Accessibility links

Сәрсенбайұлы туралы деректі фильм түсірілді


Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы деректі фильмнен үзінді. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы деректі фильмнен үзінді. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Алты жыл бұрын қаза тапқан саясаткердің туған күніне орай журналистерге жүлде табысталып, саясаткер туралы жаңа деректі фильм көрсетілді.

Қыркүйектің 11-і күні Алматыда «Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың» ұйымдастыруымен саясаткер туралы «Елімнің ертеңі не болмақ?..» деректі фильмінің тұсау кесері өтті. 30 минуттық туындыда Сәрсенбайұлының мемлекеттік істерге араласу тарихы мен оның саясаттағы қадамдары баяндалды. Туынды барысында оның сұхбаттары мен билікке қатысты ой-пікірлері де берілді.

«СӘРСЕНБАЙҰЛЫ ТУРАЛЫ ТЕК ТӘЖИН СӨЙЛЕУГЕ КЕЛІСТІ»

Фильм идеясының авторы – Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы. Сценарий авторы және режиссер – журналист Қасым Аманжол. Бұл – оппозициялық саясаткердің туғанына 50 жыл толу мерейтойына орайластырылған туынды.

- Негізгі мақсат Алтекеңді мемлекеттік қайраткер, саяси тұлға және нақты істер жасаған тұлға тұрғысынан көрсету еді, - дейді Қасым Аманжол.

Фильмде сөз алғандар арасында бүгінде билікте жүргендерден тек Марат Тәжин болды. Ол саясаткердің мінезі мен өмірлік ұстанымы туралы пікірін білдірді.
Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы фильмнің авторы Қасым Аманжол. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы фильмнің авторы Қасым Аманжол. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

- Мемлекеттегі үлкен дәрежелі шенеуніктермен кездесіп, олармен сұхбат жайлы сөйлестім. Бірақ олар сыпайы түрде бас тартты. Келіскен адам Марат Тәжинге шынымен үлкен алғыс айтамын. Өзінің досы ретінде, мемлекеттік қайраткер ретінде мойындап, сөз айтқаны үшін, - деді Қасым Аманжол.

Бұл фильм белгілі саясаткер туралы дайындалған қазақ тіліндегі алғашқы туынды. Оның авторларының сөзінше, бұл үрдіс одан әрі де жалғаспақ.

- Алда Алтынбекті бауыр ретінде, бір үйдің баласы, серіктерінің досы ретінде, қатарластарының арасындағы қаламгерлігі жөнінде фильм жасау ойда бар, - деді саясаткердің ағасы Рысбек Сәрсенбай.
Қазақ оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева (оң жақта). Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Қазақ оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының жесірі Салтанат Атушева (оң жақта). Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Осыған орай көрермендер арасында «фильм қазақтың біртуар азаматының артында қалған ұрпағы мен олардың тағыры туралы мағлұматтармен толықтырылса екен» деп тілек айтқандар болды. Тұсау кесер рәсіміне арнайы келген Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі Салтанат Атушева «бұл ұсынысқа қатысты ойланатындарын» жеткізді.

Салтанатпен бірге бүгінгі шараға саясаткердің ұлы Бекжан да келді, алайда ол көпшіліктен өзін алшақ ұстап, журналистерге пікір айтудан бас тартты.

МАРАПАТТАУ

Тұсау кесерден кейін Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор тағайындаған сыйлықтың иелерін марапаттау рәсімі басталды. Биыл бұл жүлдені төрт журналист алды. Олар: «Ашық алаң» газетінің қазақ редакциясының меңгерушісі Инга Иманбай, қарағандылық журналист Дулат Аманжол, guljan.org сайтының тілшісі Дилярам Аркин мен «Панорама» газетінің сарапшысы Ярослав Разумов. Ярослав Разумов 2 мың 500 АҚШ долларына тең сыйақысын толығымен «Жаңаөзенде қаза болғандардың балаларына аударатынын» айтты.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы жүлденің иегері журналист Ярослав Разумов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы жүлденің иегері журналист Ярослав Разумов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Биыл алтыншы мәрте табысталған жүлде қоғамдағы қордаланған мәселелерді ашық айтып, өзекті тақырыптар туралы жазып жүрген журналистерге беріліп келеді.
Бүгінгі шарада жүлденің алғашқы иелерінің бірі тәуелсіз журналист Гүлжан Ерғалиева лауреаттардың барлығын бірігуге шақырды.

- Біздің журналистік қызметімізді шынайы, әділ бағалап, осынау жоғары марапатқа лайықты деп тапқан соң, біз де тек премияны алып қана қоймай біріккеніміз жөн. Менің ұсынысым Алтекеңнің атындағы марапаттың барлық иелері бірігіп, фильм немесе кітап секілді үлкен істі қолға алғанымыз жөн, - деді марапаттау рәсіміде сөз алған guljan.org сайтының редакторы Гүлжан Ерғалиева.
Алтынбек Сәрсенбайұлының ұлы Бекжан Сәрсенбаев. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлының ұлы Бекжан Сәрсенбаев. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Қордың Алтынбек Cәрсенбайұлының туғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырған шарасы бір бұл емес. Ертең, қыркүйектің 12-сі күні, саясаткердің туған күнінде Алматыда концерттік кеш өтіп, 15-16 қыркүйек Алтынбек Сәрсенбайұлының атындағы дәстүрлі футбол жарысы ұйымдастырылмақ. Ал қыркүйектің 16-сында ас беріледі.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, өмірінің соңғы жылдары оппозициялық саясаткерге айналған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылы жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Деректі фильмді төмендегі сілтеме бойынша көре аласыздар.


XS
SM
MD
LG