Accessibility links

"Терроризм" айыбымен сотталған әйел босап шықты


Астана тұрғыны Наталья Войтенкова. (YouTube видеосынан алынған скриншот)
Астана тұрғыны Наталья Войтенкова. (YouTube видеосынан алынған скриншот)

Терроризм бабымен бес жылға сотталған Наталья Войтенкованың ісін Астана қалалық соты қайта қарап, оны қамаудан босатты.

Қаңтардың 13-і күні Астана қалалық соты «терроризм мен экстремизмді насихаттады» деп айыпталған 33 жастағы астаналық Наталья Войтенкованың ісін қайта қарап, оның жазасын бес жыл кейінге қалдырған.

Мұны Азаттыққа айыпталушының адвокаты Наталья Демидова мен сіңлісі Полина хабарлады. Тілші дүйсенбі күні кешкісін хабарласқанда олар Астанадағы тергеу изоляторына келіп Натальяның босатылуын күтіп тұрғандарын айтты.

"40 минут бұрын Астана қалалық сотында апелляциялық шағым қарау отырысы болды. Судья күткеніміздей заңды шешім қабылдады. Бірінші инстанцияда кеткен қателіктерді түзеді. Осылайша әділет орнады" дейді адвокат Наталья Демидова.

Адвокаттың сөзінше, сот Наталья Войтенкованың кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, қылмыстық кодекстің 72-бабы («Аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жазасын өтеуді кейінге қалдыру») бойынша босатқан.

Адвокаттың сөзінше, бес жыл ішінде Войтенкова заң бұзбаса, онда сот оның ісін қайта қарап, сәйкесінше жазадан толық босатады.

"Қазір ол толық босатылып шықты десе де болады" дейді адвокат.

Наталья Войтенкованың кәмелетке толмаған балалары. Youtube-тан алынған скриншот
Наталья Войтенкованың кәмелетке толмаған балалары. Youtube-тан алынған скриншот
Наталья Войтенкованың жұбайы Рафис Галиуллин 2009 жылы Қазақстанда тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» партиясының мүшесі ретінде айыпталып, 7 жылға сотталған еді.

Олардың үш жас баласы бар (Абдулла - 12 жаста, Хадиджа - 6 жаста, Муслима - 5 жаста). Шешесі қамауда болған кезде балаларды Натальяның Астанадағы кәрі шешесі мен 19 жастағы сіңлісі Полина баққан.

Айыпталушының сіңлісі Полина кешкі сағат жетілер шамасында сот қаулысын тергеу изоляторына бергенін, құжаттар рәсімделіп жатқанын айтты.

Азаттық тілшісі бұл оқиғаға байланысты Астана қалалық сотына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты 2013 жылы қазанның 12-сі күні Наталья Войтенкованы «терроризм мен экстремизмді насихаттады» деген айыппен 5 жылға соттаған еді.

Оны ері Рафис Галиуллиннің түрмедегі жағдайы туралы мәлімдеме жасап, YouTube-ке жариялағаны үшін айыптаған. Войтенкова ол бейнекөріністе 7 жылға сотталған күйеуіне «түрмеде қысым жасалып жатқанын» баяндаған.

Қазан айында шыққан үкімнен кейін YouTube желісінде көп балалы ананы босатуды талап еткен бейнероликтер пайда болып, оны қолдау акциясы өтті. Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға Ресей, Украина, Татарстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Палестина, Швеция, Марокко азаматтары да қатысқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG