Accessibility links

Белсенділер Қазақстандағы адам құқығы туралы БҰҰ-да айтты


"Мемлекет қажетіне" жер алуға қарсылық акциясында балалар Қазақстан конституциясынан үзінді жазылған плакат ұстап тұр. Астана, 28 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
"Мемлекет қажетіне" жер алуға қарсылық акциясында балалар Қазақстан конституциясынан үзінді жазылған плакат ұстап тұр. Астана, 28 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Женеваға адам құқығы туралы балама есеп әкелді. Олар Қазақстан билігінің бұл бағыттағы жұмысын сынайды. Ал Астана өзінің ресми есебін ұсынбақ.

Қазанның 6-сы мен 9-ы аралығында Женевада Универсалдық кезеңдік шолу жиыны өтіп жатыр. Бұл жиын - БҰҰ-ға мүше 192 елдің адам құқығы саласындағы міндеттемелерін орындауына қатысты сессияның алдында өтетін басқосу.

Женевадағы жиынға Астанадағы «Құқықтық медиаорталық» ұйымы заңгері Гүлмира Біржанова қатысып жатыр. Құқық қорғаушының Азаттық тілшісіне айтуынша, қазақстандық ҮЕҰ өкілдері кеңестер алу үшін түрлі делегациялармен кездесу өткізбек.

Гүлмира Біржанова «Қазақстандағы сөз еркіндігіне қатысты бұдан бұрын берілген ұсыныс-кеңестердің бәрі қабылданғанымен, бірі де орындалмады» дейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстан адам құқығы бюросы сайтында Қазақстаннан негізгі баяндамашылар ретінде Қазақстандағы адам құқығы бюросы кеңесі төрағасы Евгений Жовтис, Қазақстан балалар қоры төрайымы Эльвира Ватлина, халықаралық құқық саласы бойынша тәуелсіз сарапшы әрі Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалиция мүшесі Татьяна Чернобиль, Article 19 ҮЕҰ өкілі Рината Әлімбекова; Freedom House – Kazakhstan ҮЕҰ өкілі Виктория Тюленева қатысады деп хабарланған.

Қазанның 6-сы - форумның алғашқы күні сөз сөйлеген Евгений Жовтис Қазақстандағы еркіндік және саяси құқық ахуалы туралы баяндама жасады. Құқық қорғаушы 2011 жылғы кемінде 16 адам қаза тапқан Жаңаөзен оқиғасын да еске салды. Жовтис БҰҰ кеңесі мүшелерінен Қазақстан билігін елдің ішкі заңдарын халықаралық стандарттар мен принциптерге сәйкестендіруге шақыруды сұрады. Оның айтуынша, Қазақстанда қабылданған кейбір заңдар бұл жағдайды нашарлатып жіберген.

Қазақстанда азаптауға қатысты шағымдардың толық тексерілмейтінін айтқан Татьяна Чернобиль азаптаудан арылу мәселелері туралы туралы баяндады.

Freedom House – Kazakhstan директоры Виктория Тюленева.
Freedom House – Kazakhstan директоры Виктория Тюленева.

Қазақстандағы азаматтық еркіндік пен саяси құқық проблемасы туралы есебін таныстырған Freedom House – Kazakhstan басшысы Виктория Тюленева БҰҰ кеңесі мүшелерін проблема мен оны шешу жолдары көрсетілген нақты ұсыныс-кеңестер беруге шақырды.

Қазақстан үкіметі адам құқығы туралы есебін қазан айының аяғында таныстырады. БҰҰ-ның Универсалдық кезеңдік шолуы аясында Қазақстан екінші рет есеп бермек. БҰҰ-ның адам құқығы комитеті – елде Қазақстан азаматтары жүгінетін жоғарғы заң инстанциясы қалмаған жағдайда, ел үкіметінің үстінен ресми шағымдана алатын жалғыз халықаралық орган. «Азаматтық және саяси құқық туралы пактіге» Қазақстан 2009 жылы түпкілікті қосылған. Кейінгі жылдары БҰҰ комитеті Қазақстанның бірнеше азаматын қолдап, ресми Астананы олардың істерін қайта қарауды міндеттеген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG