Қазақстан экономикасы қалай дамып отыр және халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып отыр ма? Штаб пәтері Дубайдағы Легатум инситуты 26 қазан күні жариялаған Ғаламдақ гүлдену индексінде 110 мемлекеттің рейтінгі келтіріледі. Қазақстан осы 110 елдің ішінде гүлдену рейтингі бойынша бел ортадағы 50 орынды еншілеген. Бұл көрсеткішпен Қазақстан Украина, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің алдында тұр. Бұл рейтинг бірнеше көрсеткіштен құралады. Бұл жолы экономика, кәсіпкерлік және оның шарттары, билік, білім саласы, денсаулық, қауіпсіздік пен қорғану, еркіндік пен әлеуметтік негіздері алынған. Ғаламдық гүлдену индексі деп аталатын баяндамада, Қазақстанда экономиканы басқару бағыты тиімсіз делінеді. Алайда қазақстандық экономистер Қазақстан дағдарыс кезеңінің негізгі сатысынан өтті деген баға беріп отыр. Олар 2010 жылдың 9 айының қортындысын сараптай келе осындай қортындыға келіп отыр. Олар тек инфляцияның ауыздықталмай отырғаны болмаса, банк істері бірқалыпқа түскенін және өнім шығару өскенін алға тартып отыр.