Accessibility links

Омбудсменнің Атабек жайлы ұстанымын сынады


Арон Атабек сотта тұр. Алматы, 2007 жылдың қазаны.
Арон Атабек сотта тұр. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

Астанадағы адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық пен түрме жүйесі өкілі тұтқындағы ақын әрі диссидент Арон Атабектің құқығы бұзылмаған деп санайды. Құқық қорғаушылар омбудсмен позициясын сынайды.

«Ар. Рух. Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың тұтқын ақын әрі дисидент Арон Атабектің (Арон Едігеевтің әдеби лақап аты) жағдайына қатысты хатын жариялады. Бұл – Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі өкілетті аппаратының Арон Атабектің түрмедегі жағдайына алаңдаған жергілікті құқық қорғаушылардың сауалына жолдаған жауабы. Құқық қорғаушылар ұжымдық хатында түрмеде Атабектің құқығы жиі бұзылатынын айтып, денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты оны түрмедегі емдеу орталығына жіберу қажет деп жазған.

ОМБУДСМЕН МЕН ТҮРМЕ ЖҮЙЕСІ ЖАУАБЫ

Түрме дәрігерлерінің ұйғарымына сілтеме жасаған адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың жазуынша, Павлодардағы тергеу абақтысына келген кезде Арон Атабекке «Ремиссия сатысындағы созылмалы геморрой. Бел омыртқасының остеохондрозының бәсеңдеуі. Жүректің ишемиялық дерті. Церебросклероз» деген диагноз қойылған.

Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың Арон Атабек жайлы хаты.
Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың Арон Атабек жайлы хаты.

Вячеслав Калужный «Тұтқын А.Едігеевті тергеу абақтысының кезекші дәрігері күнделікті тексереді. Оның денсаулығы қанағаттанарлық, мекемеде болған кезде бірнеше мәрте амбулаторияда емделген, мекеменің медициналық бөлімінде толық медициналық бақылауда» деп жазады.

Бұдан ертеректе Арон Атабектің баласы Асқар Айдарханның сауалына түрме бастығы да осындай жауап жазған. Шілденің басында әкесімен кездесуге барған Асқар Айдархан оның түрмедегі жағдайын азаптауға теңеуге болатынын айтқан еді.

Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың хатына қарағанда, Павлодар облысы қаржы полициясы департаменті Арон Атабекті азаптау және қатігездік әрекеттеріне қатысты шағымдарды тексеріп, «қызметкерлердің әрекетінен қылмыс құрамын таппадық» деген уәжбен қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Омбудсмен аппараты жауабында Арон Атабек заңды бұзған деп көрсетілген. «Сотталған А.Едігеевтің жеке ісіне қатысты материалдарды тексерген Павлодар облыстық прокуратурасы оның тергеу абақтысында жазасын өтеу режимін бұзғаны үшін қылмыстық-атқару заңдарда қарастырылған нормаларына сәйкес 10 рет тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын анықтады. Тәртіптік жаза қолдану заңдылығын тексеру барысында заң бұзушылық анықталмады» деп жазылған жауапта.

Вячеслав Калюжныйдың Бақытжан Төреғожинаның атына жолданған хатының түпнұсқа екенін Астанадағы ұлттық адам құқығы орталығы қызметкері Гүлмира Ауқашева растады.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі жетекшісі полковник Ғалымжан Хасенов бұл хатты көрмеген. Бірақ ол «егер тергеу абақтысының бастығы Атабектің туыстарына мекеменің медициналық бөлімінде толық медициналық бақылауда деп жазса, солай болғаны» деп есептейді.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР РЕАКЦИЯСЫ

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділердің ұжымдық хаты елдің бас омбудсмені Асқар Шәкіровтің атына жазылған. Ол азаптауға қарсы ұлттық превентивті механизмнің координациялық орталығын қоғамдық негізде басқарады. Бұл – түрмелердегі азаптау әрекеттері туралы шағымдарға мониторинг жүргізу және оларды тексеруге көмектесу үшін құрылған жаңа институт.

Хат авторлары омбудсменнен Арон Атабектің жағдайына шұғыл араласып, оған арнайы баруды ұйымдастыруды, оны жұрт «санитарлық қалашық» атап кеткен түрме-медициналық қалашыққа ауыстыру үшін шұғыл шаралар қолдануды сұраған.

Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың жауабына азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожинаның көңілі толмайды. Оның айтуынша, мұндай жауап омбудсмен аппаратының Ақордаға толықтай тәуелді екенін көрсетеді.

Бұл – бүкіл жүйенің реакциясы, ал омбудсмен институты – бұл жүйенің бір бөлігі ғана.
Татьяна Чернобиль.

Адам құқығы саласындағы халықаралық құқық бойынша тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобиль Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл жауаптан омбудсменнің өз позициясы көрінбейді. Ол «омбудсменнің ҚАЖК, прокуратура және қаржы полициясынан Арон Атабектің жағдайы туралы сұратқаны сияқты, мемлекеттік органдарға жолдаған сауалына жауап алған соң мұндай жауапты кез келген орындаушы жаза алады» дейді.

– Бұл – бүкіл жүйенің реакциясы, ал омбудсмен институты – бұл жүйенің бір бөлігі ғана, – деп түсіндіреді Татьяна Чернобиль.

Оның айтуынша, Қазақстанда омбудсмен институты тәуелсіз болса, омбудсмен халыққа жақсы көрінгісі келетін ресми органдардың хабарламаларына сенбей, Арон Атабектің жағдайына көз жеткізу үшін түрмеге өзі баратын еді.

61 жастағы Арон Атабек түрмеде өткізген сегіз жылдың ішінде «санитарлық қалашыққа» бірде-бір рет жіберілмеген. Сотталған диссиденттің баласы Асқар Айдарханның айтуынша және Арон Атабектің құқық қорғау ұйымдарына жазуынша, соңғы екі жылда оның денсаулығы күрт нашарлап кеткен.

Бірнеше құқық қорғау ұйымдары "Саяси қуғын көрушілер" деп таныған азаматтар: бірінші қатар (солдан оңға) - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар (солдан оңға қарай) - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. (Фото коллаж). 28 мамыр 2013 жыл.
Бірнеше құқық қорғау ұйымдары "Саяси қуғын көрушілер" деп таныған азаматтар: бірінші қатар (солдан оңға) - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатар (солдан оңға қарай) - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. (Фото коллаж). 28 мамыр 2013 жыл.

Осы уақыт ішінде Арон Атабек екі мәрте «түрме ішіндегі түрмеге» қамалып жазаланған, яғни хат-хабар алу-жіберу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт бір кісілік камераға қамалған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Атабектің өзінің сөзінше, оны «әр жолы жағдайы ең нашар жерге ауыстырып отырған». Баласының айтуынша, тергеу абақтысы арқылы Арон Атабекке жолданған ақша жетпейді. Өйткені түрме әкімшілігі оларды кері қайтарып жібереді, ал тұтқынның атына есеп-шот белгісіз себептермен әлі күнге дейін ашылмаған.

Диссидент ақын Арон Атабек 2010 жылы халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» сыйлығын алған. Ол – оппозициялық күштердің «Азаттық» сыйлығының 2007 жылғы лауреаты. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныды. Арон Атабек пен тағы үш азамат 2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деп тапқан үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты қылмыстық сипаттағы айыптармен сотталған. 18 жылға сотталған Атабек әлі 10 жыл жазасын өтеуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG