Accessibility links

АҚШ: Сноуден заң алдында жауап беруі тиіс


Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни
Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни
АҚШ билігіне Эдвард Сноуденге рақымшылық қолдану туралы мәселеге Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) қызметкері «өзінің жеке пікірін» ғана білдірген, ал президент Барак Обаманың Сноуденге байланысты ұстанымы бұрынғыдай. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни мәлімдеді. Оның айтуынша, «Сноуденге қылмыстық айып тағылған және ол Ресейден қайтарылған соң заң алдында жауап беруі тиіс».

Бұған дейін АҚШ ҰҚА ресми өкілі Ричард Леджетт Сноуденге рақымшылық жасау туралы мәселе «талқылауға тұрарлық» деп айтқан еді. Сноуден келтірген зардап көлемін анықтайтын арнайы комиссияны басқаратын Леджетт Сноуден ұрлап алған, бірақ әлі жария етпеген деректерді ары қарай таратпауға мүмкіндік бар деп мәлімдеген.

Бұған қоса дүйсенбі күні АҚШ федералдық судьясы Ричард Леон азаматтардың телефон әңгімелерін ҰҚА-ның тыңдауы жеке өмірге қол сұқпау туралы АҚШ конституциясындағы төртінші түзетуге қайшы келетіні туралы тұжырым жасады. Бірақ ҰҚА тарапынан апелляциялық шағым берілуі мүмкін екенін ескерген судья өз шешімінің орындалуын уақытша кейінге қалдырды.

Биыл жазда ҰҚА-ның тыңшылық жасайтын арнайы бағдарламаларын әшкере еткен оның бұрынғы агенті Эдвард Сноуден Ресейден уақытша баспана алып, қазір сол елде тұрып жатыр. Ресейден оны қайтарып беруді сұрап отырған АҚШ билігі Сноуденге "мемлекеттік құпияны жариялаған" деген айып таққан.
XS
SM
MD
LG