Accessibility links

ЕҚЫҰ өкілі Төлетаева жайлы шешімге алаңдады


ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос. Алматы, 11 маусым 2014 жыл.
ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос. Алматы, 11 маусым 2014 жыл.

ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның өзін түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші орындалмағанына өкініш білдірді.

Изабель Сантос жуықта Қазақстанға барған сапарында ресми тұлғалардың "Төлетаеваның мерзімінен бұрын босату туралы өтініші орындалуы мүмкін" деген уәделерін еске салып, бұл шешімге таңырқағанын айтады. Ол бұл істі және елдегі басқа да осындай оқиғаларды бақылап отырмақ.

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының өкілі Исабель Сантос биыл маусымда Қазақстанға барған сапарында түрмедегі оппозиционер Владимир Козловпен жолыққан, ал Жаңаөзен мұнайшылары белсендісі Роза Төлетаевамен кездесе алмаған.

2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарда аяқталуы тиіс.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG