Stratfor халықаралық ақпараттық барлау орталығы, өзінің 31 наурызда жариялаған соңғы есебінде, президент Нұрсұлтан Назарбаев билікті өзінің мұрагеріне тапсырып, өзі 2010 жылы биліктен кетуге бел буды деп жазды. Алайда, Ақорда төңірегіндегі билік үшін астыртын күрес-тарыс қатты өршіп, қатерлі сипат алды да, Назарбаевтың жақын үзеңгілестерін оған «Елбасы» мәртебесін беруге мәжбүр етті, деп жазады Stratfor. Ал енді, өзінің президенттік құзырын кезектен тыс сайлау арқылы 2016 жылға дейін ұзартып алған соң,- деп атап көрсетеді Stratfor,- Назарбаев астыртын күрес-тартысты өзіне қолайлы бағытқа қарай бұрып, «мұрагерін» таңдауға тиіс көрінеді. Stratfor-дың осы ақпары мен президент Назарбаевтың соңғы кезде жиі қайталап жүрген сөздерін назарға алсақ, Қазақстанды шынайы демократияландыруға Назарбаевтың өзі де аса мүдделі болып көрінеді. Егер де Назарбаев - ерте ме, кеш пе - биліктен кетуді ойлаған болса, мұрагеріне «суперпрезиденттік» билікті қалдыра ма әлде Қазақстанды парламенттік немесе президенттік-парламенттік республика етіп өзгерте ме? Азаттық радиосының Ресей және Қазақстан саясаттанушыларының қатысуымен орыс тілінде өткізілген кезекті дөңгелек үстелінде, міне, осы мәселелер сараланады. Дөңгелек үстелдің толық жазбаша және аудио мәтінін Азаттық радиосының Интернет-сайтынан оқып тыңдай аласыз.