Жуырда 61 жастағы тұтқын диссидент, ақын Арон Атабектің туыстарына түрме бастығынан жауап келді. Онда Атабектің белгілі бір аурулары болғанымен, денсаулық жағдайы «қанағаттанарлық» екені жазылған.
Ал Арон Атабектің өзінен құқық қорғау ұйымына, керісінше, денсаулығына байланысты проблемалардың бар екені жазылған хат келді.
АРОННЫҢ «ЭЗОП ТІЛІ»
Диссидент ақын Арон Атабектің Павлодар тергеу изоляторынан жазған хаты осы аптаның соңында азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожинаның Facebook-тегі парақшасына жарияланды. Хат шілденің 14-і күні жазылған және екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде Атабек денсаулығын түрме басшылығының «ғарышкерден кем емес» деп ойлайтынын эзоп тілімен жазған. Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан «Түрме әкімшілігі оны сап-сау, тіпті ғарышқа ұшуға жарайды деп санайды» деп түсіндіреді.
Хатта жазылғандай, түрме әкімшілігі Атабекке «жас, алайда ауру тұтқындардың көп екенін, сондықтан Семейдегі санитарлық қалашыққа (түрме ауруханасы – ред.) емделуге кәрі, бірақ сап-сау (түрме әкімшілігінің ойынша) бұл емес, солардың жіберілуі тиіс» екенін айтқан. Диссидент енді денсаулығы жайлы ешқайда және ешкімге шағынбайтынын жазған.
Түрме әкімшілігінің мұндай қарым-қатынасын Арон Атабек хатының екінші бөлімінде өлеңмен сипаттайды. Онда екі шығарма жазылған: «Циклоптың көзі» және «Орда-orдinium немесе Ақындардың бастары». Бірінші өлеңі мемлекеттегі жаппай цензура жайында. Ал екіншісінде «режимге өзінің басы мен оң қолының (әшкерелеуші өлеңдер жазбас үшін) қажет екенін» жазған.
ТҮРМЕ БАСТЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Асқар Айдарханның жазбаша сауалына берген жауабында Павлодар тергеу изоляторының бастығы, полковник Ернұр Саспанов «Медициналық сараптамаларға сәйкес, Арон Атабек ВИЧ-инфекция жұқтырмаған, қант диабетімен ауырмайды. Тыныс алу органдарының аурулары және бел остеохондрозының асқынуы кезінде емделген» деп жазады. Тұтқынның туыстары оны кешенді медициналық тексеру мен емделуге жіберуді сұраған.
Ернұр Саспанов «Мекеменің кезекші дәрігері оны осында келген сәтінен бастап бүгінге дейін таңғы және кешкі тексеру кезінде күнделікті қарайды. Қазір айыпкердің жағдайы қанағаттанарлық» дейді.
Түрме бастығының жауабын Арон Атабектің туыстары «санитарлық қалашық аталатын емдеу орнына жіберуден біржола бас тарту» деп бағалайды.
Асқар әкесін шілденің 2-сі күні көрді. Құқық қорғаушыларға танымал саяси тұтқын Арон Атабекке кездесу сирек және аз уақытқа беріледі. Ұлының айтуынша, Арон Атабек едәуір арықтаған, аяғын сылтып басады; оған қоса, омыртқасы мен сол көзі қатты ауырады. Арон Атабектің қамаудағы жағдайын Асқар Айдархан «азаптау» деп бағалап отыр.
«Жауап хат Арон Атабектің емделу үшін Семейдегі санитарлық қалашыққа жіберілмейтінін білдіре ме?» деген сауалдың жауабын Тергеу изоляторының бастығы Ернұр Саспановтың өзінен білудің сәті түспеді. Изолятор кезекшісі 15 минуттан соң қоңырау шалуымызды өтінді. Қайта хабарласқанымызда, Ернұр Саспановтың мекемеде жоқ екенін айтты.
«Ар.Рух.Хақ» құқыққорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Азаттыққа «Бұрындары денсаулығына шағым айтып көрмеген Арон Атабек секілді қайратты жан хатында денсаулық проблемаларын айта бастаса, аурудың оны шынымен де қажытқаны» дейді. Оның айтуынша, Арон Атабектің денсаулығы жайлы Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері де шағым айтқан. Олар осы айда тұтқынмен кездескен еді.
- Сондықтан «Аронның денсаулығы жақсы» деп жазған түрме бастығының жауабына емес, Арон Атабектің хатына көбірек сенемін, — дейді Төреғожина.
Сондықтан мен «Аронның денсаулығы жақсы» деп жазған түрме бастығының жауабына емес, Арон Атабектің хатына көбірек сенемін.
Оның айтуынша, құқық қорғау ұйымы тұтқындардың денсаулықтары жөнінде жолдаған сауалдарына түрме бастықтарынан Асқар Айдархан алған жауапқа ұқсас хаттар алады.
Бақытжан Төреғожина «Тағы бір саяси тұтқын Вадим Курамшиннің денсаулығы жайындағы сауалымызға да дәл сондай жауап алдық. Бізге оның жағдайының жақсы екенін хабарлады» дейді.
Сотталғандар құқығын қорғаумен танылған тұтқын Вадим Курамшин сол кезде (хат келген шілде айында – ред.) Семейдегі түрме емханасында болған еді. Енді ол Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге кері жөнелтіледі.
61 жастағы Арон Атабек түрмеде өткізген сегіз жылдың ішінде абақты ауруханасына бірде-бір рет жіберілмеген. Алайда осы уақыт ішінде ол екі мәрте «түрме ішіндегі түрме» шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Атабектің өзі айтқандай, «әр жолы жағдайы ең нашар жерге ауыстырып отырған».
2010 жылы диссидент ақын Арон Атабек халықаралық «Шығармашылық еркіндігі» сыйлығына лайық деп танылған. Ол – 2007 жылғы оппозициялық «Азаттық» сыйлығының лауреаты. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныды.
Арон Атабек пен тағы үш азамат 2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деп тапқан үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты қылмыстық сипаттағы айыптармен сотталған. 18 жылға сотталған Атабек әлі 10 жыл жазасын өтеуі тиіс.