Ердоғанның жеңісі
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған елде алғаш рет төте дауыс беру жолымен өткен президент сайлауында жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының басшысы Сади Гювен алдын-ала нәтижелер бойынша, дауыс берудің алғашқы кезеңінде Ердоғанның жеткілікті дауыс жинағанын хабарлады. Соңғы мәліметтер бойынша, сайлаушылардың 52 пайызы Режеп Тайып Ердоғанды қолдаған, оның басты қарсыласы Экмеледдин Ихсаноглу 38 пайыз дауыс жинаған. Ихсаноглу жеңілгенін мойындаған. Сайлаудың ресми қорытындысы 11 тамыз күні жарияланады. «Әділет және даму» партиясының жетекшісі Ердоған түрік үкіметін 2003 жылдан бері басқарып келеді. Сарапшылар бұған дейін Ердоған жеңіске жетсе Түркияда саяси биліктің сипаты өзгеруі мүмкін деген болжам айтқан.