Accessibility links

Сәрсенбайұлының өліміне қатысты келесі сот Қаскелеңде өтеді


Алтынбек Сәрсенбаевтың көрмеде тұрған суреті. Алматы, 10 ақпан 2010 жыл.
Алтынбек Сәрсенбаевтың көрмеде тұрған суреті. Алматы, 10 ақпан 2010 жыл.

Талдықорғанда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі серігінің өліміне қатысты алдын-ала сот тыңдауы өтті. Негізгі сот отырысы 22 қаңтарда Қаскелеңде болады.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның өліміне қатысты 10 қаңтар күні Талдықорған қалалық сотында өткен алдын-ала тыңдауға біраз журналист жиналды.

ҚҰПИЯ СОТ

Журналистердің кейбірі мұның жабық процесс екенін білді. Кейбірі ішке тым болмаса бірер минутқа кіргізуін өтінді. Бірақ Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Меруерт Қамбарова журналистерді арнайы дайындаған бөлмеге шақырды. Ол тілшілер сауалына «Комментарий бермеймін!» деп қана жауап берді.

Жиырма шақты журналист пен оператор екі сағат бойы тыныш кабинетте отырып, "Негізгі сот қайда өтеді?", "Сот қанша күнге созылады?", "Күдіктілер қатарына жаңадан қосылған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев сотта айыптылар қатарында отыра ма?" деген сауалдар төңірегінде болжам айтысты.

Түске таяу соттың үзіліс жариялағаны белгілі болды. Қаза тапқан
Рысбек Сәрсенбай. Талдықорган, 10 қаңтар 2014 жыл.
Рысбек Сәрсенбай. Талдықорган, 10 қаңтар 2014 жыл.
оппозиционердің інісі Рысбек Сәрсенбай оның себебін түсіндірді.

– Мен судья Берікжан Байжүнісовті ауыстыруды өтіндім. Өйткені оның жұбайы – менің марқұм әйелімнің немере туысы. Судьямен туыстық жақындығым бар. Оның кәсіби және адамдық қасиеттеріне күмәнім жоқ, бірақ біз туыс болғандықтан кейін оның шешімі жайлы қауесет тууы мүмкін. Жұрт оның шешіміне күмән келтіруі мүмкін. Сот шешімі әділ әрі заңды болсын деймін, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

СОТ ТЫҢДАУЫ ҚАСКЕЛЕҢДЕ ӨТЕДІ

Сот тыңдауы түстен кейін қайта жалғасты. Журналистер тағы да арнайы бөлмеде екі сағат бойы сот залынан хабар күтіп отырды. Үзіліс кезінде тысқа Василий Журавлев марқұмның қызы Татьяна Журавлева шықты. Қатты қиналып тұрған оны ері сүйемелдеп жүрді. Азаттық тілшісінің сот барысы жайлы сұрағына Татьяна Журавлева жауап бермеді. Ері оның сөйлеуге шамасы келмейтінін айтты.

Кешкі сағат бес жарымда процеске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор Ғалымжан Тілеубаев сот фойесіне шықты. Ол тыңдау аяқталғанын, ал сот отырысы қаңтардың 22-сі күні Алматы облысы Қаскелең қаласында басталатынын жариялады.

Оның ізінше оппозиционерлер Маржан Аспандиярова мен Рысбек Сәрсенбай шықты. Алдын-ала тыңдау нәтижесіне риза еместігі екеуінің ренішті жүзінен байқалады.

Бүгінгі отырыстың нәтижесіне Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қызметтегі
Төлеген Жүкеев. Талдықорған, 10 қаңтар 2014 жыл.
Төлеген Жүкеев. Талдықорған, 10 қаңтар 2014 жыл.
пікірлесі Төлеген Жүкеевтің де көңілі толмаған.

– Судьяның біздің бір де бір өтінішімізді қанағаттандырмағанына қарағанда, процесс 2006 жылғы сот сияқты өтетін тәрізді. Ол кезде де біздің өтініштерімізді қанағаттандырмаған еді. Біріншіден, біз тыңдауды тоқтатып, іс материалдарымен танысып шығуға уақыт беруді сұрағанбыз. Уақыт бермеді. Екіншіден, процесті біз бас тартқан судья жүргізетін болды. Процестің Алматыға таяу жерде – Қаскелеңде өтетіні ғана көңілге медеу, – деді ол журналистерге.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Ескендір Әлімов қаңтардың 22-сіне дейін іс материалдарымен танысуға мүмкіндік алғанына қуанышты. Адвокат мұны «бүгінгі өткен алдын-ала сот тыңдауының пайдасы» дейді.

Процеске іс бойынша негізгі айыпталушы, тұтқын Ержан Өтембаев та қатысқаны белгілі болды. Мұны журналистерге Рысбек Сәрсенбай хабарлады. 2006 жылы
Қазақстан парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
Қазақстан парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев.
парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбайұлын «жеке бас араздығына байланысты өлтіруді ұйымдастырған» деген айыппен 20 жылға сотталған. 2006 жылдың 11 ақпанында Сәрсенбайұлымен бірге жанындағы көлік жүргізушісі Василий Журавлев пен оққағары Бауыржан Байбосынды ұрлап әкетіп, атып өлтірген. Сот бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимовты «кісі өлтіру қылмысын тікелей жасады» деп танып, өмір бойы түрмеде отыру жазасына кескен.

Былтыр желтоқсан айының аяғында бас прокуратура жеті жылдан кейін «Алтынбек Сәрсенбайұлы мен жанындағы серіктерінің өліміне кінәлі жаңа адамдар анықталды» деп мәлімдеген. Прокуратураның болжамынша, олар – Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев. Енді жаңа сот құрамы бас прокуратураның бұл мәлімдемесінің рас немесе жалғандығын дәлелдеуі тиіс. Шетелде қашып жүрген Рахат Әлиев «саяси астары бар» деп, бұл айыптауларды мойындамайды.
XS
SM
MD
LG