Жемилевтің сыйлығы
3 маусым күні Польшада Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилевке Лех Валенса атындағы Solidarność («Ниеттестік») сыйлығы тапсырылды. Сыйлық бұдан 25 жыл бұрын - 1989 жылы 4 маусым күні өткен, Польшадағы коммунистік режимнің құлағанын білдірген алғашқы еркін сайлау құрметіне тағайындалған. Салтанатты рәсімге АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Украина президенті Петр Порошенко қатысты. Порошенко «Украинаның жеңетінін, Қырымның оралатынын» айтса, Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса Жемилевке: «Жеңетіндеріңізге сенемін. Өйткені Ресейдің күш көрсетуі – ескірген тәсіл. Бірге жеңеміз» деді. Жемилев сыйлық қаржысының негізгі бөлігін «Қырымды дамыту қорына» бөлетінін, «Еуромайданда» қаза тапқандар отбасына 100 мың еуро аударатынын мәлімдеді. Ол Ресейге қарсы санкциялар күшейе беруі тиіс екенін айтты.