Қазақстан қазанның 30-ы күні БҰҰ-ның Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңесінде елдегі соңғы төрт жылдағы адам құқығы мәселесіне қатысты әмбебап кезеңдік есебін берді. 20 минутқа созылған есепте «адам құқықтары мен бостандығы Қазақстанның ең жоғарғы құндылығы болып табылатыны» да, «халықаралық келісімшарттар ұлттық заңдарға қарағанда басымдыққа ие екені» де айтылды.
АСТАНАНЫҢ ЕСЕБІ
Жиында Қазақстан әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова елінің «дамыған демократияға, заң үстемдігіне, барлық азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауға ұмтылысы «Қазақстан – 2050» стратегиялық құжатында көрсетілгенін» баяндады. Оның сөзінше, бұл құжаттың арқасында «елдің экономикалық потенциалы екі есе өскен, қазақстандықтардың табысы 16 есе артқан».
Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесіне бұған дейін де бір рет, 2010 жылы есеп берген. Ол кезде Қазақстанға адамды азаптау мен зорлық көрсетуді тыю, бейбіт жиындарға рұқсат беру, сөз бостандығын қамтамасыз ету, ұлттық азшылықтар құқығын қорғау, наным-сенім еркіндігін қолдау жөнінде жиыны 52 ескерту айтылған еді.
Бүгінгі жиында сөйлеген Қазақстан өкілі Эльвира Әзімова Астананың ол ұсыныстарды ескергенін, «бейбіт жиындарға қатысты әрқашан диалогқа ашық» екенін айта келе:
– «Діни ұйымдар туралы» заң, біздіңше, ешкімнің құқығы мен сенім-нанымын шектемейді... Қазақстан өз заңдарын жақсартуды әлі де жалғастырады, – деп мәлімдеді.
Қазақстан білім министрлігінің өкілі елінің 1994 жылы Балалар құқығы жөніндегі конвенцияға қосылғанын, мемлекет заңдары бойынша елде бала саудасына тыйым салынғанын, жаңа қылмыстық кодексте кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілік күшейгенін айтты.
Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстанда 2015-2020 жылдарға арналған адам құқықтары жөніндегі жаңа іс-әрекеттер жоспары дайындалып жатқанын хабарлады.
БҰҰ КЕҢЕСІНІҢ ҰСЫНЫСЫ
Жиында кеңес құрамына кіретін 47 елдің 70-тен аса өкілі Қазақстанның есебіне қатысты ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Олар негізінен Қазақстанның есебіне көңілдері толатынын, Астананың адам құқығы жөніндегі жұмыстарына риза екендерін мәлімеді.
Шетелдік делегаттардың кейбірі Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне, әйелдер мен балалар құқығына баса назар аударуы керек екенін де сөз етті.
Қазақстан БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарау керек.
Тек бірнеше мемлекет өкілдері Қазақстанды бірқатар заңдарын қайта қарауға шақырды. Мәселен, Эстония, Финляндия, Нидерланд, Норвегия және Чехия делегаттары «Қазақстан БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарау керек» деп біледі.
Австрия өкілі қазақстандық құқық қорғаушы Зинаида Мухортованың бірнеше рет еркінен тыс психиатриялық ауруханаға жатқызылғанын Астана өкілдерінің есіне салды. Австралиялық делегат Қазақстанды баспасөз еркіндігін қамтамасыз етіп, журналистердің кәсіби қызметін шектемеуге кеңес берді.
Қазақстанның БҰҰ-да өткен есеп беруінде АҚШ, Ұлыбритания, Сербия, Португалия, Оңтүстік Корея өкілдері бұл елдегі әйелдердің құқықтарын жақсартуға, оларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту шараларын қабылдауға үндеді.
Ал Словения Қазақстанды өлім жазасына мораторий жариялағанын қолдайтынын айтып, алда өлім жазасын мүлдем жою керегін ескертті.
Ресей өкілі Қазақстанды бала құқығы жөніндегі жеке орган құруға, мүгедектер құқығы туралы конвенцияға тезірек қосылуға шақырды. Ол Қазақстанның «қылмыстық заңнамаларды ізгілендіріп жатқанын» айтып, оны ары қарай да жалғастыруды және сот-құқықтық реформаларды бұдан ары жүргізе беруге үндеді.
«БІЗДІҢ СӨЗ ЕСКЕРІЛМЕЙ КЕЛЕДІ»
Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Роза Ақылбекованың пікірінше, Астана өкілдерінің БҰҰ кеңесінде өткен есеп беру рәсімі қатаң болмаған.
– Кеңеске қатысушы делегаттардың барлығы – мемлекеттік орган қызметкерлері. Олар әдетте артық сұрақ қоймайды, себебі Қазақстан делегаттарының да дәл өздері секілді мемлекеттік орган қызметкерлері екенін біледі, – деді құқық қорғаушы.
Ол БҰҰ-дағы шетелдік делегаттардың қазақстандық есеп беруші ресми тұлғаларға айтқан бірнеше ескертуін «кішігірім жеңіс» деп бағалайды.
– Қазақстан билігіне Женевадағы делегаттар айтқан ескертулерді біз де айтып жүрміз. Алайда біздің айтқанымыз ескерілмей келеді, – дейді Қазақстанның адам құқығын қорғау ісінде ілгерілеу бар екенін айтқан Роза Ақылбекова.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмыс тобы Қазақстанның бүгінгі есебіне қатысты қорытындыны қарашаның 3-і күні кешке жасамақ.