Accessibility links

Екі оттың ортасында қалған Молдова


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Молдова премьер-министрі Юрие Лянкэ шарап құйылған бокал көтеріп тұр. Молдова, 4 желтоқсан 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Молдова премьер-министрі Юрие Лянкэ шарап құйылған бокал көтеріп тұр. Молдова, 4 желтоқсан 2013 жыл.

Украинаның Еуропа Одағымен интеграцияланудан тартынуы Молдованың еуропашыл үкіметін екіұдай күйге ұшыратты. Приднестровье мәселесін шешу үшін Кишинев барынша сақ позиция ұстанады.

Молдованың еуропашыл үкіметі көршілес Украинаның Еуропа Одағымен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қоюды кейінге қалдыру шешіміне қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ресми Кишинев Киевтің өзімен бірге Еуропа Одағына қарай қадам жасағанын құп көреді. Бір жағынан Молдова сепаратистік аймақ – Приднестровье мәселесінде Украинаның қолдауына мұқтаж.

Кейде үнсіз қалудың өзі біраз жайттан хабар береді.

Өткен айда Украинада үкімет ұзақтан бері пысықталып келе жатқан Еуропа Одағымен Ынтымақтастық шартына қол қоюдан бас тарту туралы шешім шығарған соң халықтың бір бөлігі наразылық шарасын бастағаны белгілі. Молдованың азаматтық қоғам өкілдері үкіметтің бұл мәселеге қатысты ләм деп ауыз ашпағанынан секем алады.

Киевтің бұл шешімінен соң шағын ғана Молдова Еуропа Одағының Шығыс аймақтағы әріптестік бағдарламасының жалғыз үміті болып қалды. Вильнюсте өткен Шығыспен әріптестік саммитінде Кишинев келісім-шарттардың жаңа түрлерін қабылдау туралы бастама көтерді. Желтоқсанның 4-інде қысқа да болса жоғары деңгейде сапармен келу арқылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Молдованың жеткен жетістіктері мен мәртебесін қосымша қуаттағандай.

Молдова өзінің ең басты мәселесі – Ресейдің қолтығына кірген сепаратистік аймақ Приднестровье түйінін шешуде Киевтің көмегіне аса мұқтаж. Демек, Кишинев Украинаның Еуропаға қарай бағыт алуын қолдаумен қоса сепаратистік аймақ мәселесінде Киевке арқа сүйей отырып, тепе-теңдік сақтауы керек.

ЕУРОМАЙДАНДЫ ҚОЛДАУ

Соған қарамастан, елдегі ең белсенді деген 30-ға тарта үкіметтік емес ұйымның басын қосатын Молдова ұлттық кеңесі желтоқсанның 1-інде президент пен үкіметтен «Украинаның Еуропамен интеграциялануына және демократиялық трансформациялардың жүруіне ықпал ететін қолдау шараларын» барынша көбейтуді талап еткен қатаң мәлімдеме жасады. Кеңес басшысы Сержу Остаф осы аптада шағын делегацияны бастап Киевке келіп, мұндағы наразылық білдірушілердің қатарына қосылды. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол Кишиневтің бұл мәселеде қатаң ұстанымда болуы керектігін айтты.

Молдовалық адам құқығын қорғаушы Сержу Остаф Азаттық радиосының Кишиневтегі бюросында. 23 қараша 2013 жыл.
Молдовалық адам құқығын қорғаушы Сержу Остаф Азаттық радиосының Кишиневтегі бюросында. 23 қараша 2013 жыл.
- Мұндағы мәселе біреуді айыптау не көзге шұқу емес. Ең аз дегенде Украинаның Еуропамен интеграциялануын жақтайтынымызды тағы бір мәрте шегелеп айтуымыз қажет-ақ. Осы арқылы Молдова нағыз Еуропа үкіметіне тән саяси мәдениетті таныта алады, - деді ол.

Остафтың осы пікірін қуаттағандай ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Киевке келген (Украина биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді - ред.) Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле желтоқсанның 4-і күні демонстранттар мен Украинаның оппозиция өкілдерімен кездесті. Ал Польша астанасы – Варшавада көршілес Украинаға қолдау білдіру мақсатында ең үлкен ғимарат осы елдің туына ұқсастырылып көк-сары түспен безендірілді.

ГЕОСАЯСИ ТАРТЫС

Молдова сыртқы істер министрі Наталья Германның тіпті Киевтегі ЕҚЫҰ кездесуіне барғанда да ләм-мим деп ауыз ашпауы аймақта үлкен геосаяси ойынның жүріп жатқанынан хабар береді. Украина да, Молдова да Еуропа Одағымен арадағы жобаларды қысқартып, Кремльдің бақылауындағы Кеден Одағына кіруді талап етіп отырған Ресейдің қысымына ұшырады.

Бұған қоса Мәскеудің саяси, экономикалық және әскери қолдауына сүйенген Приднестровье аймағының жайы тұрақсыздандырушы фактор рөлін атқарып отыр. Мәскеу мен Кишинев арасындағы осы бір басты басты түйткіл Молдова мен Ураина қарым-қатынасында да маңызды рөл ойнайды.

Молдовалық саяси сарапшы, журналист Эрнест Варданеан.
Молдовалық саяси сарапшы, журналист Эрнест Варданеан.
Кишиневте тұратын саяси сарапшы Эрнест Варданеан:

«Вильнюсте Еуропа Одағымен Ынтымақтастық шартына қол қоюдан бас тарту арқылы Виктор Янукович Молдова басшылығын біраз қобалжытып тастады, себебі Еуропамен интеграция да, Приднесровье мәселесін реттеу де Украинаның қатысуынсыз жүзеге аспайтынын Кишинев жақсы түсінеді» дейді.

ЕҚЫҰ-ға төрағалықты мойнына алған кезде Украина ұзаққа созылған Приднестровье дауын шешуді басымдықтарының бірі ететінін айтқан.

КРЕМЛЬДІҢ ТІЗЕ БАТЫРУЫ

«2012 жылы Евгений Шевчук Приднестровьенің президенті болып сайлана салысымен Украина келіссөздерді бастауға бірден ұмтылыс жасап, Евгений Шевчук пен Молдова премьер-министрі Влад Филатты Одессаға шақырса да, кейін бұл арағайындығын бәсеңдетті. Себебі 2011 жылғы сайлаудан соң есін жинған Ресей аймақтағы жағдайды қайтадан өз қолына алды» дейді сарапшы Варданеан.

Приднестровье аймағында Киевтің де өз мүддесі бар.

Приднестровье орталығы Тирасполь қаласында парламент ғимараты алдындағы совет көсемі Лениннің ескерткіші. (Көрнекі сурет)
Приднестровье орталығы Тирасполь қаласында парламент ғимараты алдындағы совет көсемі Лениннің ескерткіші. (Көрнекі сурет)
Аймақ Днестр өзенінің шығыс жағалауында орналасқан, оның Украинамен арада ұзын шекарасы бар. Тұрғындарының 30 пайызы украин ұлтының өкілдері және көбі Украина азаматтары, ал украин тілі - қазір аймақтағы үш ресми тілдің бірі. Киев мұндағы украиндардың жағдайына әрдайым алаңдап келеді.

Бұған қоса Киев Молдованың еуропашыл бағытына күмәнмен қарайды, себебі оның артында Еуропа Одағына мүше Румынияның зор ықпалы тұр деп санайды. Украина аумағында румын диаспорасы бар, олар ертең Молдовадағы саяси ауанның жетегінде кетіп, «Ұлы Румынияға» бірігейік деген ұрандарға қосылып кете ме деп қауіптенеді.

Кишинев Украина Приднестровье мен Украина арасындағы шекараны қорғау мәселесінде көмегін жалғасыра берер деп үміттенеді. Украина да, Молдова да Еуропамен еркін сауда аймағына кірсе бұл процесс тіпті жеңілдей түскен болар еді.

Сарапшы Эрнест Варденан Приднестровье Мәскеудің Молдоваға ықпал етудегі басты құралы болып отыр деп санайды.

- Ресей факторын бәсеңдетіп көрсеткім келмейді. Керісінше, соңғы кездері бұл фактор ұлғайып барады. Мұны біз Украинадағы жағдайдан айқын көріп отырмыз.
Ресей Тираспольдегі әкімшілікті ғана емес, Молдованың өз ішіндегі Батысқа қарсы және ресейшіл күштерді қолдап келеді.
Молдова президенті Николае Тимофти
Киевтің Еуропа Одағымен ынтымақтасудан бас тартуы Мәскеудің араласуының нәтижесі екені айқын. Бұл айналып келіп Приднестровье процесіне әсерін тигізді және алда да солай бола береді, - дейді сарапшы.

Желтоқсанның 4-і күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесу кезінде Молдова президенті Николае Тимофти Мәскеудің саясатына қатысты тосын мәлімдеме жасады:

«Ресей Федерациясы Тираспольдегі әкімшілікті ғана емес, Молдованың өз ішіндегі Батысқа қарсы және ресейшіл күштерді қолдап келеді. Болашақта Приднестровье аумағында және оңтүстіктегі Гагаузияда арандатушылар болуы мүмкін. Кишиневтегі саяси жағдайды ушықтыру әрекеттері де жасалуы ықтимал» деді ол.

Лилиан Барбароси мен Ладу Бенеаның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG