Шетпелік жұмысшылар шағымы
Маңғыстау облысының Шетпе кентінде теміржол стансасы жол жөндеушілері ұжымдық шарт талаптарының орындалмай отырғанына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, теміржолдағы еңбек жағдайы нашар, жалақылары мардымсыз, арнайы жұмыс киімдерінің сапасыздығынан жұмысшылардың денсаулығы жиі сыр беретін болған. 2014 жылдың соңына дейін «қолданыстағы ұжымдық шартты әлі күнге дейін көзімізбен көрген жоқпыз» деген олар, талаптарын аймақтық филиал орындамаса жаңа жылдан соң «Қазақстан теміржолы» ҰК президенті Асқар Маминнің келуін талап етіп, акцияға шығатындарын мәлімдеді.