Жаңаөзенде 2011 жылы 16 желтоқсанда болған қанды оқиғаға орай сотқа тартылған 37 азаматтың бірі, 22 жастағы Жігер Аманжолов осы аптада Алматыға келіп, сол көзінің орнына жасанды көз салдырды.
2012 жылы 4 маусымда үш жыл шартты жазаға және екі жыл сынақ мерзіміне кесілген Жігер Аманжоловтың кейін жазасы жеңілдеп, ол екі жыл шартты мерзімге ауыстырылған еді.
ЖАСАНДЫ КӨЗДІ ҮШ ЖЫЛ КҮТКЕН ЖІГЕР
Жігер Аманжолов сол көзінен 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан бұрын айрылғанын айтады.
Ол кезде 19 жастағы жігіт операция жасатқан көзін таңып алып, Қазақстанның тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шараларды көру үшін сол күні Жаңаөзеннің орталық алаңына келген екен. Бірақ ол оқиғаның соңы бейбіт тұрғындардың полиция оғына ұшуына ұласқан еді.
– Жаңаөзен оқиғасының қалай басталғанын көрмедім. Бірақ күн бата тағы да ата бастады. Көзге іліккендердің бәрі қамалды. Мені 2011 жылы желтоқсанның 19-ы күні тергеуге әкетіп, фотосуретер мен видеоларды көрсетіп, куәгер болуымды талап етті. «Айтпасаң – атып тастаймыз» деп қорқытып, көзімдегі жарақатыма қарамастан ұрып-соқты, – дейді Жігер Аманжолов.
Ол 2011 жылы желтоқсанның 28-інде «қаладағы дүкендердің бірін тонауға қатысқан» деп айыпталып, 37 адамның қатарында сотқа тартылған.
– Шартты жазаға ілініп, қамаудан босап шыққаннан кейін менің ісіме куәгерлік еткен, сол кезде бірі 15 жаста, екіншісі 13 жаста болған балалардың бірін тауып алдым. Оларды да ұрып-соғып мойындатқан болып шықты, – дейді Жігер Аманжолов.
Сотқа тартылғалы бері жұмыссыз жүрген Жігер Аманжолов үш жыл бұрын салдыруы тиіс болған, бірақ Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот кедергі келтірген жасанды көзге енді ғана жеткенін айтады.
– Емделуге кеткен шығынды Жаңаөзен әкімшілігі көтерді. Менің бастан кешкендеріме күйзеліп, екі қолы істемей қалған әкемді де емдеуге көмектесіп жатыр, – дейді қазір мұнай саласы кәсіпорындарының бірінен жұмыс табуды армандап жүрген Жігер Аманжолов.
СЕГІЗ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАТҚАН ЖАНБОЛАТ
Жаңаөзен оқиғасында тұсында не ол оқиғаны тергеу кезінде алған жарақатынан әлі айыға алмай жүрген Жігер Аманжолов қана емес.
Жаңаөзен оқиғасының тағы бір зардап шегушісі – ол қырғын туралы Saule540 деген қолданушының атынан YouTube-ке жүктелген видеодағы кейіпкердің бірі Жанболат Жаманқараев.
Жанболаттың анасы Ақеркенің Азаттық тілшісіне айтуынша, оқиға кезінде оқ тиіп, полицейлер сойылы астында қалған ұлының бір аяғы қысқарып, үшінші топтағы мүгедек болып қалған. Жанболат 2012 жылы жазда Астана қаласында операция жасатқан. Бірақ одан соң аяғы қисық бітіп, кейін Ресейдің Қорған қаласында қайта операция жасатып, сонда емделіп жатыр екен.
– Қазірге дейін барлығы сегіз операция жасатты. Арада реті келгенде жұмысқа да орналаспақ болды. Қаладағы негізгі жұмыс беруші «Өзенмұнайгаздың» бас директоры Мақсат Ибағаров «Нұр Отан» партиясының жиналысында «мүгедектерді жұмысқа ала алмаймыз» деп ашығын айтқан соң жігері мұқалып қалды. Баламды емдеу шығындарын көтеріп жатыр, бірақ әрі қарай жұмысқа алғанын қалаймыз. Компанияның өз қаржысымен оқытып, жағдай жасай алатын мүмкіндігі бар ғой, – дейді Жанболат Жаманқараевтың анасы Ақерке Азаттық тілшісіне.
Денсаулығына қатты зақым келген Жігер мен Жанболат сияқты жастарды жұмысқа ала алмайтындарын Жаңаөзен оқиғасы кезінде мұнайшылары қаза тапқан және жараланған «Өзенмұнайгаз» компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері Әділ Сүйебай да растады.
– Мұнай өндірісі қауіпті, зиянды болып есептеледі. Сондықтан онда мүгедек адамдарға қолайлы, жеңіл жұмыстар аз, – дейді ол Азаттық тілшісіне.
Әділ Сүйебайдың сөзінше, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккен адамдарға мұнай компаниясы да көмектесіп жатыр. Ол «Өзенмұнайгаздың» көмек сұрап келген 24 адамды Қорған қаласындағы «Елизаров» емдеу орталығына жібергенін, қаза болған адамдардың отбасынан бір-бір адамды жұмысқа алғанын айтты.
«ҚАЙТА ТЕРГЕП, ШЫН АЙЫПТЫЛАР ЖАЗАЛАНУЫ КЕРЕК»
Қоғамдық белсенді, Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот процесіне қатысқан Ғалым Ағелеуов Жігер Аманжолов пен Жанболат Жаманқараев сияқты жастардың бастан кешкендері ол кезде тұтқындалған және сотталған басқа да көптеген адамдардың жағдайына ұқсайтынын айтады.
– Жігер Аманжоловтың «ісі» куәгерлерді ұрып-соғумен дәлелденгені сот кезінде-ақ белгілі болған. Жаңаөзен оқиғасынан кейін қайтсе де кінәлілерді табуды мақсат тұтқан билік қандай қылмысты таңамын десе де өзі білетін еді. Жігер – еш жазықсыз жазаланғандардың анық мысалы. Жаңаөзен оқиғасына байланысты қайта тергеу жүргізіліп, шын айыптылар жазаға тартылуы тиіс, – дейді Ғалым Ағелеуов.
Тергеу не жауапқа алу кезіндегі зорлық-зомбылық, жалған куәгерлік, кінәсіздігін дәлелдеу мүмкіндігінің жоқтығы – Жаңаөзен соты процесі кезінде жиі кездескен жайттар. Ондай мәліметтерді Жаңаөзен (2011 жылғы 16 желтоқсанда) және Шетпе (сол күннің ертеңінде, 17 желтоқсанда болған) оқиғалары «айыптыларына» қатысты 2012 жылы ерте көктемде Ақтау қаласында басталған сотқа қатысқан Азаттық тілшісі де естіген.
Айыпталушылар «алдын ала тергеу кезінде полицейлердің ұрып-соққанын, азаптағанын» хабарлаған, айыптау тарапынан келген кейбір куәгерлер де жауаптарының қысыммен алынғанын мәлімдеген. Қорғау тарабы алдын ала тергеу кезінде заң бұзушылықтар көп болғанын айтқан.
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп тұрған ереуілші мұнайшыларға оқ атып, ресми есеп бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған еді. Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «билік өкілдеріне күш қолданды», «мүлік ұрлады және тонады» деп айыпталған. 2012 жылғы маусымда олардың 13-і – үш пен жеті жыл аралығындағы түрме жазасына, 21-і шартты жазаға кесілген, үшеуі ақталған. Сотталғандардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.
Түрме жазасына кесілген 13 адамның 8-і кейін шартты жазаға ілігіп босап шықты. «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың бесеуі (Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов, Қанат Жүсіпбаев, Роза Төлетаева мен Шабдал Өткелов) әлі қамауда отыр.
Түрмедегі бес тұтқынның кейбірінің де денсаулығы жақсы еместігі жайлы мәлімет айтылады. Мұнайшылардың белсендісі Роза Төлетаеваның күрт нашарлаған денсаулығы туралы да қарама-қайшылыққа толы ақпарат тараған. Биыл шілденің 2-сі күні сотталғандардың бірі Мақсат Досмағамбетов Ақтаудағы түрмеден Алматыға жеткізіліп, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында бет сүйегіне операция жасатқызған.