Accessibility links

Лондон соты Мұхтар Әблязовтан 2,1 млрд. доллар өндіріп алуға шешім етті


"БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.
"БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.
Лондонның жоғарғы соты қуғындағы саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтан қазақстандық БТА банктің пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіріп алу туралы шешім шығарды деп хабарлады британдық Би-Би-Си. Сот Әблязов БТА банкті шығынға батырғаны үшін осындай өтемақы төлеуі тиіс деген ұйғарым жасаған.

"БТА банктің" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банкті мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетіп қалды. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, британ сотына жүгінді. Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды.

Биыл ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов наурызда апелляциялық шағым жазған. Қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырды.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай шешім шығарған еді. Қазір Мұхтар Әблязовтың қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG