Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейін оның саяси қызметіне әрқилы баға берілді. Көптеген сарапшылардың пікірі «Алтынбек Сәрсенбайұлы бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі саяси кезеңнен өтті – яғни әуелі Назарбаев режимін орнықтыруға елеулі еңбек сіңірді, кейін сол режимге қарсы қызмет еткен негізгі саяси фигураға айналды» деген ойға саяды.
Сонымен қатар «Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі – оппозицияға сес көрсетудің бір жолы болды, бұл қастандық Қазақстан оппозициясының жүрегін шайлықтырып тастады» деген де пікірлер шықты.
Кейбір саясаткерлер «бұл өлім билікте жүрсе де оппозицияға іш тарта қарайтындарды да қатты үрейлендіргенін» айтады. Олар Қазақстанның жаңа саяси тарихында оқтын-оқтын байқалатын «биліктен оппозицияға кету үрдісінің» соңғы жылдары тоқтап қалуын Алтынбек өлімімен байланыстырады.
АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ СЕРІКТЕРІ
1993 жылы билікке араласқан Алтынбек Сәрсенбайұлы он жыл ішінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңындағы ықпалды тұлғалардың біріне айналды. Ол серіктері мен пікірлестерін қалыптастырып, бірнеше адамның жоғары лауазымды қызметке жетуіне себеп болды.
Алтынбек Сәрсенбайұлы Азаттық радиосына 2003 жылы берген сұқбатында 2001 жылғы саяси дүрбелеңнен кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрып, кейін одан конструктивті оппозициялық ұстанымына қарай бөлініп шыққан «Ақ жол» партиясын құрушылардың ішінен Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жанат Ертілесова, Қайрат Келімбетов, Сауат Мыңбаевтарды «өз серіктерім» деп атаған еді.
Алтынбек Сәрсенбайұлының көзі тірісінде құрылған «Нағыз Ақ жол» партиясы ЖСДП-мен бірігіп, 1990 жылдардағы «Азат» қозғалысының атауын иеленуі партияның бұрынғы кейбір мүшелерінің наразылығын туғызып, партия қатарынан шығуына әсер етті. Соның бірі Жасарал Қуанышәлин:
– Алтынбексіз Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Ораз Жандосовтар бірден қаусап қалды ғой. Алтынбек тірі болғанда Болат Әбіловтер қазіргідей Ақордамен байланыста жұмыс істемес еді. Партияның атын өзгертіп, өзара быт-шыт болып, қайдағы жоқ әрекеттерге бармай, халықпен жұмыс істеуші еді, – деді Азаттық радиосына 2011 жылы берген сұқбатында.
Алтынбек Сәрсенбайұлы «серіктерім» деп атаған азаматтардың біразы көп ұзамай-ақ билікке оралды. Алтынбектің қазасынан кейін де оппозицияда қалған Ораз Жандосов соңғы жылдары саяси белсенділігін бәсеңдетіп, экономикалық мәселелермен шұғылдануға ойысты.
АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ ДОСТАРЫ
Кейбір сарапшылар қазіргі қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әрі президент көмекшісі Марат Тәжинді, бірнеше жыл президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып, таяуда «Нұр Отан» тізімімен мәжіліс депутаттығына өткен Мәулен Әшімбаевты да Алтынбек Сәрсенбайұлымен пікірлес адамдардың қатарына қосады.
«Ақ жол» партиясы екіге жарылғаннан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлы Әлихан Бәйменовке жазған хатында: «...басыма төніп тұрған қауіп болса, мен оны (көмекті – ред.) досым – ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Марат Тәжиннен неге сұрамаймын. Ол маған, тіпті, қажет болса бір рота солдатын бермес пе еді» деген еді.
2006 жылы ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлы қайтыс болғанда Марат Тәжин президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінде отырды. Көбіне көлеңкеде жүрсе де Қазақстандағы басты идеологтардың бірінен саналатын Марат Тәжин «өзінде жоқ бір рота солдатты» бере алмайтын еді, бірақ досының қазасы туралы да пікір айтпады.
Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы «Алтекеңнің билік төңірегіндегі пікірлестеріне ренжісек, осы тұрғыдан ренжиміз» дейді.
– Алтекең қайтқанда Марат Тәжин әулетімізге келіп, көңіл айтты. Естелік кітапқа да өз ойын жазып берді. Бұл жағынан алып қарағанда, Тәжинді достықты, кешегі сыйластықты сатқан деп айтуға болмайды. Оны да, мүмкін, айтызбасы айтқызбай, тежегіші тежеп тұрған шығар. Бірақ меніңше, оның ішкі ойы, адами көзқарасы тура болса керек, – деді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Азаттық радиосының тілшісіне айтқан әңгімесінде.
АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Рысбек Сәрсенбайұлы «Алтынбек билікте жүргенде тағы да басқа көптеген адамдардың оның ықпалында болғанын, соның ішінде Ерлан Қарин (қазір «Нұр Отан» партиясының хатшысы – ред.) тәрізді бірқатар кейінгі буын саясаттанушылар Алтынбек бағыт берген саясаттану, мемлекеттану мектебінен өткенін» сөз етті.
Ол «Алтынбектің шәкірті әрі пікірлес-кеңесшісі Айдос Сарымның құрылтайшылығындағы кейбір веб-сайттар соңғы кездері билікшіл «Ақ жол» партиясына қолдау танытатын материалдарға біршама орын бергенін» айтады.
– Мүмкін, қазір Айдос кішкене адасыңқырап жүрген шығар. Арғы-бергісін сараласа, бұрынғы мақсатына қайта оралуы мүмкін. Оның Перуашевтар жағына шығып, солардың диірменіне су құйып бергенін, әрине, мен де дұрыс дей алмаймын. Бірақ ол қандай мақсатпен, неліктен соған барды? Мүмкін, «Алаш арыстарының идеясын жалғастырамыз» дегенге сеніп қалды ма, әлде басқадай себептері болды ма – нақты айта алмаймын, – деді Рысбек Сәрсенбай.
Жұмыс істеу керек. Ақша жасау керек. Бұл – күнкөріс.
Ал саясаттанушы Айдос Сарым өзі жетекшілік ететін сайттар «Ақжол» партиясының ғана емес, коммунистердің де, «Руханияттың» да жарнамалық материалдарын жариялағанын, «онда тұрған ештеңе жоқ екенін» айтады.
Оның пікірінше, «Жұмыс істеу керек. Ақша жасау керек. Бұл – күнкөріс».
– Менің түсінігімде, дәл бүгінгідей жағдайдың өзінде билікпен жұмыс істеу керек. Билікті мүмкіндігінше халық ырқына қарай бұру – әрбір ойлы азаматтың міндеті. «Бұл билік өзгермей, ештеңе өзгермейді» деп ат құйрығын шарт кесу – ең оңай жол. Шындап келгенде, биліктің ұлттық мәселеге қарай трансформациялануы әлі де мүмкін нәрсе, – дейді Айдос Сарым.
Бірақ ол биліктің бірқатар ақпарат құралдарына айтқан сөздері бұрмаланғанын, «қазан айында берген сұқбаты Жаңаөзен оқиғасынан кейін, яғни желтоқсанда жарияланып, оған өзі айтпаған сөздер қосылып кеткенін», Жаңаөзен оқиғасына байланысты өзі айтқан сөзін газеттен оқып, телеарнадан көргенде «жағасын ұстағанын, бірақ ақпарат құралдарымен соттасатын ойы да, уақыты да жоқ екенін» айтты.
Айдос Сарымнан «Нағыз Ақ жол» «Азат» қозғалысының атауын иеленген соң ол партиядан шығу себебін сұраған едік. Саясаттанушы «идеологиялық түйткіл себеп болғанын» айтты.
– Өз басым социал-демократиялық идеяларды қабылдай алмаймын. Алтынбек, Болат, Ораздар басқарған «Нағыз Ақ жол» шын мәнінде оңшыл күш болатын. Ұлттық бағыттағы мемлекетшіл оңшыл күш деп есептеймін. Сол бағыттан социалистік бағыттағы солшыл бағытқа өткеннен кейін басқаша жол іздедік, – дейді Айдос Сарым
Бірақ Айдос Сарым жоғарыда сөз болған саясаткерлермен «әлі күнге араласып, пікірлесіп тұратынын» ескертіп өтті.
Ал саясаткер Төлеген Жүкеевтің айтуынша, «Айдос Сарым билік жағына шыққан емес».
Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі де оппозициядан билікке аз уақыт қайта барған.
– Қазақтың мүддесін айтып, Алтекеңнің интеллектуалдық-саяси мұрасын нақты жүзеге асырып жүргендердің бірі – Айдос, – дейді саясаткер.
Төлеген Жүкеев «Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі де оппозициядан билікке аз уақыт қайта барған» дей келе:
– Кей саясатшылар «тактика ретінде ондай айлаға баруға болады» деп есептейді, – деді.