Accessibility links

Оралдық белсенділер "Антигептил" акциясын өткізді


Белсенділер Байқоңырдан Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға қарсылық білдіріп тұр. Орал, 29 қыркүйек 2013 жыл. Сурет Асқар Шайғұмаровтың Facebook парақшасынан алынды.
Белсенділер Байқоңырдан Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға қарсылық білдіріп тұр. Орал, 29 қыркүйек 2013 жыл. Сурет Асқар Шайғұмаровтың Facebook парақшасынан алынды.
29 қыркүйекте Орал қаласындағы Абай алаңында "Абырой" үкіметтік емес ұйымының Лұқпан Ахмедьяров, Абзал Құспанов және т.б. мүшелері мен бір топ азаматтық белсенділері Байқоңырдан Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға қарсы акция өткізді. Белсенділер Флешмоб видеосын YouTube желісінде жариялады.

Акцияға қатысқан оралдық белсенді Асқар Шайғұмаров Азаттық тілшісіне:

- Флешмоб түрінде өткен акцияны "Антигептил" деп атадық. 20 шақты адам қатысты. Біз Байқоңыр ғарыш айлағынан гептил отынын пайдаланатын зымыран тасығыштарды ұшыруға қарсылық білдірдік. "Протон" зымыранының символы ретінде қара түсті шарлар ұстап келдік, экологияның ластануын білдіретін медициналық маскалар кидік, - деді.

Белсенді "акцияны бақылауға полицияның келмегінін, акцияға көшеде кетіп бара жатқан бірнеше қала тұрғындарының қосылғанын" айтты. Оның ойынша, "қазір Қазақстан қоғамында Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға деген қарсылық бар. Қазақстан және Ресей билігі мұны ескеруі тиіс".

25 қыркүйекте "Қазғарыш" агенттігінің төраға орынбасары Еркін Шаймағамбетов "Қазақстан Ресейге Байқоңырдан "Протон-М" зымыранын ұшыруға рұқсат етуі мүмкін" деп мәлімдеді. Ресейлік «Известия» басылымы 24 қыркүйекте "Ресей Қазақстан жауабын күтпей, қыркүйектің 30-ы күні Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыра беретіні" туралы жазды. Газеттің хабарлауынша, "Роскосмос" Қазақстан үкіметіне ескерту жіберген.

2 шілдеде ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы Байқоңырда апатқа ұшыраған еді. Апат кезінде ғарыш айлағы маңы зымыран тасығыштың бірнеше жүз тонна улы отыны – гептилмен ластанған.
XS
SM
MD
LG