27 шілде күні Қазақстанда жанармайдың бекітілген шекті бағасы көтерілді. Алайда жанармайды бөлшектеп саудалаушылар бағаның одан да жоғарылауын сұрап отыр. Қарапайым тұрғындар бұған қарсы, ал министрлік болса, бағаның тағы да көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Сонымен қатар олар жанармайдың бағасы шарықтамайды деп отыр. Таксист болып жұмыс істейтін Алматы қаласының тұрғыны Әділбек Бурабаев жанармай бағасының көтерілуі отбасылық бюджетке үлкен әсерін тигізді дейді. Сондай ақ ол бұл қымбаттаудың себебі Кеден Одағының құрылуында деп санайды. Қазақстандық жанармайды сатумен айналысатын компаниялар тауарларының бағасын көтеруді сұрап отыр. Егер баға көтерілмесе, бизнес құрдымға ұшырайды дейді олар. Осы уақытқа дейін көптеген кішігірім компаниялар жабылуға мәжбүр болған екен. бәріне көтерме саудагерлердің бағаны асқақтатып отырғаны кінәлі дейді кәсіпкерлер. АИ-92 және 93-ші маркалы жанармайдың бекітілген шекті бағасы 4 теңгеге өсіп, литрі 106 теңге болды. Ал АИ-80 - 86 теңгеге өсті. Бұрын ол 84 теңге болатын. Дизельді отынның құны 3 теңгеге қымбаттап, литрі 90 теңгеге жетті. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, бағаның өсуі мұнайдың Брент маркасының қымбаттауы мен көрші Ресейдегі мұнай өнімдері құнының көтерілуіне байланысты. Министр егер жанармай бекеттері бензинді бекітілген бағадан өсіретін болса, оларға заң бойынша санкциялар қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, нарықта тапшылық болмайды деді. «Біз толығымен көтерме тасымалына тәуелдіміз. Соңғы уақытта біз Ресей нарығына , ресейлік тасымалдаушыларға да қатты тәуелді болып барамыз. Бұл туралы айтылып та жүр. Біздің ақпараттар бойынша ресейлік жанармайдың тасымалы ай санап азайып барады. Осы ай ішінде мүлдем тасымал болмады деп те айтуға болады. Біздің пікірімізше, қазіргі кезде көтерме саудагерлерге бағаны қымбаттатуға ешқандай кедергі туындап отырған жоқ. Қазіргі қарауда жатқан заң жобасында көтерме бағаларды реттеу қарастырылмаған. Бұл оғаштық. Ол тек тұтынушыға қатысты бөлшек сауда бағасын ғана шектейді», - дейді "Гелиос" компаниясының маркетинг және сату бөлімінің директоры Денис Трандофилов.