеттің Италияның беделіне нұқсан келтіретінін мойындаған.

Мамыр айының соңында италиялық полицияның арнайы жасағы Рим түбінде тұрып жатқан қазақстандық оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны қамауға алып, Қазақстанға депортациялаған еді. Қазақстанның бас прокуратурасы Шалабаеваның жалған құжат жасау ісі бойынша тексеріліп жатқанын, одан елден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын хабарлаған.

Бұл әрекетті қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша сарапшылары сынаған. БҰҰ сарапшылары Италия билігін Шалабаеваның Қазақстанда күйеуінің саяси қызметі үшін азаптауға ұшырауы мүмкін екеніне көз жұма қарады деп айыптаған.

Мұхтар Әблязов - Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, БТА банктің экс-төрағасы. 2009 жылы шетелге қашқан ол өзін Қазақстан билігі саяси қызметі үшін қудалайды деп санайды. Қазақстанда оған қаржылық алаяқтық жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыптар тағылған.
XS
SM
MD
LG