Малайзия өкілдері Украинаның шығысында құлаған жолаушылар ұшағының жазба жүргізетін екі құрылғысын («қара жәшіктер») Голландия қауіпсіздік басқармасына тапсырды. Бұл туралы Нидерланд сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған деп хабарлады France-Press агенттігі.
«Қара жәшіктер» енді Ұлыбританияның Фарнборо қаласындағы әуедегі төтенше оқиғаларды зерттейтін арнайы орталыққа жіберіліп, мамандар апат кезінде бұл құрылғыларда жазылып қалған деректерді анықтайтын болады.
Бұған дейін өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» өкілдері малайзиялық сарапшыларға тапсырған екі «қара жәшік» Киевке жеткізілгені хабарланған еді.
17 шілде күні Украинаның Донецк облысында құлаған Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағын жерден әскери зымыранмен атып түсірген деген болжам да бар. Ұшақтағы 298 адам түгел қаза тапқан.