Оралмандар Қазақстанға көшіп келгелі орыс тілін білмеу салдарынан бастап кездесетін қиындықтарды саусақпен санап жеткізу қиын дейді. Әсіресе, құжат толтыру, тіркеуге тұру мәселесі үлкен қиындықпен шешілетін алға тартып отыр. 1996 жылдан бері бірінші типтегі қант диабетімен ауыратын оралман келіншек Жамал Қызыр мүмкіндігі шектеулі жандар алатын жеңілдікке жете алмай отыр. Ол жылына бір рет ауруханаға емделіп шығады. Жамал науқасының күн санап дендеп бара жатқанын айтады. Жамал Қызыр 2006 жылы Қытайдың Үрімжі қаласынан Алматыға қоныс аударған. Жасы 48-де. Қазір Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Өжет ауылында тұрады. Жолдасы Мұхтар «Барахолка» базарының маңындағы дәретханалардың бірінде кассирлік қызмет атқарады. Айлығы – 30 мың теңге екен. Екі бала тәрбиелеп отырған Жамал Қытайда аспаз болып жұмыс істеген. Қазір қолын суға малса, саусақтары өз-өзінен тесіле бастайды. Тіпті, маса шаққан жерлері іріңдеп, жараға айналып кете береді екен.2010 жылдан бастап мүгедектікке өту туралы құжат жинап, аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына тапсырғанымен, одан еш қайран болмай отырғанын айтқан Жамал мүмкіндігі шектеулі жандар алатын жеңілдікке қол жеткізу үшін құзырлы орындардың еңбек кітапшасы міндетті түрде керек деп талап етіп отырғанын айтады. Оралман әйелдердің «Нұр-Қоныс» қоғамдық қорының атқарушы директоры Зәбира Алдабергенова Жамал Қызырдың мәселесімен төрт айдан бері айналысып, барлық құзырлы органдарға барғанын алға тартты. Оның айтуынша, Жамал жеңілідкке қол жеткізу үшін еңбек кітапшасын аштыру үшін өзі басқарып отырған қорға жұмысқа алған. Алайда ол еңбек етуге жарамсыз болғандықтан анасының орнына балалары келіп жұмыс жасайтынын айтады. Зәбира Алдабергенова Жамал жеңілдік алудан күдерін үзіп, енді ол жеңілдіктің қажеті жоқ деген шешімге келгенін жеткізді.