Accessibility links

БТА банк: Әблязов қамауда болуы тиіс


Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
БТА банкі Францияда ұсталған оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов иемденіп кеткен банк активтері таратылып кетпес үшін және банкирдің өзі жасырынып қалмас үшін қамауда болуы тиіс деп мәлімдеді. Бұл туралы БТА банкінің Азаттыққа жолдаған хатында айтылады.

Мәлімдемеде банктің атқарушы директоры Павел Просянкиннің "Банк активтер одан ары қолды болып, банкирдің өзі жасырынып қалмауы үшін Әблязовтің қамауда отыруына барын салады" деген сөзі келтіріледі.

Банк мәлімдемесінде француз полициясы Әблязовті оның мекен-жайы туралы "банк берген ақпарат бойынша ұстағаны" жазылған.

2005-2009 жылдары БТА банкін басқарған Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі "5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды" деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінген. 2011 жылы Қазақстан Ұлыбританияға Әблязовты экстрадициялау туралы өтініш түсірген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. Сол жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

2012 жылғы қарашада Лондонның жоғарғы соты қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтан қазақстандық БТА банктің пайдасына 2,1 миллиард АҚШ долларын өндіріп алу туралы үкім шығарған.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеп келеді.

Мұхтар Әблязовты 31 шілдеде Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтады.

1 тамызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының прокуроры Соланж Легра Азаттыққа Әблязов өзін экстрадициялау мәселесі шешілгенше әзірше қамауда бола тұратынын айтқан.
XS
SM
MD
LG