Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 166 жыл толды. «Қазақтың бас ақыны -Данышпан Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазып қалдырған Қара сөздерінде қазақ халқын сынайтын, оның кей тірлігін қос көрмейтін жерлері көп. Шешендік өнердің озық үлгісіндегі тәлімі мен тәрбиесі қатар өрілген не бір өрнекті өрімдері мен терең ой толғамдарына толы қанатты сөздер арқылы қазақты бірлік пен ынтымаққа, адалдық пен адамдыққа, оқу -білімге шақырған Абайдың Қара сөздерінің әрқайсысы ақыл парасат кеніне жетелер қазына. Билікке талас, мәнсапқұмарлық, шен-шекпен қуған қазақтың "мал шашпақ" мінезі Абайдың қара сөздерінде өткір мінеліп, сын тезіне алынады. Адам баласының тіршіліктегі көп қызықтарының бірқатары жалған, мәңгілігі тек артыңда қалған ұрпағың, сол ұрпақ бойына сіңірген оң істерің, ұлағатты өнегең деген ой айтылады Абайдың ғақлияларында. Сол қазынаны қайталап оқып, қайталап тыңдаған сайын қазақтың санасына сәуле шашқан дана Абайдың шығармаларымен алғаш кездескендей боласыз. Азаттықтықтың алтын сандығы қорында дыбысталып, таспаға жазылған Абайдың ғақлия сөздері сақталған. Оқитын Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гүлжамал Мұқажанқызы. Қанеки, әр күнімізді Азаттықтың әуе толқынындағы Абай оқулары күніне айналдырайық.