Accessibility links

ЕАЭС-ті мақұлдаған мәжілісті сынау күшейді


Еуразия экономикалық одағына қарсы алматылықтардың бірі. Көрнекі сурет
Еуразия экономикалық одағына қарсы алматылықтардың бірі. Көрнекі сурет

Еуразия экономикалық одағы келісімін мақұлдаған мәжілістің әрекетін сынаған әлеуметтік желі қолданушылары «сатқындық» сөзін жиі жазды.

Соңғы бірнеше күн ішінде қазанның 1-і Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы арасындағы Еуразия экономикалық одағы келісімін мақұлдап, сенатқа жолдаған Қазақстан парламенті мәжілісін сынау әлеуметтік желілерде күрт күшейді.

Мемлекеттік БАҚ келісімнің «тепе-тең дәрежеде құрылғанын» және «Қазақстанның одақтан кез-келген уақытта шығу мүмкіндігі барын» барынша басымырақ көрсетіп жатса, әлеуметтік желіде оған қатысты сыни пікірлер көп жазылды.

Көпшілік заң жобаларын «бір ауыздан қолдау» - қазақстандық депутаттардың әдеті. Бірақ мәжілістің бұл жолғы «ауызбіршілігі» қоғам назарына ерекше ілінді. Наразы реакция негізінен әлеуметтік желіде байқалды. Жүздеген қолданушы халық арасында қаншама сыни пікірлер мен күмән айтылып жатқанына қарамастан бірде-бір депутаттың қарсы дауыс бермегеніне өкініш білдірді. Олардың кейбірі әлеуметтік желідегі парақшаларына келісімді жақтап дауыс берген депутаттардың тізімін шығарып қойды.

«Бүгін депутаттар бірауыздан қазақ халқын сатып жіберді, сонысымен құттықтаймын. Демократияны ойнап көрдік, енді қайтадан коммунизм құру керек. Барлығы ортақ болады: бір көзқарас, бір пікір...» деп кекесінмен жазды Serik Tursun есімді қолданушы Facebook желісінде.

"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті
"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті

Осы желідегі Zhanna Bota есімді қолданушы депутат Мәулен Әшімбаевтың қыркүйек айында «келісімді желтоқсанның 10-ына дейін әлі талқылаймыз» деген сөзін еске салып, депутаттарды «батылы жетпегендіктен ақырына дейін шыдамай халық мүддесін Кремльдің мүддесіне жығып бере салды» деп сынайды.

«Біз қазақтар сіздердің арсыз заңдарыңыздан әбден мезі болдық – 1990 жылдары мақтаныш көрген конституциямызды қайта жаздыңыздар, халыққа тиесілі мұнай мен өзге де ресурстарды тартып алып, кедейшілік пен озбырлық көрсетіп отырсыздар. Бүгін бізді абырой сезімімізден айырдыңыздар, бас бостандығымызды Кремль табанының астына салдыңыздар. Мейлі зығырданым қайнап, жасқа тұншығайын, бірақ халқым сіздердің сатқындықтарыңыздан күштірек және біз мұны түзейміз» деп жазды Zhanna Bota.

Алия Алипова есімді қолданушы «президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тағдырына өз меншігіндей иелік етті, лайықты ел көшбасшысы бола алмады» деп санайды.

Бүгін бізді абырой сезімімізден айырдыңыздар, бас бостандығымызды Кремль табанының астына салдыңыздар.

Facebook желісінде осы тәріздес пікірлерін қолданушылар #Халыққақарсы келісім атты хэштегпен жазып таратты. Олар «тәуелсіздік үшін шын күрес енді басталғанын, қарсыласуды жалғастыра беретінін» жазды.

Келісім қабылданған күні бірқатар саяси сарапшылар Азаттыққа бұл одақтың саяси жағынан да, экономикалық жағынан да Қазақстан үшін зардапты болатынын айтқан. Ал бұл күні жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында депутат Мәулен Әшімбаев: «Елбасы айтқандай болашақта осы келісім жүзеге аспай жатса немесе біздің бір құқықтарымыз бұзылып жатса, әсіресе біздің ұлттық мүдделерімізге сай келмей жатса, осы келісімнің ішінде осы келісімнен шығуға мүмкіндік беретін нормалар бар» деп бұған дейін президенттің айтқан сөзін қайталаумен шектелген. Қазақстан билігі ЕАЭО құру арқылы жергілікті кәсіпкерлер капитал мен тауар еркін айналатын ыңғайлы экономикалық кеңістікке қол жеткізеді деп мәлімдеп келеді.

Әзірге сенаттың ЕАЭО құру келісімін қашан талқылайтыны белгісіз.

Биыл мамыр айының 29-ы күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин ЕЭО құру туралы келісімге қол қойған еді. Келісім үш мемлекеттің парламенті бекіткен соң 2015 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG