Accessibility links

Пасторды психиатриялық тексеруден өткізбекші


"Благодать" протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев
"Благодать" протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев
Астанада қылмыс жасады деп айыпталған протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев психиатриалық тексеруден мәжбүрлі түрде өту үшін Алматыға жеткізілді.

Астана абақтысынан этаппен жөнелтілер алдында "Благодать" шіркеуінің 67 жастағы пасторы Бақытжан Қашқымбаев аштық жариялады. Ол тергеушілер өзінің қылмыстық ісін "ақыл-есі кем" деген негізде жауып тастайды деп қауіптенеді. Билік өкілдері пастордың наразылық акциясы туралы білмейтіндерін айтады.

Пасторға шіркеуге келушілердің бірі - 34 жастағы Ләззат Әлменованы қасақана ауыр жаралады деген айып тағылып мамырдың 17-і күні қамауға алынған еді. Пасторға "уағыз кезінде психологиялық әсер ету тәсілін қолданды" деген айып тағылған. Бірақ "зардап шегушінің" өзі денсаулығына зиян келмегенін айтады. Құқық қорғаушылар пасторды айыптаудың саяси астары бар деп санайды.

Пастор Бақытжан Қашқымбаевтың ұлы Асқар Азаттыққа әкесінің қалай христиан дінін қабылдағанын айтып берді.

- 1993 жылы анам қатты ауырып қалды. Дәрігерлер онкология бойынша диагноз қойды. Екі ай өмірі қалды десті. Сол кезде біз - ұлдары, оны шіркеуге апардық. Көп ұзамай шешеміз жазылып кетті. Әкеміз мұны бір көрді, ұлдарының мінезі қалай жақсарғанын және көрді, сөйтіп христиандықты зерттей бастады. Кейін біржола діндар болып кетті, - деді ол.

Ұлының сөзінше, бұған дейін Бақытжан Қашқымбаев экономика ғылымының кандидаты болған, Қарағанды политехникалық институтында доцент ретінде дәріс берген. Дінге бет бұрғанша атеистік көзқарас ұстанған.

АЛМАТЫҒА - ЭТАППЕН

Астаналық пастор Қашқымбаев (Кашкумбаев болып та жазылады - ред.) Алматыға психиатриялық тексеруге жіберілер алдында қарсылық акциясы ретінде аштық жариялайтыны туралы арыз жазған. Шілденің 18-і күні Астана абақтысында (ресми атауы ЕЦ-166/1) жазылған арызды ол адвокаты арқылы беріп жіберген.

Арызда ол өзін психиатриялық тексеруден соң ақыл-есі кем деп жариялап, қылмыстық істің тоқтауы мүмкін екенін жазған. Пастор істің тоқтатылуына қарсы, сол себепті абақтыдан ауруханаға өз еркімен шықпайтынын мәлімдеген.
Туыстарым мен жақындарымның мен үшін азап шеккенін көргеннен гөрі өлім жазасына кесілгенім жақсы.

Бірақ оның наразылығына қарамастан Қашқымбаевты ертеңінде Алматы абақтысына этаппен әкеткен. Алматы абақтысының бастығы полковник Алексей Орищенко Азаттыққа пастордың наразылық акциясы туралы ештеңе білмейтінін айтты.

— Ол мұнда ондай ештеңе айтқан да, жазған да жоқ, - деді Орищенко.

ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің бастығы полковник Ғалымжан Хасенов те пастордың аштық жариялауынан бейхабар.

Ал шілденің 18-і күні Астана қалалық сотына, қалалық прокурор мен ішкі істер министріне арнаған мәлімдемесінде Қашқымбаев "туыстарым мен жақындарымның мен үшін азап шеккенін көргеннен гөрі өлім жазасына кесілгенім жақсы" деп жазған.

Қазір Алматы абақтысындағы пастор Бақытжан Қашқымбаев мәжбүрлі түрде өтетін психология және психиатрия орталығындағы тексеруді күтіп отыр. Оның камерасы қатаң түрде күзетіліп, сырт адамдармен көрісуге тыйым салынған.

ПАСТОРДЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

Қамаудағы "Благодать" протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев 34 жастағы шіркеу мүшесі Ләззат Әлменоваға қасақана жарақат салды деп айыпталады.

Соттың қамауға алу туралы қарарында «Қашқымбаев діни қызмет өтеу кезінде келушілерге психологиялық ықпал жасады, ақыл-естен айыратын тәсілдер қолдану арқылы садақа жинады» деген жолдар бар. Бірақ "зардап шегуші" Ләззат Әлменованың өзі шіркеуге бару кезінде денсаулығына ешқандай нұқсан келмегенін мәлімдеген.
Бақытжан Қашқымбаев, "Благодать" протестант шіркеуінің пасторы
Бақытжан Қашқымбаев, "Благодать" протестант шіркеуінің пасторы

Бірақ бұл іс халықаралық деңгейде назар аудартты. Қашқымбаевты құқық қорғаушылар қолдап шықты. Америкалық Russian Ministries ұйымының Еуразиядағы діни наным-сенім бостандығы жобасының жетекшісі Уэйд Кьюсактың Азаттыққа айтуынша, Қашқымбаев діни қызмет туралы жаңа заң бойынша қысымға ұшыраған. Уэйд Кьюсактың сөзінше, қазақ пастор Қашқымбаевты жазалау арқылы билік басқа қазақтардың исламнан бөлек діндерге кірмеуіне ықпал еткісі келеді.

Осылайша жүріп жатқан тергеу ісі Астана қаласы ішкі істер департаментінің тергеушісі капитан Вячеслав Глазков пастор Қашқымбаевтың ес-ақылын тексеру туралы шешім шығарғанда жаңа кезеңге өтті. Астанада жасалған психологиялық-психиатриялық сараптама пастордың психикасы бұзылған деген қорытынды жасаған. Бірақ оны Алматыда және бір тексеру туралы кеңес берілген. Соған байланысты тергеуші Глазков Қашқымбаевты Алматыға психиатриялық тексеруге жіберу туралы қарар шығарады.

Шілденің 6-сы күні судья Нұрлан Баяхметов пасторды тамыздың 17-сіне дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

"Әділ сөз" құқық қорғау ұйымының заңгері Ганна Красильникованың сөзінше, тергеушілер формалды түрде айыпталушыға психиатриялық тексеру тағайындай алады. Әйткенмен көп жағдайда ол тексеруді айыпталушының ойы мен сөзін түсінбесе, таңдап қолданады.

Соңғы мәрте мұндай психиатриялық тексеруден риддерлік журналист, құқық қорғаушы Александр Харламов өткен еді. "Діни араздық тудырды" деп айыпталған Харламовтың ісі халықаралық деңгейде назарға ілінген.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG