Accessibility links

Қызылордада даулы үйді тағы сүргізбеді


«Мемлекет мұқтаждығына қажет» деп танылған Үмітгүл Әлмағамбетованың үйінің жанында тұрған адамдар. Қызылорда қаласы. 25 қазан, 2014 жыл.
«Мемлекет мұқтаждығына қажет» деп танылған Үмітгүл Әлмағамбетованың үйінің жанында тұрған адамдар. Қызылорда қаласы. 25 қазан, 2014 жыл.

Қызылорда қаласының шетіндегі «мемлекет мұқтаждығына қажет» деп танылған Үмітгүл Әлмағамбетованың баспанасы сүруге сенбі күні сот орындаушылары тағы келгенімен, үйді сүруді бұл жолы да кейінге қалдырды деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Үй сүру үшін арнайы техника алып келген сот орындаушыларын үй иесі және көрші-қолаңдар сыртта қарсы алды. Олармен бірге жүрген, өзін «Нұр Отан» партиясының бақылау комиссиясының қоғамдық мүшесімін деп таныстырған Ғани Әлиев «сүрілетін үйге өтемақы төлемеу жайлы сот шешімі дұрыс емес» деген пікір білдірді.

Үй жанында жиналған адамдарды көрген сот орындаушылары біраз уақыт тұрған соң «сот шешімі бәрібір орындалуы тиіс» екендігін және келесі аптада келетіндерін айтып кетіп қалды. Бірақ үй иелері жұрт тарап кеткеннен кейін сот орындаушылары қайтып келе ме деп алаңдайды. «Жұма күні кешке кеткен соң, түнгі сағат 10-нан кейін қайта келді, біз журналистерді шақырамыз деген соң кетіп қалды» дейді үй иесі.

Үмітгүл Әлмағамбетованың үйі. Қызылорда, 25 қазан 2014 жыл.
Үмітгүл Әлмағамбетованың үйі. Қызылорда, 25 қазан 2014 жыл.

24 қазан күні сот орындаушылары үйді бұзбақ болғанымен, олар ертіп келген трактор жүргізушісі үйді бұзудан бас тартып, кетіп қалған еді.

Қызылорда қаласының шетіндегі бұрынғы «Дачный» деп аталатын аймақта орналасқан зейнеткердің үйін сот «Батыс Еуропа - Батыс Қытай күрежолы салынатын аумақта орналасқандықтан мемлекетке қайтарылуы тиіс» деген шешім шығарған. Әлмағамбетованың адвокаты Мұхамедқали Мадияров сот шешімімен келіспейтіндерін айтып отыр.

Жергілікті билік орындары үйді сүру туралы сот шешімі «заңды» дейді.

XS
SM
MD
LG