«Салық төлеуден жалтарды» деп айыппен тұтқындалған Сергей Магнитский «Матросская тишина» тергеу абақтысында қайтыс болды. Оның өлімі, ресми түрде, «жүрек талмасынан болды» деп хабарланды.
Белсендінің анасы мен құқық қорғаушылар «Магнитский шындығында тиісті медициналық көмек көрсетілмей, абақтыдағы азаптауға парапар ауыр жағдайдан қаза тапты, тіпті қастандық жасалуы да мүмкін» деп санайды.
Сергей Магнитскийдің ісіне қоғам назары ол қаза болардан бұрын-ақ ауған еді. Өйткені әріптестері оны абақтыға қамау мен қудалауды «салық ведомствосы басшыларының бюджет ақшасын жымқыру схемасын әшкерелеуге тырысуымен» байланыстырған.
Журналист Зоя Светова Азаттық радиосына берген сұхбатында Сергей Магнитскийдің Hermitage Capital компаниясының аудиторы болғанын айта келе:
– Уильям Браудер (Hermitage Capital басшысы – ред.) Ресей билігіне көп кедергі келтіріп жатқан. Сондықтан осы фирмамен жұмыс істеген Сергей Магнитскийді түрмеге кепіл ретінде қамады. Магнитскийді Браудерді жазалау үшін абақтыға жапты. Браудерге қарсы түсінік алу керек болған. Сол түсініктер негізінде билік Браудерді соттауы керек еді. Ал ол кезде Браудер Ресейден кетіп қалып, оны тұтқындау мүмкін болмады. Магнитский ішкі істер министрлігі (ІІМ) қызметкерлерінің салық инспекциялары көмегімен қосымша құн салығын қайтаруға қатысты алаяқтық әрекеттерін әшкереледі. ІІМ қызметкерлері миллиардтаған соманың қосымша құн салығын қайтарудың заңсыз, алаяқтық схемасын жасаған. Ал олардың тасасында жоғары жақтағы біреулердің тұрғаны даусыз. Магнитский қосымша құн салығын қайтарудың осы алаяқтық схемасын әшкерелеп, бұл туралы тергеу органдарына жазған. Ол құзырлы мекемелер әлгі адамдарды ұстайды, тергеу амалдары басталады деп ойлаған, бірақ мұның орнына өзін түрмеге қамап, Браудерге қарсы түсінік беруге мәжбүрледі. Түсінік беруден бас тартқан ол ақыры түрмеде қаза тапты, - дейді.
Сергей Магнитскийге «Hermitage Capital қорына Ресей бюджетіне 500 миллион рубль салықты төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін амал ойлап тапқан» деген айып тағылды.
Ал шындығында қор иелігіндегі компанияға мүгедек жандарды жұмысқа алғаны үшін салық жеңілдігі заңды түрде берілген. Мұндай амал кәсіпкерлердің мүгедектерді шын қолдау ниетін білдірмеуі мүмкін, бірақ салық төлемдерін қысқартудың кең тараған түрі болып саналады.
Өзі мен әріптестеріне тағылған қылмыстық айыптарды мойындамаған Сергей Магнитский 10 күні кем бір жылын тергеу абақтысында өткізді.
Көңілімізде «Матросская тишина» абақтысында не болғаны сол күйі белгісіз болып қала ма деген күдік немесе тіпті қорқыныш ұялады.
Түрмеде отырған мерзім ішінде ол абақтыдағы ауыр жағдайы, дәрігерлердің медициналық көмек көрсетуден бас тарту әрекеттері мен өміріне төнген қауіп туралы 100-ден аса шағым түсірген. Ал тергеу абақтысы басшылығы осы шағымдары негізінде оның «ақыл-есінің дұрыстығын» анықтаумен айналысып жатқан кезде Сергей Магнитский қайтыс болды.
Магнитскийдің қалай қайтыс болғаны туралы жайттар әлі күнге белгісіз. Тергеу амалдары кезінде ресми диагноздың өзі өзгеріп кеткен. 2009 жылы қарашаның 16-сы күні толтырылған оның өлімі туралы актіде әуелі Сергей Магнитский «панкреатиттің асқынуы және бас сүйек пен ми зақымы диагнозы салдарынан қозған токсикалық шок пен жедел жүрек талмасынан қайтыс болды» деп жазылған. Ал сот кезінде бас сүйек пен ми зақымы туралы айтылмады.
Сергей Магнитский өмірінің соңғы күндерін бүге-шігесіне дейін зерттеуге тырысқандардың бірі - тұтқындардың жағдайын бақылайтын қоғамдық комиссия мүшесі Людмила Альперн.
– Магнитскийдің өліміне қатысты жайттарды тексеруге көп уақытымызды арнадық. Тобымыздың бір бөлігі - «Бутырка», ал екінші бөлігі «Матросская тишина» абақтысында жұмыс істеді. Мен «Матросская тишина» абақтысында жұмыс істедім. Не болғанын анықтауға тырысып, бір апта бойы күн сайын түрмеге барып, қызметкерлермен, дәрігерлермен сөйлесіп жүрдік. Күн сайын бұрынғы фактілермен қиыспайтын жаңа деректер алып отырдық. Бүкіл ақпаратты жинап болып салыстырғанда, әлгі фактілерді қиыстыра алмайтынымызды түсіндік. Көңілімізде «Матросская тишина» абақтысында не болғаны сол күйі белгісіз болып қала ма деген күдік немесе тіпті қорқыныш ұялады, - дейді ол.
Людмила Альперннің айтуынша, «тұтқындардың құқығы ең алдымен оларға деген сенімсіздік салдарынан бұзылады».
– Түрмеде бір жерің ауырып тұрғанын дәрігерге дәлелдеу өте қиын. Пенитенциарлық жүйе дәрігерлері мен қызметкерлері "жазадан жалтаруға тырысқан тұтқындар ауырдым деп өтірік айтады, тіпті әдейі ауырады" деп ойлайды. Дәрігер сенбесе, медициналық көмек алу өте қиын. Камераға қамалған тұтқындарға көмек көрсете алатын біреуді шақыру - үлкен проблема. Олардың шағымын ешкім елемей қоюы мүмкін. Оның үстіне түрмеде тиісті медициналық көмек көрсетуден бас тарту сияқты жайттар қысым немесе азаптау құралы ретінде қолданылуы мүмкін. Меніңше, Сергей Магнитский дәл осындай күйге түскен. Оған медициналық жәрдем көрсетпеген немесе қысым жасау үшін жеткілікті дәрежеде ем жасалмаған, - дейді Людмила Альперн.
Бас прокуратура Магнитскийдің қазасына байланысты «медициналық көмек көрсетпеу» және «салақтық» баптары бойынша іс қозғады. Бүкіл кінәні Магнитский «Матросская тишина» түрмесіне ауыстырылғанға дейін отырған «Бутырка» абақтысының жалғыз дәрігеріне жапты. Бұл істі тергеу амалдарының шала-шарпы жүргізілуі журналист Зоя Светованы қайран қалдырған.
– Сот процесінде жалғыз айыпталушы «Бутырка» тергеу абақтысы бастығының медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары, дәрігер Дмитрий Кратов қана болды. Оны кейін Тверь соты ақтап шығарды. Магнитский «Матросская тишина» абақтысында қайтыс болды, ал жалғыз айыпталушы Кратов «Бутырка» абақтысының бас дәрігері болған. Меніңше, Магнитскийге тиісті медициналық көмек көрсетпей, салдыр-салақтыққа жол берген адам - ол емес, «Матросская тишина» абақтысы дәрігері Александра Гаусс. Ал ол сотқа жай куәгер ретінде келіп, жөнді ештеңе айтпады. Магнитскийдің анасының істі қайта тергеу туралы өтініші қабылданбады. Бұл істің түбінде ресми болжамнан бөлек бір шикілік жатыр, сондықтан мұның анық-қанығын ешкім тексергісі келмейді, - дейді Зоя Светова.
Сергей Магнитскийдің өлімі туралы іс 2012 жылдың аяғында жабылды. Айыпталушы ақталды. Есесіне Магнитскийді қудалау ол қайтыс болғаннан кейін де жалғаса берді. Әуелі оны қылмыстық қудалау 2009 жылы қарашаның 29-ы күні, яғни қайтыс болғанынан 13 күннен кейін заң бойынша тоқтатылды. Бірақ марқұм болып кеткен аудиторға қарсы іс 2011 жылы қайта ашылды. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы «Сергей Магнитскийді қаза тапқаннан кейін де қылмыстық қудалаудың заңдылығы күмән тудырады және билік бұл әрекетін тоқтатуы тиіс» деген арнайы мәлімдеме жасады.
Бірақ 2013 жылдың шілдесінде Сергей Магнитский марқұм айыпты деп танылды. Ал одан ертеректе тергеу комитеті Магнитскийдің анасы Наталья Магнитскаяның Ресей бас прокуроры Юрий Чайканы, ІІМ мен ФСБ (федералдық қауіпсіздік қызметі), ФСИН (федералдық жазаны орындау қызметі) қызметкерлері мен баласына «күш көрсету әрекеттеріне» қатысы бар делінген 11 судьяны сотқа тарту талабын елемей қойды.
Тергеу комитеті Наталья Магнитскаяның баласының өліміне қатысты жайттарды қайта тексеру талабын орындаудан төрт мәрте бас тартты. Сондықтан ол Еуропаның адам құқығы сотына шағымданды.
«Магнитский ісінің» саяси және адам құқығын қорғауға қатысты әсері ел ішінен гөрі халықаралық деңгейде күшті болды. 2012 жылдың желтоқсанында АҚШ-та «Магнитский тізімі» деп аталатын заң күшіне еніп, Сергей Магнитскийдің қазасына қатысы бар деп болжанған Ресей азаматтарының АҚШ-қа келуіне тыйым салынды. Олардың АҚШ банктеріндегі қаржы активтеріне қатысты санкциялар жарияланды.
2014 жылдың басында Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) мүше елдердің парламенттерін «егер Ресей билігі Сергей Магнитскийдің қазасына қатысы бар адамдардың барлығын жуық арада жауапқа тартпаса, АҚШ-тың «Магнитский актісі» сияқты заң қабылдауға» шақырды. 2014 жылдың көктемінде Еуропарламент те Еуропа кеңесін Магнитскийді қудалау мен оның қазасына байланысты Ресейдің 32 шенеунігіне виза беруге тыйым салуға және қаржы активтерін бұғаттауға шақырды. Ал Ресейдің құқық қорғау органдары Сергей Магнитскийдің арыздары бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеуді уақытша тоқтатты.